Жарқ еткен жасын ғұмыр
Көктөбе ауылының тумасы, саналы ғұмырын өнер жолына арнаған әнші, актер, режиссер Құлажанов Ермекбай Аралбайұлы жер басып жүргенде адам өмірінің жарқын белесі 75 жасқа толып, туған елімен бірге қуаныш құшағында жүрер еді. Әттең, шіркін, өмір жолы өте қысқа болды. Бар болғаны 34 жыл ғана ғұмыр кешті.
Ол табиғатынан өнер адамы болып туғандай еді. Ауылдағы қатардағы жүргізуші болып жүрсе де мәдениет ошақтарына арнайы барып, көркем өнерпаздардың өнерін тамашалауды жаны сүйетін. Жәй ғана сүйіп қоймай көрерменнің ыстық ықыласына, пайымды парасатына бөленетін. Өнерпаз болуды армандады. Жан жүрегі осындай сезіммен дүрсілдеп тұрғандықтан, Көктөбе ауылындағы Мәдениет үйіндегі «Халық театрының» белсенді мүшесі ретінде көпшілікке кеңінен танылды.
Оның өрге жүзген өнері туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбдімомын Желдібаев, Әуесхан Келгенбаев, Ахметжан Қосақов және тағы басқа да әріптестері мен көзкөргендер де кезінде әділ бағаларын берген болатын.
Сондай-ақ Ермекбай Аралбайұлының қарындасы Алматыдағы Әл-фараби атындағы ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Ләйлә Жұматайқызының ағасы жайлы «Талантымен топ жарған» атты туындысы жарық көрген еді. Біз бүгін сол кітапта жарияланған Ләйлә ханымның «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты еске алу мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Ермекбай Құлажанов… Аты аталғанда сұп-сұлу, мейірімді жүзімен, мәрт те сері, асқақ қалпымен, аңқылдаған күлкісі, алшаң басқан жүрісі, шалқып салған әнімен, хан ұлындай сәнімен сырғып келіп көз алдыма тұра қалады. «Қайран көкешім-ай, өнерпазым-ай» деген ауыр сағыныш жүрегіңді сығымдайды.
Өмірде тірліктің бақай есеп, сыбыр-өсегінен тысқары, арамдықтан ада жүріп, айналасын нұрландырып жүретін зады бөлек жандар болады. Мен бүгін көкемді еске аларда осы қасиетін сағынғаннан көзіме жас аламын. Бүгінгі жеткен уақыт биігінен саралап қарағанымда алдымен ұғынатыным, Ермекбай көкем ең алдымен таза өнердің адамы. Құлашын сермеп, құшағын жазуға, өзін өзі танытуға, тереңдетуге заманы, тағдыр-талайы, ақыры аяғы мезгілсіз жұтқан сұм ажалы мұрша бермеген тұмса талант, ашылмаған бұлақ, танылмаған дарын иесі. Табиғат берген, сүйегіне біткен сал-серілік бітімі, ерекше дауысы, сахналық, актерлік дарыны, өнер адамына тән көңілі мен мінезі, бәрі-бәрі осыны атойлап тұрушы еді.
Таланттың жолы қашанда ауыр. Шынында да, атағың алысқа жайылу үшін М.Әуезов атындағы немесе Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында қызмет істеуің немесе «Халық әртісі» болуың шарт емес. Ерекең, меніңше, аз ғұмырында өз театры, өз көрермені болған бақытты актер, әлі күнге дейін еліктеуші шәкірттері бар сахнаның саңлағы, аудан, ауыл театрларындағы сахна өнерінің қайталанбас жүйрігі. Сол бір ерте жылдарда аудан, ауыл жұртшылығының алғысына бөленіп, мәдениеттің, өнердің қарлығашындай болып, ауыл-ауылды аралап, қажымай-талмай өнер көрсеткен Ерекең және оның айналасындағы албырт та дарынды жастардың кескін-келбетін кейде сағынасың.
Ғұмырының ең мағыналы бөлігін театрға арнаған Ерекең сахналық өмірге жетпісінші жылдары Жамбыл атындағы ауыл театрындағы рөлдерімен келді. Осындағы бір кезде Омарсейіт Бірімбетов негізін қалаған халық театрында дарынды режиссердің тәлімін үйреніп, ірілі-ұсақты рөлдерде өз дарынымен көзге түсті. Осы театрдағы Ермекбай Құлажанов сомдаған рөлдерді еске алушылар әлі де табылады. Алғашқы өнер отауында Ерекең тәжірибелі актерлерден үйренуден де жалықпады. Осы жылдары оның шығармашылығының толысуына республикамызға белгілі режиссер Қадыр Жетпісбаев айырықша әсер етті.
Бұдан беріде қасындағы талантты жастармен бірге (С.Шомаев, Б.Шомаева, Е.Мәтхалықов т.б.) өз туған ауылына келіп, ұстаздары мен әріптестерінен алған білімі мен тәжірибесін іске асыруға да кірісті. Өздері іргесін қалап, өздері аяғынан тік тұрғызуына аянбай еңбек еткен қазіргі Бәйдібек ауылдық театрына бар болғаны үш-төрт жылдың айналасында «Халық театры» деген атақтың берілуіне Ерекең мен оның сол кездегі әріптес жолдастарының үлесі зор.
Ермекбай Құлажановтың шығармашылық талантының жарқырап көрінген, айырықша өзін танытқан тұсы – 1979 жылдары қазіргі Төле би ауылындағы аудандық театрға режиссер болып келген жылдары. Аудан көлеміндегі мәдени-ағарту қызметінің, үгіт бригадирлерімен алыс ауылдарды аралап жүрген кездерде өзінің тап-таза көңілі, ақжарқын қалжыңы, адал жүрегімен, жан-жақты өнерімен айналасын думандатып, көрерменін бірден баурап алатын. Аудандық театрда істеген жылдарында көптеген спектакльді тікелей өз басшылығымен дайындап, барынша режиссерлік тапқырлығымен тәнті ететін еді. Бір спектакльде сегіз-тоғыз рөл болса, соны алдымен өзі ойнап көрсетуші еді, осылайша актерларға бағыт беретін. Ойлау-түйсіну қабілеті ұтқыр, кейде «жазбайтын драматург» десе де болғандай… Сценарийді мүмкіндікке қарай өңдеп те, қысқартып та пайдалана беретін. Бірақ бәрі орынды, соншалықты шынайы шығатын.
Бұл жөнінде кешегі Ерекеңнің әріптесі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ерік Айтқожаев: «Режиссерлік таланты, талғамы зор еді. Біз ұсынған пьесаның өзін елеп-екшеп барып дайындайтын, көбісін жаратпай тастайтын. Өйткені ауылдық театрдың мүмкіндігі де шақтаулы ғой. Әлі күнге дейін бір спектакльді сахналай қалсақ, «Ерекең былай демеуші ме еді?» деп отырамыз»- десе, Зере Балқожаева: «Ерекең мені елден ерекше «Зыреке» дейтін (күліп алдық әрине). Ерекеңмен бірге біз үлкен досымызды, театрымыз өз режисерін жоғалтты. Ол нағыз шығармашылықтың адамы еді» – деп еске алады.
Ермекбай Құлажанов әр жылдары Ғ.Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», қырғыз драматургінің «Әке тағдыры», Қадыр Жетпісбаевтың «Тірі екенсің, махаббат!», О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» және тағы басқа толып жатқан ірілі-ұсақты спектакльдерді сахналады, әрі осының көпшілігінде өзі басты рөлдерді сомдады. Өмірінің соңында ауылдас қаламгер Ә.Қалдыбаевтың «Шаншар атай» атты пьесасын дайындағанымен, сахнаға шығара алмай кетті.
Ерекең бірнеше рет республика-лық, облыстық және аудандық байқаудың лауреаты, дипломаты атанған. Алған бағалы сыйлықтары қаншама!
Ауданның халық театры өміріндегі ерекше оқиғалардың бірі – С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» пьесасының режисері Ермекбай Құлажанов дайындаған қойылымы еді. Әсіресе, осы спектакальдегі Ерекең өзі сомдаған қарт бейнесінің, оның трагедиялық шынайылығы, жан тебірентер тереңдігі сол кездегі аудандық театр репертуарларындағы ең сәтті шыққан рөлдердің бірі болды. Ауыл сахналарында талай жандардың көзіне жас алғызып, тебіренткен Ерекеңнің ерекше таланты еді бұл…
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, осы бір шағын естелік арқылы Ерекеңнің рухының алдындағы асыл парызымыздың кішкентай бір үлесін орындай отырып, бауырлары мен ұрпағының атынан аудандық мәдениет бөлімінің басшылығына, жергілікті басшыларға айтар өтінішіміз де жоқ емес. Осы бір жарқ еткен жасын ғұмырында аудан мен ауыл мәдениетіне айтулы үлес қосқан, өзіндік өмір өрнегімен дараланған режиссер, актер Ермекбай Құлажановты есте қалдыру, есімін жаңғырту жөнінен өз шама-шарқына қарай игі шаралар белгіленсе дейміз. Ендігі сөзді Ерекеңнің көзін көрген әріптестері мен жора- жолдастарына, кезінде өнерін тамашалаған қалың көрермендеріне қалдырмақпын…
Ләйлә Жұматайқызы,
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты.