Ақпараттық портал

Біз бірге қызмет атқардық

Өткен жазда ауданның рухани шамшырағы-«Шу өңірі» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 90 жылдығын ыстық ықыласпен, көтеріңкі көңілмен атап өткен едік. Өйткені, төл газетіміздің тойы – ел тойы десек, артық айтқандық емес. Бәлкім, содан болар, газет тарихы туралы баспасөз ардагерлері, қоғам белсенділері, оқырман қауымның өкілдері арнайы қалам сілтегені ел есінде. Осындай жағымды жағдайда газетіміздің бұрынғы редакторы Қадырбеков Нұржан Амангелдіұлы да алғашқылардың бірі болып пайымды пікірін, толымды тұжырымын жариялаған болатын. Арада екі ай өткен соң Нұржан Амангелдіұлы кенеттен дүние салыпты деген суық хабар тез тарады. Ол кезде мен ауданнан тысқары жерде болғандықтан қабіріне бір уыс топырақ сала алмай қалған жағдайым бар. Әйткенмен, әріптесімнің, қызметтесімнің жарқын жүзі көз алдыма келіп, көңілім қатты жабырқады.
Әлі есімде, 2000 жылдың бас кезінде редакциямызға орыс тілінде жазатын қаламгер қажет деген жарнама берген едік. Ұмытпасам, ақпан айының орта тұсында рұқсат сұрап, кабинетіме бір бейтаныс жігіт кіріп келді. Байқаймын, айтар сөзін алдын ала пысықтап алса керек, өз ойын былай жеткізді: «Ағай, мен хабарландыру бойынша келіп тұрмын. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегімін. Өкінішке қарай, мамандығым бойынша қаладан жұмыс табылмады. Біраз жыл бизнеспен айналысып, уақытымды өткіздім. Енді қолыма қалам алып, жазумен айналыссам ба деген ойдамын». Нұржан дипломын көрсетіп, не айтасыз дегендей жүзіме барлай қарады. Жүрек қалауымен келген маманға: «Біз редакцияға бірден қабылдай алмаймыз. Бір ай шамасында сынақтан өту үшін берілген тапсырмаларды тиянақты орындауыңыз керек» деп ескерттім. Ол бұған «Жарайды ағай, қандай тапсырмаңыз болса да орындаймын» деп нық сөйледі.
Содан кейін Нұржан Амангелдіұлының Шу шаһарындағы «Тоғай» мөлтек ауданында тұратындығы ескеріліп, сол маңдағы тепловоз жөндеу зауытына барып қайтуын, өндірісшілердің өнімді еңбектерін насихаттауды тапсырдым. Ол өз сөзінде тұра білді. Тапсырма орындалды. Қала тұрғынына күнде аудан орталығына қатынамас үшін Шу қалалық әкімдігінің ғимаратынан бір бөлме алып бердік. Турасын айтқанда, газетіміздің Шу қаласындағы меншікті тілшісі сияқты жауапты қызметтен бастады. Кейін редакциямызға шақырып, қазақ тілінде жазылған мақалаларды орыс тіліне аударуға бейімдедік. Ана тілінен гөрі орысша оқып, орыс тілін жетік меңгерген ол аударма жұмысы ауырлау болғанымен бірер айларда оны да меңгеріп алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін газет редакциясындағы негізгі бөлімдердің бірі – өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болды. Журналистика саласының қыры мен сырына төселе жүріп редактордың орынбасары қызметіне жоғарылады.
Нұржан Амангелдіұлы «Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің директор-бас редакторы болып жүрген кезде аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол Шу қаласындағы «Батыс» сайлау округіндегі сайлаушылардың сенімін ақтау үшін қолынан келгенше аянып қалмады. Тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарту үшін олардың талап-тілектерін аудандық мәслихаттың сессияларында тілге тиек етіп, біраз мәселелердің оңды шешілуіне ұйытқы болды. Сондай-ақ, ауданның басқа да қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, көптеген комиссиялардың мүшесі бола жүріп, азаматтық ұстанымын таныта білді.
Н.Қадырбековтың баспасөз саласындағы еселі еңбегі ескеріліп, Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды. Мемлекеттік мерекелік медальдармен де марапатталды. Аудандық, облыстық басшылар тарапынан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары өз алдына бір төбе.
Біз бірге қызмет атқара жүріп, Нұржан Қадырбековтың жақсы жақтарын, ілкімді істерін, ақжарқын, адамгершілік мінездерін айқын байқадық. Санаулы күннен соң абзал азаматтың қырық күндігі атап өтіледі. Бауырымыз, әріптесіміз Нұржан Амангелдіұлының жатқан жері жарық, алды пейіш, арты кеніш болсын деп ниет білдіреміз!
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.