Диспансерлік бақылау: кімдердің құқығы бар және ол қандай мүмкіндіктер береді?
Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат құндылық. Сондықтан кез келген мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы басты міндеті – ауруды емдеу ғана емес, оның алдын алу, ерте анықтау және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Бүгінде осы бағыттағы маңызды құралдардың бірі – диспансерлік бақылау жүйесі.
Өкінішке қарай, көптеген адамдар дәрігерге денсаулығы сыр бергенде ғана жүгінеді. Алайда артериялық гипертония, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, бронх демікпесі, онкологиялық дерттер сияқты созылмалы аурулардың басым бөлігі алғашқы кезеңдерінде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан мұндай ауруларды бақылауда ұстау – адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігінің көрінісі ғана емес, сапалы әрі ұзақ өмір сүруінің де кепілі.
Осы орайда диспансерлік бақылау жүйесінің атқаратын рөлі ерекше.
Диспансерлік бақылау – белгілі бір диагнозы бар немесе ұзақ мерзімді медициналық қадағалауды қажет ететін азаматтардың денсаулық жағдайын тұрақты түрде бақылауға бағытталған медициналық қызмет. Оның басты мақсаты – аурудың асқынуына жол бермеу, емнің тиімділігін бақылау, пациенттің өмір сүру сапасын жақсарту және ауыр асқынулардың алдын алу. Бұл – дәрігер мен пациенттің өзара сеніміне негізделген ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс. Мұнда дәрігер аурудың ағымын бақылап қана қоймай, пациентке дұрыс өмір салтын ұстануға, қауіп факторларын азайтуға және денсаулығын сақтауға бағыт-бағдар береді.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес диспансерлік бақылауға медициналық көрсетілімдері бар азаматтар алынады.
Олардың қатарында:
– артериялық гипертониямен ауыратындар;
– жүректің ишемиялық ауруы және басқа да жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттер;
– қант диабетімен сырқаттанған азаматтар;
– бронх демікпесі және өкпенің созылмалы обструктивті аурулары бар адамдар;
– ас қорыту жүйесінің созылмалы ауруларымен ауыратын пациенттер;
– бүйрек аурулары бар азаматтар;
– эндокриндік жүйе аурулары анықталған науқастар;
– онкологиялық сырқаттары бар пациенттер;
– психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар азаматтар;
– туберкулезден ем қабылдап жүрген немесе емнен кейінгі бақылаудағы адамдар;
– жүкті әйелдердің қауіп тобы;
– сондай-ақ дәрігердің қорытындысы бойынша тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін өзге де пациенттер бар.
Әрбір ауру бойынша бақылаудың мерзімі, дәрігерге қаралу жиілігі және жүргізілетін тексерулер арнайы клиникалық хаттамаларға сәйкес белгіленеді.
Шу қалалық емханасында диспансерлік бақылауда тұрған азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Учаскелік дәрігерлер мен жалпы практика дәрігерлері пациенттердің денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, жоспарлы қабылдаулар өткізеді. Қажетті зертханалық және диагностикалық тексерулер ұйымдастырылып, бейінді мамандардың консультациялары қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар мейіргерлер пациенттермен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, дәрі-дәрмектерді дұрыс қабылдау, артериялық қысымды бақылау, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру және аурудың асқынуының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді.
Емханада созылмалы аурулары бар азаматтарды бақылаудың электрондық жүйесі енгізілген. Бұл пациенттердің жоспарлы қабылдаулардан уақытылы өтуіне, қажетті тексерулерді кешіктірмеуге және емнің тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, қазіргі медицина ауруды емдеуден бұрын оның алдын алуға басымдық береді. Осы тұрғыдан алғанда диспансерлік бақылау – әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды медициналық қызмет.
Құрметті жерлестер! Егер сіздерде созылмалы ауру анықталған болса немесе дәрігер диспансерлік бақылауға тұруды ұсынса, оны кейінге қалдырмаңыз. Жоспарлы қабылдаулардан уақытылы өтіп, дәрігердің ұсынымдарын орындаңыз. Өйткені денсаулыққа салынған әрбір қадам – өзіңізге және отбасыңызға деген қамқорлықтың белгісі. Денсаулық – баға жетпес байлық. Ал диспансерлік бақылау – сол байлықты сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі.
Гаухар Инкарбекова,
Шу қалалық емханасының
бас дәрігері.