Ақпараттық портал

Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі принциптері

Салауатты өмір салты – адамның физикалық, психикалық және әлеуметтік саулығын қамтамасыз етуге бағытталған мінез-құлықтық және әлеуметтік-гигиеналық нормалардың жиынтығы. Қазіргі кезеңде жаһандану, урбанизация және технологиялық даму үдерістері халық денсаулығына айтарлықтай әсер етуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымдамасына сәйкес, адамның денсаулық жағдайы көбінесе өмір салтына байланысты. Осыған орай, заманауи медицинада ауруларды емдеуден гөрі олардың алдын алу, яғни профилактика мәселесіне басымдық берілуде.
Негізгі бөлім:
Дұрыс тамақтану
Теңгерімді тамақтану – салауатты өмір салтының негізгі компоненттерінің бірі. Ғылыми зерттеулер артық калория, қаныққан майлар мен қарапайым көмірсуларды шамадан тыс тұтыну семіздік, 2-типті қант диабеті, атеросклероз және жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупін арттыратынын көрсетеді. Ал көкөністер мен жемістерге, күрделі көмірсуларға, өсімдіктектес ақуыздарға және пайдалы май қышқылдарына бай рацион иммундық жүйені нығайтып, заталмасу үдерістерін реттейді.
Қазіргі қоғамда фастфуд өнімдерінің кең таралуы және тамақтану режимінің бұзылуы метаболикалық синдромның өсуіне ықпал етуде. Сондықтан медицина саласы дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруды қоғамдық денсаулық саясатының маңызды бөлігі ретінде қарастырады.
Дене белсенділігі және жүрек-қантамыр жүйесі:
Физикалық белсенділік – созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алудың тиімді әдісі. Отырықшы өмір салты гиподинамияға әкеліп, бұлшық ет тонусының төмендеуіне, қан айналымының бұзылуына және артық салмақтың жиналуына себеп болады. Көптеген клиникалық зерттеулер аптасына кемінде 150 минут орташа қарқындылықтағы физикалық жүктеме жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін жақсартып, артериялық қысымды тұрақтандыратынын дәлелдеген.
Қазіргі цифрлық дәуірде адамдардың көп уақытын компьютер мен мобильді құрылғылар алдында өткізуі омыртқа патологиялары мен көру қабілетінің нашарлауына әкелуде. Осыған байланысты профилактикалық медицина қозғалыс белсенділігін арттыруды негізгі шаралардың бірі ретінде ұсынады.
Зиянды әдеттер және қоғамдық денсаулық:
Темекі шегу мен алкогольді шамадан тыс пайдалану – жаһандық деңгейде денсаулыққа қауіп төндіретін факторлар. Никотинге тәуелділік өкпенің созылмалы обструктивті ауруларына, қатерлі ісіктерге және жүрек ауруларына себеп болуы мүмкін. Ал алкогольді шамадан тыс тұтыну бауыр циррозы, панкреатит және жүйке жүйесінің бұзылыстарына әкеледі.
Медициналық статистика зиянды әдеттерден бас тарту өмір сүру ұзақтығын арттырып, аурушаңдық көрсеткішін төмендететінін көрсетеді. Сондықтан қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде профилактикалық бағдарламалар мен ақпараттық-ағартушылық жұмыстар кеңінен жүргізілуде.
Психикалық денсаулық және стресс факторлары:
Қазіргі әлеуметтік –экономикалық жағдай, ақпараттық жүктеменің артуы және урбанизация деңгейінің өсуі психоэмоционалдық күйге әсеретуде. Созылмалы стресс гипертония, ұйқы бұзылыстары және депрессиялық жағдайлардың дамуына ықпал етеді. Психикалық денсаулықты сақтау үшін еңбек пен демалыс режимін сақтау, жеткілікті ұйқы (тәулігіне 7–8 сағат) және әлеуметтік қолдау маңызды.
Психологиялық саулық тынығайтуға бағытталған профилактикалық шаралар жалпы денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Салауатты өмір салты – халық денсаулығын сақтаудың және созылмалы аурулардың алдын алудың ғылыми негізделген тәсілі. Қазіргі медицина ауруларды емдеумен қатар, олардың пайда болу себептерін жоюға бағытталған профилактикалық стратегияларды дамытуда. Дұрыс тамақтану, жеткілікті физикалық белсенділік, зиянды әдеттерден бас тарту және психикалық саулықты сақтау – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің негізгі шарттары.
Осылайша, салауатты өмір салты жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды фактор болып табылады.
45 жастан кейін адамдарға үнемі толық клиникалық тексеруден өту ұсынылады: жасы ұлғайған сайын гипертония, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы сияқты аурулардың қаупі едәуір артады. Осы және басқа ауруларды ерте анықтау сәтті терапияның негізі болып саналады. Осылайша, егер сіз ұзақ жылдар бойы денсаулығыңызды сақтауға тырыссаңыз, аурулардың алдын алу үшін дұрыс тамақтанудан бастап тұрақты медициналық тексерулерге дейін салауатты өмір салтының қарапайым қағидаларына назар аударыңыз. Өзіңізге қамқор болыңыз!
А.Сейтбаева,
Шу аудандық орталық аурузанасы СӨСҚ кабинетіне жауапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.