Онкологиялық аурулардың алдын алу – басты міндет
«Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы» ШЖҚ КМК заманауи 128 тілімді компьютерлік томографты пайдалануға алды. Жаңа құрылғы ішкі ағзаларды қабаттап, жоғары дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік беріп, өңірдегі онкологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін орталықта орнатылған 32 тілімді компьютерлік томограф тек сәулелік емдеуге арналған «Сызықтық үдеткіш» аппаратының симуляциясы үшін ғана қолданылып келген. Сондықтан диагностикалық мақсаттағы кеңейтілген мүмкіндігі бар КТ-ға қажеттілік жоғары болды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылы диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 9303-ке жеткен (2023 жылы – 8740). Өткен жылы алғаш рет анықталған онкологиялық аурулар саны 1653-ті құрап, 100 мың тұрғынға шаққанда 135,1 көрсеткішке тең болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда өңірдегі жалпы сырқаттанушылықтың 0,8 пайызға артқанын көрсетеді.
Аурушаңдық құрылымында өкпе обыры жетекші орында тұр. 2024 жылы 168 жағдай тіркеліп, олардың басым бөлігі III–IV кеш сатыларында анықталған. Өкпе обыры өлім-жітім құрылымында да бірінші орында, яғни 102 жағдай тіркелген немесе 15 пайызды көрсетіп отыр. Сонымен қатар асқазан, ұйқы безі және бауыр обырлары өлім көрсеткіші бойынша 2–4 орындарды алады. Бұл аурулар көбіне диагностикалаудың күрделілігіне байланысты 75–80 пайыз жағдайда асқынған сатыларында анықталады.
Мамандардың айтуынша, ішкі ағзалардың патологиясын, ісік алды және ісік ауруларын, сондай-ақ негізгі үдерістің ұсақ рецидивтерін ерте кезеңде анықтау үшін соңғы бес жылда орталықта болмаған жоғары технологиялы жабдық аса қажет болған. 128 тілімді КТ-ны күнделікті тәжірибеге енгізу ауруды ерте сатысында анықтап, емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек орталыққа арнайы барып, жаңа компьютерлік томографтың орналасуымен және жұмыс істеу мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ орталықтың бас дәрігері Жандос Сейдахметовке жаңа құрылғының тиімді жұмысын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеп, құрылғының іске асырылуын өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Жаңа 128 тілімді компьютерлік томограф жоғары сапалы визуализацияны, айқын бейнені және кең көлемді диагностикалық ақпаратты қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде ерте сатылардағы ұсақ ісіктерді анықтап, өткізіп алу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Айта кетейік, «2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» аясында жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, төмен дозалы компьютерлік томография негізінде өкпе обырына скрининг жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру да жоспарланып отыр.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.