Ауыл саулығы – амбулатория еңбегінде
Ауыл өмірінің тыныс-тіршілігі ең алдымен оның тұрғындарының денсаулығымен өлшенеді. Елді мекендегі әрбір шаңырақтың амандығы, ананың шат күлкісі мен баланың шаттығы – медицина қызметкерлерінің күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осы тұрғыда бүгінгі мақаламызда Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылдық дәрігерлік амбулаториясы жайлы сөз қозғағымыз келеді. 2019 жылы қолданысқа берілген бұл амбулатория аз уақыт ішінде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ауыл медицинасының әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді. Бұл мекеме бүгінде тек ем көрсететін орын ғана емес, тұрғындар үшін сенім мен үміттің, жанашырлық пен жауапкершіліктің ордасына айналған.
Амбулатория ұжымы аз болғанымен, тәжірибесі мол, білікті мамандардан құралған. Әр қызметкер өз ісін жетік меңгеріп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге бар күшін салуда. Ұзақ жылдар бойы халық денсаулығын күзетіп келе жатқан фельдшер Момышева Раушан Сүйімбекқызының бұл саладағы еңбек өтілі – 32 жыл. Ақ халатты абзал жанның мол тәжірибесі мен жауапкершілігі ауыл тұрғындарының үлкен құрметіне ие.
Учаскелік мейірбике Татыбекова Жанат Қыстаубайқызы да 26 жыл бойы ел игілігі жолында табанды еңбек етіп келеді. Ал он жылдан бері қол ана қызметін атқарып жүрген Секербекова Гауһар Дүйсенғалиқызы аналар мен нәрестелердің саулығына айрықша мән беріп, өз ісіне адалдық танытып жүр. Жас та болса, жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген учаскелік мейірбике Бестай Мадина Қуатқызы (5 жыл) мен ем қабылдау мейірбикесі Арипова Нигора Абдугалиқызы (6 жыл) да ұжымның сенімді тірегіне айналған.
Раушан Сүйімбекқызының айтуынша, амбулаторияда күнделікті жұмыс жоспары нақты әрі ауқымды. Мұнда балаларға алдын ала профилактикалық екпелер уақытылы жүргізіледі. 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалар толық медициналық тексеруден өтсе, ересек тұрғындар 30 бен 76 жас аралығында скринингтік бақылауға алынады. Сондай-ақ, 15–49 жас аралығындағы әйелдер аурулардың алдын алу мақсатында жүйелі тексерулерден өткізіліп тұрады. Ал 18–80 жас аралығындағы тұрғындар туберкулез ауруының алдын алу үшін уақытылы тиісті тексерулерге жіберіліп отырады. Абай ауылында демографиялық өсімнің де оң динамикасы байқалады. Биылғы жылы 27 бала жаңа өмір есігін ашқан.
– Ауыл медицинасы тек жұмыс емес, бұл үлкен жауапкершілік арқалатады. Біз үшін әрбір тұрғынның денсаулығы қымбат. Бір баланың уақытында алған екпесі, бір ананың алдын ала тексеруден өтуі үлкен маңызға ие. Сондықтан бар күшімізді сапалы қызмет көрсетуге жұмсаймыз. Қазіргі таңда тұрғындар арасында жиі кездесетін сырқаттардың қатарында жедел респираторлық инфекциялар (ОРИ, ОРВИ) мен артериялық гипертензия бар. Мұндай жағдайда біз науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлердің кеңесіне жолдаймыз. Кейін дәрігер тағайындаған ем-шараларды уақытылы көрсетіп отырамыз, – дейді амбулатория фельдшері.
Жалпы алдын ала жасалатын екпелер «Қазақстандағы вакциналық ұлттық күнтізбесіне» сәйкес жүзеге асырылады. Аталған ауылдағы бұл бағыттағы жұмыстар биыл 99,8 пайызға орындалып, скринингтік және алдын ала тексерулер 100 пайыздық көрсеткішке жеткен. Бұл – ұжымның жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігінің нәтижесі деуге негіз бар. Яғни, Абай ауылдық дәрігерлік амбулаториясы – ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарып отырған мекеме. Мұнда еңбек етіп жүрген әрбір маман өз ісіне жанашырлықпен қарап, «халық аманаты» деген ұлы ұғымды терең сезіне отырып, қызмет етуде. Осындай жанкешті еңбектің арқасында ауыл медицинасы дамып, ел ертеңі – салауатты ұрпақ қалыптасары сөзсіз.
Балнұр Жексенбекқызы.