Ақпараттық портал

Жемқорлықсыз болашақ – жастар таңдауы

Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің жастарымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Жемқорлықсыз болашақ – біздің қалауымыз» тақырыбында тағылымы терең кездесу өтті. Бұл басқосу жас ұрпақтың бойында адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастыруды, құқықтық мәдениетін арттыруды мақсат етті.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, оның қоғам дамуына тигізер кері әсері жан-жақты сөз болды. Мемлекетті басқару ісіндегі жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, қоғамдық бақылауды күшейту, халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімін нығайту мәселелері кездесудің өзегіне айналды. Сонымен қатар, мемлекеттік міндеттерді атқаратын тұлғалардың адалдығы мен жауапкершілігін арттыру, заң талаптарын қатаң сақтау – жемқорлықпен күрестегі басты қағидат екені атап өтілді.
Жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндіріліп, әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі жайлы ой қозғалдı. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарына тұшымды жауаптар алды. Мұндай тағылымды кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, әділ қоғам құру жолындағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.