Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
Ағымдағы аптаның ішінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков халықтың талап-тілектерін өз ауыздарынан есту үшін Шу қаласындағы «Тоғай» және «Қант зауыты» мөлтек аудандарының тұрғындарымен кездесті. Ең әуелі, Т. Рысқұлов атындағы орта мектепте өткен кездесуде Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев 2025 жылы жүзеге асқан жұмыстарын қысқаша таныстырып, биылғы жоспарларымен бөлісті.
Ресми статистика бойынша 45 мыңнан аса тұрғыны бар теміржолшылар шаһары 8 тұрғын алқабына бөлінген. 2024 жылы қала бюджеті 1 млрд 259 млн теңге болса, былтырғы қаражат 1 млрд 381 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде қаланың өзіндік кірісіне кіретін 959 млн теңге қала тұрғындарының төрт түрлі салықтарынан жиналған. Одан бөлек, аудандық бюджеттен 422 млн теңге бөлінген. Осындай мәліметтерді келтірген қала әкімі өзекті мәселелерге тоқталды.
Оның айтуынша, шаһарда жалпы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар.
-Былтырғы есеп бойынша 119 көшеге асфальт төселген. Жөндеу жұмыстары жоспарланған 44 көшенің 28-і асфальтталып, көрсеткіш 71 пайызды құраған. Қалған 18 көше бюджет мүмкіншілігіне сай алдағы уақытта реттелмек. Исатай батыр көшесіне ұзындығы 560 метр болатын жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. Қала ішінде ойылған жолдарға жамау жұмыстары жүргізілді,-дейді Елдос Бекболатұлы.
Қала әкімінің қысқаша есебінен кейін аудан әкімі тұрғындарды толғандырған сұрақтарға тиісті жауаптар берді. Тоғай мөлтек ауданының тұрғындары тозған электр бағаналары, ауыз су мен жарық, асфальт, бейберекет қоқыс, қаңғыбас иттердің қаупі туралы сұрақтарын қойып, алаңдаушылық білдірді.
«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС Шу аудандық филиалының жетекшісі Дамир Сейсебайұлы ауданның электр желілері мен бағаналарын жаңартуға арналған 5 жылдық жоспар бекітілгенін айтып, өлкеміздің 90 пайызы қамтылатынын жеткізді. Ол үшін инвестициялық жобаға 30 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жаңғырту жұмыстары тәмамдалғанша тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұрады.
Ал, тазалық мәселесіне келгенде тиісті мәдениет қалыптаспаған қоғамда бұл мәселенің шешілуі неғайбыл екенін айтқан Бақытжан Оразалыұлы қаланың әр түкпіріне бейнекамера орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бірақ бұл қадамдар түйткілді түпкілікті шешеді деген сөз емес. Себебі, оңды-солды қоқыс тастайтын тұрғындар алыстан келмейді, ал оған куә болғандардың енжарлығы тағы бар.
Қаңғыбас иттерді аулау бойынша да ветеринария бөлімі тиісті жұмыстарды атқарып отыр. Соған қарамастан кейбір мәселелер де қылаң беруде. Иттерін босатып жіберген иелері дау айтып, мамандарды әурелейтін сыңайлы.
Тағы бір тұрғын Рахымбек Малшыбаев аудан басшысына бірқатар сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Оның ішінде өңірге келген Қытай инвесторлары мен жергілікті жұмысшылардың жалақы айырмасы, жұрт арасындағы күмәнді ойлар, әлеуметтік қолдау, теміржол өткелінің түйткілдері бар.
Аудан басшысының айтуынша, Қытай азаматтары күніне 12 сағат жұмыс істеп жоғары жалақы алса, өзіміздің азаматтар жиі демалып, жұмысқа кешігіп, сұранатын көрінеді. Тіпті, темір арматураны майдалап кесіп, нысаннан алып өтпек болып ұсталғандары бар екенін айтты. Ал жұмысқа жауапкершілікпен қараған жерлестеріміздің кәсіби мансабы өсіп, жалақысы жоғарылап жатқанын жасырмады.
Сонымен қатар инвесторлардың ауданға құйған қаржысы ауданның 40 жылғы бюджетіне тең келетінін айтқан Бақытжан Оразалыұлы бұл инвестициялық жобаның игілігін Шу ауданы көретінін жеткізді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, тоғайлықтардың сауалдарына коммуналдық қызмет саласының басшылары жауап беріп, түсініктеме берді.
Ортақ мәселелер талқыланған кездесу «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы Ғ.Мұратбаев мектебінің ғимаратында өтті. Онда тұрғындар қала әкімінің атқарған жұмыстарына құлақ түріп, сұрақтарына жауап алды. Сұрақтардың дені негізінен денсаулық сақтау саласы, жол мен жарық, қоқыс, ауыз су мен ағын су, азық-түлік бағасының қымбаттауы турасында болды. Оған аудан әкімі мен қала басшысы, бірқатар мекеме басшылары жауаптарын берді. Заңнама шегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ашықтық қағидаты мақсатында аталған кездесулер алдын ала әкімдіктің әлеуметтік желісіндегі парақшасында және түрлі чаттарға жарияланған болатын. Алайда аталған кездесуге санаулы ғана азаматтар келді.
Қос кездесуден аңғарғанымыздай, қаланың өзекті мәселесі – белгіленбеген орынға тұрмыстық қалдықтар мен малдың қиын тастау. Қазіргі таңда қаладағы 3100 жеке тұрғын үй қоқысты уақытылы шығару үшін «Төле би» көпсалалы коммуналдық мекемесімен келісімшарт жасасқан. Олар түтін басына 1700 теңге төлеп, аптасына бір рет қоқыстарын шығарады. Дегенмен, келісімшартқа қол қоймаған тұрғын үйлер аз емес. Қала билігі олармен тиісті жұмыстарды жүргізуге ынталы. Жыл сайын қоғамдық жұмысшылардың саны қысқаруына байланысты шулықтардың тазалық сақтауға ықыластары оянғаны абзал. Олай болмаған жағдайда болашақта Бангладешке айналып кетуіміз бек мүмкін.
Сондай-ақ ауыз су саласында да айтарлықтай мәселелер бар. Оған су желілері құбырларының 70 пайызға жуығы тозғандығы дәлел. Апаттық жағдайға байланысты жерлерде ғана құбыр ауыстырылып отырады. Шойын және асбест құбырлардың тозуы ауыз судың кідірісіне себеп болады.
Мекеме басшысы А.Наурызбаевтың айтуынша, тұрғындар су есептегіш құрылғыларын орнатпайынша, су ақысы жалпы тарифпен есептелінеді. Ал нақты тұтынған судың ақысын төлеу үшін тұрғындар су есептегішті орнатқандары абзал.
Айта кетерлік жағдай, былтыр «Тоғай» мен «Қант зауыты» мөлтек аудандарында су шығару мұнарасы пайдалануға берілген. Бұл мұнара үздіксіз су беруге қауқарлы болғанымен кейбір тұрғындар көктем, жаз, күз мезгілінде бақшаларын ауыз су жүйесімен суаруы өзге тұтынушыларға кедергісін келтіруде. Бұл мәселе аталмыш кездесуде бірнеше мәрте көтерілді.
Байжан Емберді.