Ақпараттық портал

Абайдың рухани бастауына бас қойдырған әдеби кеш

Ет пен сүйектен жаралғандықтан тілсіз табиғаттың тылсымын түйсіну үшін тынымсыз тіршілік кешіп келеміз. Сонау ықылым заманнан-ақ аспан әлемі мен жер әлемінің сырларын ашуға талпынып, тіршілік иелерінің әрекеттерін бақылап, табиғаттың бір бөлшегіндей ғұмыр кешкен адамзаттың жасасып келе жатқанына да сан ғасырлар болды. «Көкті жерге пар қылып жарастырып, ай мен Күн, жұлдыздан перде түрді» деп Мәшһүр Жүсіптің өзі жырлағандай, он сегіз мың ғаламның да, жеті қат жердің де иесі де, киесі де бір Құдай.

Құдайды тану, жаратқанның тірші-лік иелерінің жаратылысынан мән-мағына табу – адамға берілген парыз. Бірақ, бұл баршаға беріле бермейтін үлкен сый. Осы тұста «Өлсе, өлер табиғат адам өлмес» деген хакім Абайдың философиялық ой-толғамдары мен ақындық дүниетанымынан туындаған Толық адам ілімінің бастауы сол жоғарыда айтылған жаратқан мен жаратылыстың сырына терең бойлауынан туған деп айтуға талас тумас. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес деген сөздің астарына үңілейікші. Мұнда мен деген адамның жаны, менікі деген тірі кезінде жиған дүниесі. Дүние деп ұғынар нәрсенің өзін екі тұрғыдан қарастыруға болады. Бірі – материалдық игілік, екіншісі – рухани байлық. Менікі деп жиғанымыз рухани байлық болса, мен деген атымыз өшпейтіні хақ. «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп түйіндеген Абай Құнанбайұлының айтпағы осы.
Өзі ғұмыр сүрген уақыттан бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, бүгінгі күннің өзекті міндеті – Абайдың рухани қайнарынан сусындау. Бұл рухани бұлақтан тұтас ұлт қана емес, әсіресе білім ошақтары сусындауға бас қойды. Бұл үрдіс біздің ауданда да жүзеге асып келе жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Абайдың әлеміне бойлатқан сондай игі шаралардың бірі Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде өткен болатын. Абайдың 180 жылдығына арналған тағылымы мол іс-шараларды түйіндеген әдеби сазды кешке өскелең ұрпаққа Абай мұрасын дәріптеп жүрген Шу ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Оспанов, аудандық аналар алқасының және ата-аналар комитетінің төрайымы Айжан Иманова, ардагер ұстаз Шамшат Смағұлова, тірек мектебіне қарасты Еңбекші, Жайсан, Алға магниттік мектебінің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, пән мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Мән-маңызы бөлек әдеби кештің шымылдығы мың бұралған биші қыздардың Абай әніне билеген биімен түрілді. Мұнан кейін сахнаға бойжеткен мен бозбала шығып, Абайдың ғашықтық ғақлиясын диалог ретінде айтып, артқы қапталында Абайдың образын сомдаған кейіпкер үстел үстінде сол өлеңді ойға шомып шығарып отырғандай әсер қалдырды.
Әдеби сазды кештің маңызын арттыра түскен ең әсерлі сәт – әділетсіз байға жағымпазданған тобырдың бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жемқорлықтың көрінісін көрсеткендей болды. Сахнаға бай шыққан кезде жан-жағында өңшең жылпостар бақуатты байға жағымпазданып, оны күннен де биік құдіретке, тіпті Құдайдың өзіне теңеп, жарамсақтанады. Кенет сахнаны тұман торлап, жан-жақтан шуылдаса қарғалар қаптап, байдың бейнесі алыстап бара жатқандай болады. Сонда бір жағымпаз суырылып шығып «О, байеке, бүкіл малыңыздан айырылдық. Тігерге тұяқ қалмады, малыңды аман сақтай алмадық. Төрт түлік малың жұтқа ұшырады, байеке!» деп аһ ұрады. Қаптаған қарғалар жамырай шуылдасып, артқа қарай шегіншектеп, қалың тұманның арасынан жарық сәуле шашып, Абайдың бейнесі шыға келеді. Абайдың образын сомдаған кейіпкер «Қалың елім, қазағым» өлеңін оқығанда қарғалар шегіншектеп, сахнадан шығып кетеді. Әділетсіздіктің тауын шағып, жігерін мұқалтатын Абайдың сыны қашанда шыншылдықты, адалдықты алдыға шығарып, әділдікті ту етеді. «Әділетті Қазақстан» құрамыз деп әр Жолдауында қадап айтып жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына қолдау болған бұл көрініс жер-жерде көрсетілуі тиіс екендігін аңғартты. Көрерменге ой салды…
Атап өтерлігі, ақ пен қара айқасқан, жақсылық пен жамандық жаға ұстасқан заманда қашанда ақ пен жақсылықтың адымы алыс, қадамы ұзақ екенін дәлелдей алған көріністің идеясын ұсынған авторлары М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебі директорының эксперимент ісі жөніндегі орынбасары Баян Жексенбаева бастаған шығармашыл педагогтар. Атап айтсақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Шуратбаева, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Гулсара Кунчашева мен Ардана Сабралиевалар.
Бұдан бөлек, әдеби кеште Абайдың әсем әуендері шырқалып, қара сөздері айтылып, ой саларлық өлеңдері де көпшіліктің көңіліне түрлі ой салды. Сондай-ақ, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің директоры Махаббат Сұлтанованың бастамасымен бастау алған Абай өлеңдерінен челленджі экраннан көрсетілді.
Таңдай қақтырған тағылымы мол кеште Махаббат Төлегенқызы сөз алып, Абайдың даналығы хақында аз-кем толғанды. Сондай-ақ, кеш қонақтары кезекпен сөз алып, Абайдың жолы, Абайдың ортасы, Абайдың әлемі туралы кеңінен мағұлматтар айтты.
-Ақылгөй Абай, адамзаттың асыл азаматы Абай, данышпаны Абай-біздің бойтұмарымыз. Абайды оқу, Абайды тану, Абайды насихаттау – қоғамдық ой-санада серпіліс туғызып, жаһандану үдерісіне жол ашады, өскелең ұрпақтың санасына сәуле құяды,-деді өз сөзінде Жұмахан Зәукетайұлы.
Бұған қоса, Айжан Болатқызы мен Шәмшат Байбосынқызы тағылымы мол кеште Абайдың сөзінен қуат алып, әнінен сусындап, өзін көріп, сөзін естігендей болғанын тебірене жеткізіп, білім мен тәрбие беруде Абайдың мол мұрасын пайдаланудың жақсы қырларын бастырмалата атап өтті. Айжан Болатқызы өз кезегінде мектеп директоры Махаббат Төлегенқызына кеңестік дәуірде басылып шыққан, талай игі жақсылардың қолы қойылған Абайдың кітабын сыйға тартты. Таңданыс пен тебіреніске толы кештің куәсі болған басқа да қонақтар өз лебіздерін жарыса айтып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға жоғары бағасын берді. Кеш соңында барлығы естелікке суретке түсіп, алғыстарын жаудыра тарқасты.
Сөз соңында айтарым, Абайды тану арқылы өз болмысымызды бағамдап, болашағымызды бағдарлап, санамызды саралап, хакім көксеген «толық адам» болып қалыптасуға барынша бой түзейміз деген үміт басым. Қазақ қазақ болып тұрғанда қай заман болмасын Абай мұралары жақұттай жарқырап, саф алтындай сән құрып, көзі қарақты көпшіліктің көкірек көздеріне нұр берері сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.