Ақпараттық портал

Тойбастармен ашылып, тойтарқармен тарқаса…

Тіліміздегі атау сөздердің түп төркінін білмеуден әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді сақтауда түрлі қисынды-қисынсыз оғаштықтар байқалуда. Мәселен, «Тойбастар» деген кәделі сөзді қалай түсініп және өмір сүру дағдысында қалай қолданып жүрміз? Бұл сөздің халқымызда қашан және қалай пайда болғанын түрлі тарихи деректерден оқып, беріге дейін солай түсініп келдік. Үлкен тойдың басталар алдында той иесі өз жақындарының бастарын қосып, мал сойып, кішігірім ақылдасар той өткізетін болған. Дастархан басына жиналған жақын жанашырлар тойға қанша түтін шақыруды, әр рудың беделді кісілерін қалыс қалдырмауды, қанша бас мал сою керектігін, әйел-еркек деп бөлінбей, ақылдаса шешетін болған. Сол кезде жайылатын дастарханды «Тойбастар» деп атаған. Кез келген тойдың басталуы мен аяқталуы болады. Яғни, тарқауы болады. Той сарқытын үлестіріп, «тойдан тобықтай» деп ырымдап, шашу алып қайту кезіндегі ырым «Тойтарқар» деп аталған.
Жарайды, заман да, адамдардың өмір сүру дағдысы да, той рәсімінің әдеттері өзгерді, десек те қазіргі алмағайып уақытта ертеңгі күннің қамын ойлап, алтын уақыттарын босқа өткізбей, осы кезеңге бейімдеп, «Тойбастарды» той басталған кездің алғашқы отырысында таратып жіберуге болмай ма? Ал, той соңында дастархан мәзіріндегі тағамдардан базарлық алу «Тойтарқар» рәсіміне дөп келген болар еді. Қанға сіңген қалпымызбен той соңына дейін сарылып, тойбастардың мардымсыз сыйлығын тапжылмай күтіп, шаршау синдромына ұшырап, қалжырап қайтатынымызға кімді кінәлаймыз?! Бәрі өзімізден, айналып келгенде, тойшыл болу тойғандықтың белгісі…
Осындайда бір шындығы бар тарихи оқиға еске түседі. Ықылым ғасырларда Парсының жаһанды жаулаған Дарий патшасы Сақ даласын жаулауға жер қайысқан әскермен Сақ даласына беттепті. Мақсаты – кең даланы мекендеген халықты өзіне бағындырып, тәуелді ету. Қалың әскердің дүбірін алдын ала білген батыр бабаларымыз ұрыспай болмайтынын біліп, жау жағынан келген жаушыларға ұрыс болатын жерді белгілепті. Қай тараптың әскері шегінсе, жеңілді деп есептеліп, кері қайтып, байтақ елдің мазасын алмайтын боп келіседі. Соғыс болатын күні парсылардың соғысқа даярланған әскері дауылпазын соғып, әскери тәртіппен сапқа тұрып, ұрыс болады деген жерге келсе, ешкім жоқ. Көз ұшынан ағараңдаған ақ жалау көтеріп келе жатқан бір топ аттылыны күтіп, қарсы жақтың соғысатын әскері қайда деп сұраса керек. Ақ жалау көтерген топтың басшысы қолын кеудесіне қойып, кешірім сұрап, соғыс бір жұмадан соң болатынын ескертеді. Оның себебі, қазақтың бір дәулетті байы бесінші рет жас тоқал алып, соның тойы өткен соң бастаймыз деп шешім шығарған екен. Міне, байдың тойын желеу етіп, уәделі сөзді бұзуға тура келгендігін уәж еткен көрінеді. Парсы патшасы да ақылға кемел адам екен. Ол: «Уәдесіз, көшіп-қонып жүрген, бәтуәсіз халық екен, бұлармен соғысып береке таппаспыз» деп кері қайтқан екен дейді ғасырлар қойнауындағы аңыз-әпсаналарда. Ащылау болса да қазақылығымызға келіңкірейтін мысал болып тұрғаны қынжылтады.
БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде ата дәстүріміздің танымастай өзгеріске ұшырап жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Қазіргі кезде ысырапшылдық пен даңғазалықтың әбден шырқау шегіне жеткендейміз. Басымыз қосыла қалса, «қымбатшылық» туралы сөз қозғаймыз. Қымбатшылық қалтаға ауыр соғып тұр десек те Қытайдың шылдыр-шүмек пластмасса ыдысы мен ойыншығын бір-бірімізге үлестіріп, мырза атанып жүрміз. Есесіне, түкке тұрғысыз арзан затын өткізіп жатқан саудагер, делдалдар екі жеп, бір асап, биге шығуда.
«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген сөз бұрындары ерсі көрінуші еді. Қазір сақал, кірпік, қас, шаш, тіпті бет-әлпетімізді арнайы ота жасатып, кәріміз жасарып, жасымыз әлемтапырық өзгеріп жатырмыз. Өзінің қызы мен баласына «мұның қалай?» деудің өзі мұң болды. Сол секілді күнара болып жатқан той түрінің көптігінен жаңылысып, ұлттық құндылықтарымыздың да өзгеріске түсіп жатқанына бейғам қарап отырғанның арты жақсылыққа апармас. Алдыңғы толқын ел ағалары ақылдаса отырып, ортақ шешімнің нәтижесінде заман ауқымына лайықты іс-шаралар жасалып жатса, құба–құп болар еді. Түйткілді тіршіліктің түймедей дауасына өз пікірімізді білдіргенді жөн көрдік.

Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.