Білім қызметкерлері кәсіподағының ІІІ пленумы өтті
Ғасырдан астам тарихы бар алғашқы “Қазақ” газеті жарияға шыққанда Алаш партиясының зиялылары ұсынған бағдарламаның ішінде ең негізгісі-оқу-ағарту, білім-ғылым мәселесі еді. Қазақ даласында мектептер ашылып, сауаттылыққа бет бұра бастаған сәттерде алға жылжуды ойлаған ел азаматтары мұғалімдердің мүддесін қорғайтын ұйымның болуы қажеттігін күн тәртібіне қояды. Өткенге көз жүгіртсек, сонау 1925 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында өткен Қазақ АКСР-і ағарту қызметкерлерінің алғашқы съезінде кәсіподақтың іргетасын қалауды қолдаған тарихи жиын өтеді. Міне, содан бері бақандай бір ғасыр уақыт өтті.
Бүгінде сол арқау үзілмей, білім саласы қызметкерлерінің басын қосқан алқалы жиындар өтіп тұрады. Соның жарқын дәлелі, білім қызметкерлері кәсіподағының Шу аудандық комитетінің ІІІ пленумы өтті. Оған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, құқықтық қызметтің басшысы Алия Джолшибекова, аудандық комитеттің төрайымы Аида Бекмурзина, аудандық кәсіподақ комитетінің қызметкерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, жалпы, мектепке дейінгі, қосымша білім беру мекемелерінің директорлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Ең алдымен пленумның төралқасына 3 адам сайланып, хатшылық қызметті жүргізу пленумның 1 мүшесіне жүктелді. Пленум қарауына бірнеше мәселелер күн тәртібіне ұсынылды. Атап айтсақ, «Кәсіподақтың жарғылық талаптарды орындау жағдайы және қоғамдағы рөлін күшейту мен еңбекшілердің сенімін нығайту міндеттері туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы баяндама оқыды. Сондай-ақ, «Аудандық комитет құрамына өзгертулер мен толықтыру енгізу туралы» аудандық комитет төрайымы Аида Рашидқызы, «Аудандық кәсіподақ комитетінің 2026 жылға арналған қаржылық кіріс-шығыс сметасы туралы» аудандық кәсіподақ комитетінің есепші-маманы Қарлығаш Саякеева баяндамаларын оқыды.
Баяндамашылар күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда төрінде өткен V Ұлттық құрылтайда, «Turkistan» газетінде жарық көрген көлемді әрі мазмұнды сұхбатында, әр жылдардағы Жолдауларындағы заң мен тәртіп қағидатын ілгерілетуге бағытталған бастамаларын тілке тиек ете кетті.
Бұған қоса, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы білім саласындағы бірнеше мәселелерді атап өтіп, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы әрі облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Сәбенұлына қоян-қолтық қызмет атқара отырып, шешімін бірге табуға шақырды. Атап айтсақ, әбден тозығы жеткен, кеңестік кезеңдерден бері бірде-бір жөндеу жұмыстары жүрмеген мектеп ғимараттарына ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары қажет екендігін алға тартты. Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрінің 02.04.2024 жылғы №72 бұйрығына сәйкес, мектеп директорлары басшы ретінде аттестациядан өтуі 3 жылға ғана жарамды екендігін, осы ретте басшыларға берілетін санаттың уақыты да педагог үшін берілген 5 жылмен теңестірілсе, сондай-ақ, мекеме басшыларының айлық жалақысының мөлшерін арттыру жөнінде де атап өтті.
Жиын соңында «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ филиалы Шу аудандық комитетінің 2026 жылға арналған кірістер мен шығыстар сметасы бекітілді. Сондай-ақ, аудандық кәсіподақтың қызу еңбегінің алғы шепінде жүрген қызметкерлерді марапаттап, алғыс хат пен сыйлық табыс етілді.
Айғаным Асқарбек.