Ауған асуында от кешкен жерлестерімізді еске алу шарасы өтті
15 ақпан – Кеңес одағы қарулы күштерінің шектеулі контингенті Ауғанстан даласынан шығарылған күн. Он жылға созылған соғыстың соңғы күніне биыл 37 жыл толып отыр. Бізге белгілі ақпараттарда бұл соғысқа ұзын-ырғасы 22 мыңға жуық қазақстандық интернационалист-жауынгер қатысып, 900-ге тарта азамат жат елде қаза тапқан. Жараланып қайтқандары да мыңға жуықтайды.
Ауған соғысы ардагерлерін еске алу – әрбір отандасымыздың ортақ борышы. Атаулы күнге байланысты аудан орталығында еске алу шарасы өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков, ардагерлер мен жақындары, мекеме басшылары, этномәдени бірлестік өкілдері боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минөт үнсіздікпен еске алды. Сан жүректерге сызат салған соғыстың қасіретті тұстары, қазақстандықтардың ерлігі, бейбіт күннің қадірі, Отанды шынайы сүю туралы жан тебірентер жалынды сөздер айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, 1979 жылы Кеңес Одағы Ауғанстанға әскер енгізді. Ресми себеп – Ауғанстандағы үкіметті қолдау және тұрақтылық орнату болды. Соғыс шамамен 10 жылға созылды. Ал 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскері Ауғанстаннан толық шығарылды. Бұл күн елімізде интернационалдық борышын өтеген батырларға құрмет көрсетіледі.
Жат жердегі сұрапыл майданға 150-ге жуық шулық азамат аттанып, Махаметжан Абдуғаниев, Бауыржан Таятаев, Хамидулла Хамиджанов, Андрей Волощенко, Дулат Өтепов, Азамат Қойлыбаев пен Қайрат Орынбаев сынды жауынгерлер туған жерге табытпен оралды. Олардың барлығы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Бұралқы Шынарбековтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде 66 интернационалист-жауынгер арамызда жүр. Олар әрқилы салаларда еңбек етіп, алды зейнет жасына жетіп отыр. Атаулы күн жақындағанда ардагерлер білім ошақтарында оқушылармен жүздесіп, өнеге боларлық өсиеттерін айтуда.
Шара соңында арнайы дастарқан жайылып, марапаттау рәсімі өтті.
Байжан Емберді.