Ақпараттық портал

Ауған жаңғырығы – тарихтың қанды парағы

Тарих беттерінде ел жадынан өшпейтін, жүрекке ауыр із қалдырған кезеңдер бар. Солардың бірі – Ауған соғысы. Осы бір күрделі де қасіретті жылдардың шындығын жас ұрпаққа жеткізу, ерлік пен батырлықты дәріптеу мақсатында Жайсан орта мектебінде «Ауған жаңғырығы – ұрпаққа сабақ» атты тағылымы мол, мазмұнды кездесу өткізілді.
Аталған рухани-танымдық шараны АӘжТД пәні оқытушы- ұйымдастырушысы, аға лейтенант Б.Қондыбаев пен аға тәлімгер А.Бекбергенованың ұйымдастыруымен өтті.
Мазмұнды кездесуге Ауған соғысының ардагерлері Жансейтов Әсет Турганевич, Джанысов Түйтебай Өркенбайұлы, Теңізбаев Марат Бескемпірұлы, мектеп директоры Е.Абуев, сондай-ақ мектеп әкімшілігі мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында ардагерлер Ауған жеріндегі әскери борыштарын өтеу кезеңіндегі бастан өткерген қиындықтары, жауынгерлер арасындағы бірлік пен достық, ерлік пен төзімділік жайында жан-жақты әңгімеледі. Олардың шынайы естеліктері жас ұрпақтың жүрегіне жол тауып, бейбіт өмірдің бағасын терең сезінуге жетеледі.
Ардагерлер өз сөздерінде Отанға деген адалдық, елге қызмет ету, тәртіп пен жауапкершілік сынды азаматтық құндылықтардың маңызын ерекше атап өтті. Соғыс – адамзатқа қайғы әкелетін қасірет екенін айта отырып, бүгінгі тыныш өмірді көздің қарашығындай сақтау әр азаматтың парызы екенін жеткізді.
Кездесу еркін форматта өтіп, оқушылар қонақтарға түрлі сұрақтар қойды. Ардагерлер әр сұраққа өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, мазмұнды жауап берді. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің тарихи танымын кеңейтіп, елжандылық сезімін арттырды.
Білім алушылар Ауған соғысына арналған өлеңдер оқып, әскери-патриоттық әндерді орындады. Әдеби-музыкалық композициялар кездесудің рухани әсерін күшейтіп, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Кездесу соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Умбетова қонақтарға алғыс айтып, ел тыныштығы жолындағы ерен еңбектері үшін ризашылық білдірді. Ардагерлер жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін білуге, білім алуға, туған елге адал қызмет етуге үндеу тастады.
«Ауған жаңғырығы – ұрпаққа сабақ» атты кездесу – өткенге тағзым жасап, болашаққа бағдар берген тағылымды шара ретінде өз ізін қалдырды. Мұндай кездесулер жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, ел тарихына деген құрметті арттыра беретіні сөзсіз.
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогі.
Жайсан ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.