Ақпараттық портал

Отты жылдар қасіреті ұмытылмайды

Биыл КСРО қарулы күштерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толады. Он жылға созылған соғысқа қазақ топырағынан талай азамат қатысып, бірі қаза тауып, енді бірі жараланып қайтты. Аман-есен оралғандары ел ісіне араласып еңбек етті. Отан алдындағы борышын өтеу барысында ерлік танытқан есіл ерлер мен ардагерлер әрдайым жадымызда.
Атаулы күнге орай Белбасар ауылдық мәдениет үйінде Ауған даласында от кешкен жерлестерімізбен жүздесу кеші ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақты отаншылдық рухқа тәрбиелеу, ерлікке баулу мақсатында өткізілген шарада ең алдымен Ауған соғысы туралы бейнеролик көрсетілді. Кейін ортаға Мемлекеттік ту әкелініп, Гимн орындалды.
Қан майданның қасіретті тұстары, қазақ даласына тиген зардабы, өрімдей жастардың өліммен бетпе-бет келуі баяндалған кездесуде тақырыпқа сәйкес өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды. Жүрекке жетерлік көріністер қойылып, күйге де кезек берілді.
Аталған кездесуде аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Әлжанбаева, Жаңа жол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев пен Ескі-Шу округі әкімінің м.а Ғалымжан Қожағұлов құрметті мейман ретінде қатысты.
Ал жастық шақтарын жалын шарпыған Ауған соғысының ардагерлері Дәулет Далабаев, Бақберген Қырықбаев, Бақытжан Боқанов, Болат Азынаев, Әлібек Тіленшиев қатысушылардың ерекше қошеметіне ие болды.
Кездесу барысында кеш қонақтары ізгі лебіздерін жеткізіп, батырларға ілтипат білдірді. Әрі зор денсаулық тілеп, ардагерлердің өмір жолы әрбірімізге өнеге екенін тілге тиек етті.
Жеңіскүл Байларова,
Еңбекші ауылдық кітапхананың
кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.