Ақпараттық портал

Қоқыстан да пайда бар

Қазіргі таңда ел арасында «жұмыс жоқ» деген желеуді жалаулатқан жандар аз емес. Олардың ойынша, олжа оңай жерден табылып, “алма піс, аузыма түс” болуы керек сыңайлы. Ал, данышпан Абай атамыз ондайларға “есектің артын жусаң да мал тап” деген болатын. Сондықтан жалқаудың соқасы күн астында тот басатынын ұмытпаған абзал.

Бұлай деуімізге Шу ауданында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге жөнелтіп жүрген кәсіпкердің тіршілігі сеп болып отыр. Сіз бен біз оңды-солды тастайтын қоқыстан табыс тауып жүрген Арман Адашов Шу қаласының тұрғыны. Ол 7 жылдан бері осы кәсіпті дөңгелетіп, 10 адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып келеді.
Шу қаласындағы қоқыс полигонына шағын цехын орнатқан кәсіпкер пластик пен шыны құмыралар, темір қалбырлар мен картон-қағаздарды сұрыптап салдырып, сығымдап орайды.
– Бұл кәсіппен айналысқаныма жеті жылдың жүзі болыпты. Қоқыс төгетін алаңды ретке келтіріп, таза тұрмыстық қалдықтарды қабылдап отырмыз. Мұнда үй жануарлары мен мал өлекселерін тастатпауды қатаң бақылаймыз. Сондықтан бұл жерде өткір иіс жоқ. Тұрмыстық қалдықтарды тұрғындардан тікелей қабылдау мүмкіндігіміз бар. Біз ай сайын 7 тоннаға жуық пластик ыдыстарды, 2 тоннадай қалбырларды, жазды күні 50 тоннаға жуық шыны шишаларды, 16 тоннадан астам картон-қағаз өнімдерін Алматы қаласына қайта өңдеуге жөнелтіп, пайда табамыз. Жазды күндері жұмыс көлемі артады,-дейді А.Адашов.
Қайта өңдеуге жарамды заттарды жинастырып зауыттарға табыстап, сол арқылы табыс тауып жүрген жерлесіміздің бұл ісі өміршең болады деп сенеміз. Себебі, тазалық тек әкімдіктің жұмысы деп білетін бәзбіреулер сусын ішкен ыдысын жол бойына жүре тастай береді. Туған жерге жанашырлық сезімі қалыптаспайынша, бұл үрдіс жалғаса беретіндей көрінеді.
Елімізде жыл сайын миллиондаған тонна тұрмыстық қалдықтар жиналады десек, оның тек 20-25 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Басым бөлігі кең байтақ даланың сұрқын қашырып жата береді. Ал, Қазақстанда үш мыңға жуық қоқыс полигоны жұмыс істейді.
Әлем елдерінің бұл бағыттағы қадамы баяғыда қарыштап дамыған. Мәселен, Германия, Австрия, Нидерланды, Швеция, Бельгия мен Италия, Словения секілді мемлекеттер қоқыстың 50-70 пайызын қайта өңдеп, адамзат кәдесіне жаратып отыр.
Бізге жетпейтін тағы бір қасиет-қоқысты сұрыптап салмау. Ол әкімдіктің жауапты бөлімін де қатты мазаламайтын секілді. Себебі, қоқысты сұрыптауға арналған контейнерлер аулалардан көрінбейді. Қалалық жерлерден көре қалсаңыз, жасыл, сары, қызыл түстермен боялған контейнерлердің сыртында пластик, картон, шыны деген сияқты жазулармен анық жазылып, адамдар тиісті қоқысын жәшіктерге тастайды. Қоқысты сұрыптап салу – құр әурешілік емес, болашаққа салынған инвестиция. Себебі ол қалдық емес – құнды ресурс.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоқысты қайта өңдеу және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударып, арнайы тұжырымдама әзірлеуді тапсырды. Бұл қадамдағы басты мақсат – қайта өңдеу үлесін арттырып, инвесторларды ынталандыру арқылы экологиялық ахуалды жақсарту. Қоршаған ортаның саулығы – сіздің қос алақаныңызда екенін ұмытпаңыз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.