Ақпараттық портал

Пойыздар жаңа бағытқа жүйткиді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам» деген болатын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірінде де инфрақұрылым саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде.
Оған дәлел, өткен аптада өңір тұрғындары үшін қуанышты жаңалық орын алды. Олай дейтініміз, енді Шу мен Отар станциялары арасында қатынайтын электрпойызы іске қосылды. Бұл бағыт тұрғындар үшін жол қиындығын жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге септігін тигізеді. Теміржол басшылығының айтуынша, жаңа қатынас жолы жұмысқа, оқуға және түрлі шаруамен қатынайтын азаматтарға қолайлы. Теміржол арқылы қауіпсіз әрі ыңғайлы сапар жасауға жағдай жасалып жатыр.
Электрпойыз 19 ақпаннан Шу станциясынан сағат 15:30-да шығып, Отар ауылына 19:00-де жетеді. Барлық 4 вагонның жылуы мен жүрісі электрмен жабдықталған. Жол ақысы 3 санат бойынша есептеледі. Яғни 1751 теңгеден басталып, 2257 теңгеге дейін жетеді.
Ақжолтай шараның ашылуында Тұрсынбай Халық бастаған ардагер теміржолшылар қызыл лентаны қиып, жолаушыларға сәт-сапар тіледі.
Алдағы уақытта электрпойыздары Шу-Алматы, Шу-Тараз бағытына қатынайды деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жолаушылардың уақыты мен қалтасына үнем болары сөзсіз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.