Салт-дәстүрімізді дәріптеген байқау
Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры салт-дәстүр, әдеп-ғұрыппен өрілген текті халқымыздың тапқырлығына бас имей қоймайсыз. Перзент ананың құрсағына біткен күннен-ақ, құрсақ шашу жасап, толғағы жеткен сәтте жарысқазан ұйымдастыратын дана қазағымыз бала өмірге келгенде, тәй-тәй басқанда, ілім-білім алуға талпынғанда, үйленіп, үй болғанда да түрлі дәстүр-жоралғыларын жасап, көрегендігін танытады.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, кейбір салт-дәстүрлеріміз тарихтың қойнауында қалды. Бұл күндері жиі жасалатын дәстүрлеріміздің өзі кей сәттерде бұрмаланып, бастапқы діңгегінен ажырап қалып жататын сәттері де жоқ емес. «Дәстүрі жоқ ел-тамыры жоқ ел» дейді халық даналығында. Ағаштың тамыры шірісе я құласа, адамның тамырынан қан жүгірмесе, не болатынын білсек, ұлтты дәстүрінен айыру да тап солай. Сара жолы, дара дәстүрі бар халқымыздың ұлттық құндылықтары өлшеусіз екені күллі әлемге аян. Заман озған сайын дәстүр-жоралғыларымыз жоғалмай, қайта жаңғырып отыруы үшін игі шараларды жүзеге асырудың мәні зор.
Осыған орай, Шу ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қонаев ауылдық мәдениет үйінде «Салт-дәстүр білгірі» байқауының аудандық кезеңі өтті. Оған жалпы және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері мен тәрбиеленушілері қатысты. Аталған байқауда қатысушылар «Таныстыру», «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым», «Білгенге маржан», «Өнерлінің өрісі ұзақ» кезеңдері бойынша бақ сынады. Таныстыру кезеңінде үміткерлер өздерін әр қырынан таныту арқылы таныстырып, өнерге бейім екендіктерін танытты. Ал, «Білгенге маржан» кезеңінде халқымыздың бай салт-дәстүрінен келген түрлі сұрақтарға тапқыр жауап беріп, өздерінің қазақи болмыстарын танытты.
Ал, «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» кезеңінде бесікке салу дәстүрі, ерулік, қыз жасауын дайындау сынды дәстүрлерін көрсетіп, қазақ халқының дархан пейілін паш етті. Бұған қоса, «Өнерлінің өрісі ұзақ» кезеңінде әуелете ән айтып, мың бұрала би билеп, ою-өрнек сырып, сурет салып, қараң өлеңді нақышына келтіре оқыды. Атап өтерлігі, осы байқаудың бастан-аяқ жоғары деңгейде өтуіне Қонаев ауылындағы «Балалар жасөспірімдер орталығы №2» КММ директорының міндетін атқарушы Ғалия Мұстапаева бастаған ұжымның үлесі зор.
Байқау қорытындысы бойынша «Балалар жасөспірімдер орталығы №2» КММ-нің педагогі Кудайбергенова Айдана мен тәрбиеленуші Тұрсын Кәусар және Балалар жасөспірімдер өлкетану туризм орталығының педагогі Байхут Қарақат пен тәрбиеленуші Байғұтты Айялар «Салт-дәстүр білгірі» байқауының облыстық кезеңіне жолдама алды. Ауданның намысын облыс төрінде қорғайтын жеңімпаздарымызға сәттілік серік бола отыра, олжалы оралуларына тілектестігімізді білдіреміз.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бабамыз “Ел боламын десең бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең әйелдің халін түзе” деген болатын, қыз бұзылса, бүтіндей бір ұлт бұзылады деген тағы бар. Сондықтан да ел бесігін тербетер қаракөздеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды дарытар байқауларды жиі өткізсек, нұр үстіне нұр болмақ.
Айғаным Асқарбек.