Скандинавия жүрісі – салауатты өмір өзегі
Дөңгеленген дүниеде адам денсаулығына орасан пайдасы бар спорттың сан түрі бар. Солардың бірі-скандинавия жүрісі. Бұл дегеніміз, арнайы таяқтарды пайдаланып, дененің 90 пайызына жүктеме түсіретін, барлық жастағы жандарға пайдасы бар белсенді қозғалыс.
Оң аяқ пен сол қолды, сол аяқ пен оң қолды алмастыра қозғалту арқылы жүрек-қан тамырларын қатайтып, буын ауруларының алдын алады. Әрі күнлелікті жаяу жүруден 40-50 пайыз көп калория түзіп, омыртқаға түсетін күшті төмендетеді. Бұл спорт жүрек-қан тамырлары жүйесін, буындарды, арқаны нығайтқысы келетін барлық адамдарға, оның ішінде қарттарға арналған деуге болады.
Зейнетақысын дәріханадан гөрі немерелеріне жұмсауды жөн көріп, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген аға буын өкілдері арамызда жетерлік. Олар таң алакеуімнен таяқтарын ұстап, скандинавия жүрісімен шұғылданады. Жасы 75-тен асқан Ерболат Досымбаев ақсақалды аудан жұртшылығы жақсы таниды. Спортты әрдайым серік ететін қария 7 жылдан бері спорттың аталмыш түрімен айналысып келеді. Қазіргі таңда қарияның жетекшілігімен 40-қа жуық Төле би ауылының тұрғыны таңғы таза ауамен тыныстап, таяқтарын ұстап, 2 сағатқа жуық скандинавия жүрісімен жүреді. Әрі өтті ағызуға жәрдем беретін жаттығу мен мидың тамырларына әсер ететін әдістерді жасайды.
-Осы жүріспен айналысқаныма 6 жылдан асты. Оған дейін жүгіретінмін. Кейін жасыма байланысты осы тәсілді қолға алдым. Содан бері үзбей күнделікті күн шыққанға 2 сағат қалғанда саябаққа шығып, спортпен шұғылданамыз. Адамға Құдай 872 бұлшық етті бекер бермеген. Оларға қанның барып тұруы қажет. Сондықтан скандинавия жүрісі бізге зор септігін тигізеді. Алдағы арманым – қанаттастарымның саны 150-ге жетсе екен деймін,-дейді Ерболат Әбжапарұлы.
Ең кішісінің жасы 50-де болса, егдесі осы Ерболат ағай. Бөріктілер намысын Субахан Байгисиев пен Әкімжан Нұраханов лайықты түрде қорғап келеді. Аға буынға қарап бой түзейтін мектеп оқушылары да баршылық екен. Олардың айтуынша, таңғысын жүрген 12 шақырым қарияларға күні бойы сергектік сыйлайды. Әрі спортшы қариялар сағат 22:00-ден кеш жатпауға кеңес береді.
Таяқ ұстап таңшолпанды қарсы алатындардың бірі – Гүлмира Сатылғанова. М.Әуезов атындағы орта мектебінде еңбек ететін ұстаздың тәнін шынықтырумен айналысып жүргеніне 20 жылдың жүзі болған екен. Ал скандинавия таяғын ұстағанына тура 2 жыл.
-Таңда тұрсаң, күніңді жеңесің. Шүкір! Таңғы сағат 4-те үйден шығып, осы саябаққа келіп үзеңгілестермен бірге әңгіме-дүкен құра жүріп, спортпен шұғылданамыз. Бас-аяғы 2 сағат ішінде керемет күш жинап аламыз. Мені бұрын бронхылы демікпе дерті мазалайтын. Шағын балонмен тыныстайтынмын. Соны тастағаныма 10 жыл болды. Одан бөлек, өтімде тас болатын оны да жеңу нәсіп болды,-дейді Төле би ауылының тұрғыны.
Тағы бір қарт Субахан Байгисиевтің де таңғы жүрісіне 5-6 жылдың жүзі болған. Зейнетке шыққаннан кейін осы топқа қосылған қария қан қысымы реттеліп, буын аурулары қайтқанын айтып отыр. Ол кісі көшбасшылары Ерболат ағайдың жалынды сөздерінен жігер алатынын жеткізді. Оның ішінде топ жетекшісінің «таңғы жүріске уақытыңды қимасаң, зейнетақыңды дәріханаға жұмсауға қамдан» деген сөзі көпшілікке ой салған сыңайлы. Сөз соңында С.Байгисиев «Шу өзеніне бастайтын аллеяны жарықпен қамдап қойса, жақсы болар еді» деген тілегін айтты.
Скандинавиялық жүріс соңында спортшылар таяқтарын баяғының қарттарындай белдеріне ұстап, артқа қарай жүретінін көрдік. Бұл Бехтеревтің мидың тамырларына қан жүгірту арқылы алжудың алдын алатын әдісі екен. Сосын таяғына сүйеніп 90 градусқа еңкейіп тұру өт жұмысын жақсартуға таптырмас тәсіл екенін түсіндік. Таңғы жүрістегі ең басты мақсат – ерік-жігерді жану. Өйткені, тәтті ұйқысын қиып, жылы көрпесінен тұру көп адамдарға оңайға соқпайды. Дерттерден айығу үшін ұзақ уақыт керек. Жылдарды жұмсауға болады. Таңғы серуенмен шұғылданып жүрген кісілерден бөлек, үйлері саябақтан алыс зейнеткерлер де денсаулықтарына күтім жасайтынын естідік. Олар да 10 мың қадам жаяу жүріп, тәнге ширақтық беретін жаттығу жасайды.
Қорыта айтқанда, қозғалыс-өмір қуаты. Сондықтан оқырмандарды саябақтың саф ауасын жұтып, скандинавиялық жүріспен шұғылдануға шақырамыз!
Байжан Емберді.