Ақпараттық портал

Діни ахуалға көңіл аударды

Сәрсенбінің сәтінде Жамбыл облысының және «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Шу ауданына арнайы сапармен келді. Қасиетті Рамазан айындағы сапарында бас имам аудандық «Жәми» мешітіне, қалалық «Кәрібай молда» мен «Айтқұл баба» құтханаларына барып, зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Облыс орталығынан келген мейманға ауданның бас имамы Алмас Рысханұлы өңір мешіттерінің атқарған жұмыстарын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар қазіргі таңда ауданның 12 мешітінде құранды толық жаттаған қарилар тарауық намазын жүргізіп жатқанын жеткізді.
Мешіттерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен қабылданған шараларға өзінің оң бағасын беріп, жамағаттың ынтымағын арттыру, тарауық намаздарын табысты аяқтау, діни рәсімдерді жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Асқар Зәкіржанұлы сапар барысында Балуан Шолақ ауылында болып, «Қойайдар ата» мешітіндегі ауызашарға қатысты. Дастархан басында бірлік, сауапты амал, дін мен дәстүр турасында уағыз айтып, көпшіліктің сауалдарына жауап берді. Ауылдарына ат басын бұрған облыс имамына ауыл тұрғындары да дән риза болып, қазақы жолмен иығына шапан жапты.
Жамбыл облысының бас имамының сапары аудан орталығындағы «Төле би» мешітінде түйінделді. Аталмыш мешіттің имамы Талғат Кәрібайұлы қадірлі қонақты қарсы алып, жұмыстар мен жоспарларды таныстырып өтті. Тарауық намазына қатысып, жамағатқа оразаның қадір-қасиеті, құпталған амалдар мен тыйымдар турасында уағыз жүргізді. Берекелі айда өсек-аяңнан, өзгеге қиянаттан тыйылып, обал-сауапты біліп, жан-жағындағы жандарға қамқорлық танытып, қайырымдылық жасаудың жалғасы жыл он екі ай жалғаса берсін деген тілегін жеткізді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.