Оқуға құштар жүректер
Кітап – ұлт руханиятының алтын діңгегі, ал оны сүйіп оқитын жас өрендер – ел болашағының берік негізі. Осы асыл құндылықты насихаттау мақсатында Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көркем әдебиет туындыларын ең көп оқитын оқырмандар арасында «Оқуға құштар жүректер» атты аудандық байқау дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өтті. Аталған байқау жас оқырмандардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін, сахналық мәдениетін, ой еркіндігін айқын көрсетті. Байқау барысында қатысушылар көркемсөз оқу, әдеби композиция, өз ойларын әсерлі жеткізу арқылы шынайы өнер иелері екенін дәлелдеді. Әрбір оқырманның жүрек түкпірінен шыққан сөзі көрермен қауымды бей-жай қалдырмады.
Байқаудың әділ бағалануына беделді қазылар алқасы атсалысты. Қазылар құрамында Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Тұрлығұлова Жанат Қамшыбекқызы, аталған кітапхананың инновациялық-әдістемелік жұмыс жөніндегі бөлім әдіскері Амангелдиева Гүлназ Қайратқызы, Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Алжанбаева Бағдагүл Дәулетханқызы, сондай-ақ осы жолдардың авторы болды. Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін әділ саралап, лайықты бағаларын берді.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерінің кітапқа деген сүйіспеншілігін, оқуға деген құмарлығын көркем сөзбен, жүректен шыққан әсерлі ойларымен жеткізді. Жас оқырмандардың кітапты жан серігіне айналдырғаны, білімге деген ынтасы олардың әрбір сөзінен анық аңғарылды. Бұл кезеңде қатысушылардың тіл байлығы, ой өрісі мен сахна мәдениеті айрықша байқалды. Екінші кезеңде үміткерлер қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы М.Мақатаевтың өлеңдерін мәнерге салса, сөз құдіретін сезіне білетіндерін дәлелдеді. Сонымен қатар, ағартушы-педагог, ұлт руханиятының шамшырағы Ы.Алтынсариннің прозалық шығармаларын көркемдеп оқыды. Бұл кезеңде қатысушылардың әдеби талғамы мен шығарманы түсіну деңгейі ерекше бағаланды. Ал шешуші үшінші кезеңде қатысушылар қос тұлғаның өмірі мен шығармашылығына байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, білім-біліктерін сынға салды. Сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауап берген оқырмандардың ізденісі мен әдебиетке деген құрметі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Анарбек Сұлужан, І орынды Санақ Айару, ІІ орынды Жайсан Шахназар, ІІІ орынды Қази Ақнұр жеңіп алды. Сонымен қатар, байқауға белсене қатысқан өзге де оқырмандар Алғыс хаттарға және ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Атап өтерлігі, «Оқуға құштар жүректер» атауындағы бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл игі бастама жас ұрпақты кітап оқуға баулып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, рухани бай болуға үндейді. Осындай тағылымды шаралар арқылы кітапқа деген қызығушылық артып, жас оқырмандардың шығармашылық әлеуеті ашыла түсуде.
Балнұр Жексенбекқызы.