Құқықтық сана қалыптастыруға негізделді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды» деген болатын. Сондай-ақ, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды ұсынды. Ал, «Заң мен тәртіп» қағидасы орныққалы қоғамда біршама оң өзгерістер орын алып, өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығы артып, тәртіп орнауда. Бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы да нәтижесін беруде. Жақын күндері жан-жақты талқылаудан өтіп жатқан жаңа Конституция жобасын қалың бұқара бірауыздан қолдап, тәртіпке бағынған мұқым ел болуға қадам баспақпыз.
Жас шыбықты қалай күтіп-баптасаң, солай қалыптасып кететініндей, өскелең ұрпақты балаң күнінен тәртіпке баулысақ, нәтижесі болары сөзсіз. Ол, әсіресе білім беру ұйымдарында жүзеге асады. Қазіргі таңда білім ошақтарындағы ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы үздіксіз жұмыс жасап, мектеп пен ата-ана арасында ынтымақтастық орнатуға күш салуда. Соның жарқын көрінісі, Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектебінде өткен «Тәртіп – тәрбие бастауы» атты аудандық семинар. Оған аудандық білім бөлімінің әдіскері Индира Инкибаева, аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдары директорларының тәрбие ісі және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және аталған мектеп ұжымы қатысты.
Бала тәрбиесін кеңінен талқылаған іс-шара әсем күймен түріліп, қатысушылар акт залға жайғасты. Ең алдымен мектеп директорының міндетін атқарушы Серік Муханов пен Мақпал Абайханова сөз алып, аудандық семинардың мақсат-міндеттерімен таныстыра отырып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан кейін Г.Есенгелдиева қатысушы қонақтар арасында жағымды атмосфера құрып, қызықты тренинг өткізді. Тренинг барысында семинарға қатысушылар топқа бөлініп, арнайы сурет сұлбасын, қарындашқа байланған бірнеше жіптерді 6-7 адам ұстау арқылы ақ парақтың бетіне салуға тырысты. Бұл әдіс қолайлы орта қалыптастырудан бұрын сенімділік пен бірліктің күшін көрсетті.
Мұнан кейін семинар қатысушылары бөлініске бөлініп, әр кабинеттегі сынып сағаты, ата-аналар жиналысы, коучингтерге қатысып, кәсіби біліктілігін шыңдады. Атап айтсақ, Б.Жұмажанның ««ДосболLike» буллингтен қорған», Д.Шәкеновтің «Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз болашақ!», А.Изтелеуованың «Заң мен тәртіп – ел тірегі» атты сынып сағаттары, А.Қайрбекованың «Зорлық-зомбылықтың алдын алу-бақылау емес, сенімнен басталады», А.Ергенбайдың «Отбасындағы тәрбие – жасөспірім үшін заң» атты ата-аналар жиналысына қатысып, мол ақпараттарға қанық болды. Ерекше дайындықпен өткен сынып сағаттары мен ата-аналар жиналысы жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық әрекеттеріне тосқауыл қою, ата-ананың өз баласына деген жауапкершілігін арттыру, оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қиын ата-аналармен жұмыс жасау сынды мәселелердің оң шешімін табуға бағыталды. Сондай-ақ, А.Нуркаликова «Бала тәрбиесіндегі-ата-ананың рөлі» атты коучингте, түрлі ситуациялық сұрақтар қойып, қатысушылардың белсенділігін арттырды. Бұған қоса мектептің әлеуметтік педагогі А.Жұмабай «Жеке тұлғаның әлеуметтік дамуы» тақырыбында өзінің жинақы, тап-тұйнақтай, талапқа сай жасалған құжаттарымен таныстырса, ұйымдастырушы педагог А.Әскен «Мектеп парламенті – құрмет пен жауапкершілікке негізделген ұйым» тақырыбында жобалық жұмысын көрсетті.
Аудандық семинардың тағы бір бөлімінде мектеп оқушылары әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, поэзия әлеміне бойлады. Семинарға қатысушы қонақтар тарапынан жоғары деңгейде ұйымдастырылған жұмысқа лайықты баға беріліп, әсіресе мектептің тәрбие ісі және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қатар алып жүрген, машақаты мол тәрбие жұмысын бір жолға қоюға күш-жігерін жұмсаудан аянбайтын Мақпал Сарыбайқызының еңбегіне алғыс білдірді. Семинар соңында барлық атсалысқан қызметкерлерге аудандық білім бөлімі басшысының атынан арнайы сертификаттар табысталды.
Халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі, жауапкершілік бәріне ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Кез келген кеселмен үздіксіз күрестің арқасында ғана нәтиже шығатыны белгілі. Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – бала тәрбиесі бойынша жүйелі жоспар да түзілген, ата-аналар тарапынан соны жүзеге асыру ғана қалып отыр.
Айғаным Асқарбек.