Ақпараттық портал

«Соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеді»

Қорасында түйе боздап, қойы қоздап шу болатын, қара жерде дән өніп ну болатын, қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасатын көрініс тек қана ауылға тән. «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы» деп Мұқағали ақын жырлағандай, ауыл туралы айта бастаған әрбір жанның тұла бойы тулап, жүрегі дүрсіл қағып, кеудесін бұлқынған сезім билейтіні рас. Бүкіл халықтың түп қазығы, алтын бесігі саналатын ауыл қасиет пен киеге толы құт мекен ғой. Ауыл десе, көз алдымызға сары бала, қара қазан қамы үшін деп ас-суын ала жүгіретін аналарымыз, қамшымен жылқы қайырған, құрығынан қой өрген әкелеріміз, топырақта аунап-қунап, алқам-салқам жүгірген балаларымыз еске түседі. Әке, ана, бала – осы емес пе өмірдің үш тірегі?! Осы үшеуінің жарасымды тірлігі мен берекелі бірлігінен асқан бақыт бар ма?! Міне, бүгін біз ат басын тірейтін ауылдың еңкейген баласынан еңкейген қартына дейін аңқылдаған пейілімен өзіне тарта баурап алады. Бұл,әрине «Үлгілі ауыл» атанған Балуан Шолақ ауылы. Олай болса, ауылдың тыныс-тіршілігін боямасыз қалыпта берген мақаламызда Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Сандыбаев Данияр Көкталұлымен сұхбатымызды ұсынғанды жөн көрдік. Газетімізді үзбей оқитын оқырманымыз ұмытпаса, төбесі биік Төле би ауылынан кейінгі еңсесі биік Балуан Шолақ ауылы жайлы жазып отырғанымыз осы…

-Данияр Көкталұлы, «Жер-судың аты-тарихтың хаты» демекші, Балуан Шолақ ауылының атауы жылдар тезінде бірнеше рет өзгергендігін тарих айғақтайды. Сол жөнінде аз-кем тоқталып өтсек…
-Иә, сұрағыңыз өте орынды. Ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғамас бұрын тарих беттеріне сәл шегініс жасап, ауылымыздың қалыптасу кезеңіне тоқтала кеткенді жөн санаймын. Себебі, бүгінгі Балуан Шолақ ауылының іргетасын қалап, оны елді мекен ретінде орнықтыру жолында өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтар аз емес.
Нақтырақ айтсақ, 1929 жылы осы өңірде «Ақтөбе», «Теңлік», «Ерназар» ұжымшарлары құрылады. Кейін ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өндіру мақсатында бұл үш ұжымшар «Ақтөбе» колхозына біріктіріледі. Уақыт өте келе шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығайып, 1963 жылдары колхоздағы аула саны 411-ге, халық саны 2011 адамға жетті. Дәл осы кезеңде шаруашылықты 14 жылға жуық уақыт басқарған Оразымбет Құсайыновтың еңбегі ерекше екендігін атап өтпеске болмайды.
1989 жылдары колхоздың 60 жылдық мерейтойы аталып өткен екен. Сол жылдары ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдерінің бастамасымен ұлтымыздың біртуар перзенті — жауырыны жер иіскемеген атақты палуан, композитор, әнші, дала цирк өнерінің негізін қалаушы Нұрмағамбет Баймырзаұлының, яғни елге мәшһүр Балуан Шолақтың есімін ауылға беру туралы тарихи шешім қабылданады. Бірауыздан мақұлданған ортақ шешімнің нәтижесінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қаулысына сәйкес, Ақтөбе ауылы 1990 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде «Балуан Шолақ ауылы» болып бекітілді.
Қазіргі таңда Балуан Шолақ ауылдық округінде 2000-ға жуық халық өмір сүріп жатыр. Осы ұзақ жылдар бедерінде ауылымыздың өсіп-өркендеуіне, шаруашылықтың дамуына сүбелі үлес қосқан, ел игілігі үшін аянбай тер төккен еңбек адамдарының қатары қашанда мол болды.
-Ауылдың негізгі тірегі-еңбек көркін қыздырған азаматтары. Былтырғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Үлгілі ауыл» атану бақытына ие болдыңыздар. Бұндай мәртебеге жету үшін қандай іс-шараларды жүзеге асырдыңыздар?
-Біздің халқымыздың танымында «үлгі болу» деген өте қасиетті сөз бар. Өмір жолында мәнді де мағыналы тіршіліктің тұтқасын ұстап, береке мен бірліктің боямасыз қалпын көрсете білуі әрі мұқым елдің бір мақсатқа бірігуі үшін қажырлы еңбек қажет. Өзгеге үлгі болуға талпыну үшін өзің де біреуді үлгі тұтуың қажет. Мен қызметтік жолымда халықшыл болған Дінмұхамед Қонаевтың «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген сөзіне арқа сүйеп келемін.
2022 жылы ауылға әкім болып сайланған сәттен бастап менің басты арманым – туған ауылымды облыс және республика көлемінде танымал, үлгілі елді мекенге айналдыру еді. Сондықтан бұл жолда жүйелі жоспарлар құрып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды жүргізіп келеміз.
Ең алдымен инфрақұрылым мәселесіне баса мән берілді. 2021–2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелер толық жөндеуден өтті. Көшелерге түнгі жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңдары салынып, ауыл саябағы абаттандырылды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейтілді.
Округке қарасты Жиделі ауылында 5 келушіге арналған фельдшерлік-амбулаториялық пунктің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтаудағы маңызды қадам болды.
Ағын су мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Су ысырабы мен каналдардың тозуы егістік алқаптарға кері әсерін тигізіп келгені белгілі. Осыған байланысты «Суғару және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы» (ПУИД-2) аясында ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын «Ақтөбе» каналы толық цементтеліп, күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде су шығыны азайып, ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.
Жер мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. 2022 жылы пайдаланылмай жатқан «Ерназар-Теңлік» ЖШС-не тиесілі 9800 гектар жер кері қайтарылып, қоғамдық жайылым ретінде ауыл теңгеріміне өтті. Бұл шешім шалғайда жаздық жайылымы жоқ тұрғындардың мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Ауылдың 6 шаруа қожалығына және тұрғындардың малдарына қолайлы болу үшін ескі құдықтар мен қайнарлар маңына жайылымдар ұйымдастырылды.
Жиделі ауылының жайылымға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудандық жер қатынастары бөлімімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп, ауыл маңынан бос жатқан 500 гектар жайылым анықталып, заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, тұрғындарға берілді. Сонымен қатар, бұрынғы балық шаруашылығына тиесілі, бірақ мақсатына сай пайдаланылмай жатқан 1000 гектар жер кері қайтарылып, әкімшілік теңгеріміне өтті.
Ең бастысы, елдегі құқықтық саясат тұжырымдамасында заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүгі ауыр Жолдауына арқа сүйедік.
Осы тұжырымдама аясында Балуан Шолақ ауылдық округінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, ауылымызда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп, күнделікті рейдтік шаралар, кешкі патруль жұмыстары ұйымдастырылып отырады. Бұған қоса, жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық тәрбие беру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, түнгі мезгілде заңсыз жүрген жасөспірімдер мен мас күйде қоғамдық орында жүрген азаматтарға қатысты түсіндіру және әкімшілік шаралар қолға алынып, ұдайы жүргізіліп келеді.
Ағымдағы жылы қоғамдық қауіпсіздікті техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында ауылдың орталық көшелеріне және адамдар жиі жиналатын орындарға бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл – құқық бұзушылықтың алдын алуға және тіркелген оқиғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Әлбетте қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы – өте маңызды. Бұл ретте ақсақалдар кеңесі, ардагерлер ұйымы және жастар арасындағы бастамашыл топтары белсенділік танытып келеді. Қоғамдық кеңестің қатысуымен көшелердегі тәртіп, түнгі тыныштық, көршімен татулық сияқты мәселелер жиі талқыланып, нақты ұсыныстар беріліп отырды.
Сондай-ақ, ауыл әкімдігі мен учаскелік полиция инспекторы арасында өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тұрақты түрде жүргізілуде. Қоғамдық орындарда, мектептер мен дүкендер маңында заң талаптарының сақталуы, санитарлық нормалар және тыныштық режимі қатаң бақылануда.
Атқарылған ілкімді жұмыстар өз нәтижесін беріп, соңғы үш жылға жуық уақыт ішінде ауыл аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ең алдымен ауыл тұрғындарының бірлігі мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осы жетістіктің нәтижесінде 2025 жылы Балуан Шолақ ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Текебаев Есенгелді ағамыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан арнайы Алғыс хат алып, ауыл республика көлемінде «Ең тәртіпті ауыл» атанды. Бұл – барша ауыл тұрғындарының мерейін үстем етіп, мәртебесін биіктеткен айтулы оқиға болды.
Өйткені бұл жетістік – ауылдың ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген қазыналы қариялардың, саналы да белсенді жастардың, қамқор ағалардың және туған жеріне ту тіккен азаматтардың еселі еңбегінің еленуі, жүйелі жұмыстың лайықты бағалануы деп білеміз.
Сонымен қатар, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында облыс деңгейінде «Үлгілі ауыл» жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылы Балуан Шолақ ауылы аталған жобаға белсене қатысып, облыс бойынша «Ең таза, үлгілі ауыл» номинациясын жеңіп алды. Бұл – ауыл тұрғындарының тазалыққа, тәртіпке, ортақ іске деген жоғары жауапкершілігінің нақты дәлелі. Ел бірлігі мен ұйымшылдығы бар жерде алынбайтын асу жоқ екенін Балуан Шолақ ауылы тағы бір мәрте дәлелдеді.
-Данияр Көкталұлы, өз сөзіңізде «Үлгілі ауыл» атануға туған жерге ту тіккен азаматтардың да үлесі бар екендігін алға тарттыңыз. Біз білетін Балуан Шолақ ауылы жомарттық іспен көптің назарына іліккен ауыл. Сіздердің ауылда соңғы 5 жылда жомарт жандардың қолдауымен жасалған игі істерді атап өтсеңіз.
-Қыдыр дарып, бақ қонған Балуан Шолақ ауылында ел азаматтарының бірлігі мен жанашырлығының арқасында атқарылып жатқан игі істер шын мәнінде ұшан-теңіз.
Игі бастамалардың бастауы ретінде, ең алдымен, 2018 жылы Матышевтар әулеті салып берген Қойайдар баба мешіті ерекше аталады. Қойайдар баба мешіті – ауыл өміріндегі ерекше белес болды. Бұл мешіттің бой көтеруі тек құлшылық орнын салумен шектелмей, ауыл тұрғындарының рухани жаңғыруына, ауызбіршілігінің артуына үлкен серпін берді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, мешіт құрылысының басталуы мен сәтті аяқталуы елдің еңсесін тіктеп, ұйқыда жатқан ауылды оятқандай рухани серпіліс әкелген айтулы оқиға болды. Құрылыс барысында үлкендер батасын беріп, жастар жұмыла кірісіп, барынша қолдау көрсеткен. Матышев Нұрхан ағамыздың бастамасымен қолға алынған бұл игі іс халықтың тілегімен үйлесіп, жоспарланған мерзімінде аяқталып, ел игілігіне берілді.
Бүгінде сәулеті мен салтанаты келіскен мешіт ауылдың ажарын ашып қана қоймай, заманауи талапқа сай салынған асханасы арқылы ауыл тұрғындарының басын қосатын, ас тарату мен түрлі жиындар өтетін рухани-мәдени орталыққа айналды. Осы сәттен бастап ауыл азаматтарының жекелей де, бірлесіп те атқарған қайырымды істері тұрақты дәстүрге айналды.
Жомарттық істе әрбір қадамы кісі қызығатындай жандардың бірі, 2023 жылғы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпаздары Мадалиевтер әулеті туған жерге зор қолдау көрсетіп келеді. Олардың демеушілігімен Балуан Шолақ, Бәйдібек және Бөлтірік ауылдарында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы 6 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, жаны жомарт жандардың қолдауымен ауылға кіреберістегі жаңа зиратқа бөлінген 5,1 гектар жер толық қоршалып, ел алғысына бөленді. Әулет мүшелері ауылдағы түрлі іс-шаралар мен ас-тойларға да үнемі атсалысып келеді. Әсіресе, 2025 жылы қазақтың біртуар перзенті Балуан Шолақтың туғанына 160 жыл толуына орай өткен республикалық мерейтойға белсенді қатысуы – туған жерге деген тағзымның айқын көрінісі.
Игі істердің жалғасы ретінде 2024 жылы ауыл тумасы, спорт жанашыры әрі кәсіпкер-меценат Ашимханов Айтжан Рашидұлы өз қаражаты есебінен «Рашид ата» спорт кешенін салып берді. Бұл кешен бүгінде жастардың дзюдо, қазақша күрес, волейбол және футбол секілді спорт түрлерімен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап, салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды орталыққа айналып отыр.
Сол жылы Сағындықов Нұрдан ағамыздың қолдауымен орталық саябақта Мемлекеттік Ту орнатылып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Бұл – аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған тың бастама еді, әрі елдік пен еркіндіктің айшықты нышанына айналды.
2023 жылы «Жомарт түлек» акциясы аясында 1986 жылғы мектеп түлектерінің 20 жылдық кездесуіне орай орталық көше бойынан «Туған жер» саябағы ашылды.
Сондай-ақ ауыл азаматтарының демеу-шілігімен орталықтағы шағын футбол алаңының тозығы жеткен жасанды жабыны толық жаңартылып, жанынан шағын саябақ қоршалып, сәндік ағаштар отырғызылды.
Шаруақожалық жетекшілерінің тұрақты қолдауымен жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мектеп формасымен және сөмкемен қамтамасыз етіліп келеді.
Барлығынан шоқтығы биік оқиға – 2025 жылы қазақтың даңқты перзенті, палуан, сазгер, сері Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының туғанына 160 жыл толуына орай республикалық деңгейде ұйымдастырылған ауқымды мәдени-рухани іс-шаралар болды. Мерейлі мерекенің болашақ ұрпақ үшін маңызын терең түсінген ауыл ақсақалдары мен жастары әкімшілік тарапынан көтерілген игі бастаманы бірауыздан қолдап, баба рухына арналған ұлы тойды лайықты өткізу мақсатында арнайы қор құрып, қажетті қаражат жинау жұмыстарын жүйелі түрде бастап кетті.
Осы тұста ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы айқын көрінді. Қаржы жинау мәселесінде ауқатты азаматтардан бастап қарапайым еңбек адамдарына, жалынды жастарға дейін шет қалмай, өз үлестерін қосты. Бұл – елдік пен бірліктің жарқын көрінісі болды.
Көптің тілегі бір арнада тоғысқанда алынбайтын асу болмайтыны белгілі. Соның айқын дәлелі – Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдық мерейтойының республика көлемінде тарихи тағылымы мол, мазмұны терең, абыройлы әрі жоғары деңгейде өтуі болды. Бұл мереке тек бір ауылдың ғана емес, тұтас елдің рухын көтерген, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған айтулы оқиға ретінде халық жадында қалды.
Мұның барлығы – ауыл азаматтарының туған жерге деген адалдығының, ауызбіршілігі мен жауапкершілігінің айқын дәлелі. Осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында Балуан Шолақ ауылының болашағы баянды, келешегі кемел болары сөзсіз.

Сұхбаттасқан Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.