Қаңғыбас иттер қаптап жүр
Мақаламыздың тақырыбы айтып тұрғандай, бүгінде көше кезіп, қаңғып жүрген иттер аудан тұрғындары үшін үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе, мектепке қатынап жүрген оқушылар үшін бұл – айтарлықтай қауіп. Әр ата-ана баласын таңертең үйден шығарып салып, кешкісін аман-есен оралғанын тілейді. Бірақ соңғы уақытта ауыл ішінде топтасып жүрген иттерді көргенде, еріксіз алаңдайсың. Шынында да, қаңғыбас иттерді күн сайын көзіміз шалып қалады. Бір қарағанда олардың барлығы иесіз емес сияқты. Бірақ мәселе – сол иттердің қараусыз қалуында. Көп жағдайда тұрғындар итті байламай, бос жібереді. Бос жүрген ит көшені кезіп, қоқыс ақтарып, кейде адамдарға шабуыл жасауға дейін барады. Аурудың да даладан жабысатыны белгілі. Сондықтан қараусыз қалған төбеттерден келетін қауіп бүгінгі күні тұтас қоғамның мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес.
Мақалаға беріп отырған фотосуретті де жақында кездейсоқ түсіріп алдық. Тіпті, мұндағы кадрда барлығы түгел түспеген. Шамамен он шақты иесіз ит бірігіп жол үстінде адам өткізбей тұр. Әсіресе, балалар қорыққанынан дүкенге жете алмай жарты жолда үйлеріне қарай бұрылып кетті. Осы көріністен кейін «кет» десең өзіне қарсы ұмтылатын қараусыз иттермен жұмыс туралы жауапты мекемеден сұрап мақала жазуды жөн көрдік.
Қазіргі таңда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне бекітілген. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар толық жүйеленіп болды деу қиын. Осы жөнінде бізге аталған бағытты жақында ғана жауапкершілікке алған ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков түсіндіріп берді.
– Бүгінгі күні ең алдымен құқықтық және ұйымдастырушылық негіздер реттелу үстінде. Атап айтқанда, жануарларды аулау, есепке алу, тіркеу жұмыстары арнайы портал арқылы жүргізілуі тиіс. Қазір сол порталға енгізу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар бөлімнің ережесіне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Яғни, мәселе әлі де қалыптасу кезеңінде. Бұған дейін бұл сала аудандағы ветеринария бөліміне қараған болатын. Сондықтан Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы тарапынан бұл салаға 2 миллион теңге бөлінген. Бірақ бұл қаржы жеткіліксіз екені анық. Себебі ресми есеп бойынша бір ғана ит немесе мысықты аулау, тасымалдау, тіркеу, вакцинациялау, стерилизациялау және қайта жіберу шығыны 2375 теңгені құрайды. Ал аудандағы қаңғыбас жануарлар саны бұдан әлдеқайда көп, – дейді бөлім басшысы.
Тағы бір өзекті мәселе – ауданда бұл қызметпен айналысатын арнайы мердігердің әлі анықталмағаны. Бұл өз кезегінде жұмыстың кешігуіне, тұрғындардың шағымының артуына себеп болып отыр.
Жалпы, бір қарағанда қаңғыбас жануарлармен жұмыс оларды аулаумен ғана шектелетін секілді. Бірақ бұл бірнеше кезеңнен тұратын күрделі жұмыс. Мамандардың мәлімдеуінше, біріншіден, жануарлар арнайы құралдармен ұсталып, уақытша ұстау пунктіне жеткізіледі. Ол жерде арнайы журналға тіркеледі. Әлеуметтік желілер арқылы жануардың иесін табу жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, жануарларға ветеринариялық тексеріс жасалып, қажет болған жағдайда шұғыл көмек көрсетіледі. Олар стерилизациядан өткізіліп, кастрация жасалады, құтыруға қарсы вакцина салынады. Сонымен қатар сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп, чип немесе арнайы бирка тағылады.
Үшіншіден, адамға немесе басқа жануарларға нақты қауіп төндірген жағдайда ғана оларды жансыздандыру шаралары қарастырылады. Бұл да заң талаптарына сай, арнайы актімен, фото-видео дәлелдемелермен рәсімделеді. Төртіншіден, жануарлар өлекселері биотермиялық шұңқырларда немесе инсинератор пештерінде залалсыздандырылады. Бұл санитарлық қауіпсіздік үшін аса маңызды. Яғни, қазіргі талап – жануарды жою емес, оны реттеу, бақылау, қауіпсіздік пен адамгершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
—Қазіргі таңда біз заң талаптарына сай барлық процесті реттеуге күш салып отырмыз. Мердігер анықталған жағдайда, ол толық цикл бойынша жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, мердігерде арнайы жабдықталған көлік, құрал-жабдықтар, ветеринар мамандар болуы шарт. Аулау қызметкерлері арнайы киіммен қамтылып, қызметтік көліктерінде байланыс нөмірлері көрсетілуі керек. Тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдау үшін 109 диспетчерлік орталығымен байланыс орнату да маңызды талаптардың бірі. Әрбір өтініш уақытылы қаралып, тиісті шара қолданылуы тиіс, – дейді бөлім басшысы.
Иесіз қалған иттерден келер қауіптің қанша-лықты көп екенін тұрғындар да жасырмады.
— Соңғы бір-екі жылда біздің көшеде қаңғыбас иттер саны көбейіп кетті. Бұрын анда-санда біреуін ғана көретінбіз, ал қазір 5-6 ит бірігіп, топтасып жүреді. Мінездері де өзгеріп кеткендей. Бұрын адамдардан қашатын, қазір керісінше, жақындайды, кейде үреді, тіпті шабуға ұмтылатындары бар. Менің екі балам бар, екеуі де мектеп оқушысы. Таңертең сабаққа жібергенде, артынан қарап тұрамын. Кешке дейін уайымдаймын. Бір күні үлкен балам мектептен жүгіріп келіп, “мама, бізді иттер қуды” деп қорқып келді. Сол кезде жүрегім аузыма тығылды. Қасында бірнеше бала болған екен, бәрін қуалапты. Абырой болғанда, ешкімді тістемеген, бірақ балалар қатты қорқып қалған. Содан бері балаларымды жалғыз жібермейтін болдым. Өзім апарып, өзім алып келемін. Бұл барлық ата-ана үшін қиын жағдай. Әркімнің жұмысы бар, бірақ қауіпсіздік бірінші орында. Кешке қарай көшеге шығу да қиын. Қараңғы түсе бастағанда иттер көбейіп кетеді, топтасып алып, бір-бірімен арпалысып, шулап жүреді.
Тағы бір байқайтыным, бұл иттердің көбінің иесі болған сияқты. Себебі кейде үйлердің маңынан шығып келе жатқанын көреміз. Бірақ оларды ешкім байламайды, қарамайды. Күндіз қаңғып жүреді, түнде өз бетінше кетеді. Яғни, жауапкершілік жоқ.
Менің ойымша, бұл мәселені аулаумен ғана шешу мүмкін емес. Тұрғындарға түсіндіру жұмысы керек. Ит асыраған адам оған жауап беруі тиіс. Ал қаңғыбас болып кеткен жануарларды міндетті түрде бақылауға алу керек. Себебі бүгін ол ит біреуді тек қорқытса, ертең тістеп алуы мүмкін. Ал оның арты үлкен қайғыға әкелуі ғажап емес, – дейді қала тұрғыны А.Сейітова.
— Біз ауылда тұрамыз, мал ұстаймыз. Бұрын қаңғыбас иттер онша көп емес еді. Соңғы жылдары көбейіп кетті. Түнде келіп, малға шабуыл жасайтынды шығарған. Бір емес, бірнеше рет сондай жағдай болды. Өткен күзде қорадағы тауықтарға шабуыл жасады. Таңертең барсам, бірнешеуі қырылып жатыр. Ізінен қарасақ, иттердің ізі анық көрінеді. Былай қарасаң, материалдық шығынға айналып отыр ғой. Содан әр түн сайын “тағы келіп жүрмей ме?” деп қарауылдайтынды шығардық. Қораны мықтап бекітеміз, бірақ иттер аш болса, бәрібір жолын табады. Кейде күндіз де жүреді. Бірнеше ит бірігіп алады да, ауыл ішінде еркін жүреді. Адамнан қорықпайды. Балаларға да қауіп төндіреді. Әсіресе кішкентайлар үшін өте қауіпті. Мен жануарды жек көрмеймін. Қайта оларды аяймын. Аш жүргені көрініп тұрады. Бірақ мәселе – олардың бақылаусыз қалуында. Егер әр иттің иесі болса, ешкім бос жібермесе, мұндай жағдай болмас еді. Қазір айтып жатыр ғой, стерилизация, вакцинация деп. Ол дұрыс. Бірақ оны уақытылы, жүйелі түрде жасау керек. Әйтпесе нәтиже болмайды. Аулап, тіркеп, қайта жіберсе де, бақылау болмаса, бәрі қайтадан көбейеді.
Менің ойымша, бұл жерде екі нәрсе қатар жүруі керек: біріншісі – қаңғыбас иттерді реттеу, екіншісі – тұрғындардың жауапкершілігін арттыру. Әйтпесе бұл мәселе әлі ұзақ уақыт шешілмей қала береді, – деп пікір білдірді есімін жария етпеуді өтінген ауыл тұрғыны.
Бүгінде ауданда 0,1920 гектар аумақта орналасқан, 43 итке арналған тұқымбақ бар. Ол аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің теңгерімінде.
Жалпы айтқанда, бұл салаға жүйелі қаржыландыру, нақты мердігер, тиімді бақылау қажет екені анық. Ал ең бастысы адамдардың өз жауапкершілігін сезінуі. Үй жануарын асырап алып, кейін оны далаға тастап кету, жоғарыда айтылғандай үлкен мәселенің бастау көзі болмақ. Егер әрбір адам осыны түсінсе, қаңғыбас жануарлар саны да азаяр еді. Қоғам қауіпсіздігі бәрінен жоғары. Бірақ сол қауіпсіздік адамгершілікпен ұштасқанда ғана мәнді болмақ. Қаңғыбас иттер қаптаған қоғам бақылаусыз қалған қоғаммен тең екенін ұмытпайық.
Мақала түйінінде Абай хакім айтқандай, «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақылы еріксіз ойға оралады. Сондықтан қараусыз қалған төбеттерден барынша сақ болайық!
Сурет автордікі.
Балнұр Жексенбекқызы.