Ақпараттық портал

Сағындырып жеттің бе, сыбағалы Наурызым?!

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп дана Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде жырланғандай, кезінде қазақ үймен көшпелі ғұмыр кешкен текті халқымыз көктемге ілінгенде қырдан ойға түсіп, ойдан қырға шығып ағайынын түгендеген. Жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер шағы деп аталатын бұл кезеңде көкке ілігіп, қыстан қалған сыбағасын асып, бірін-бірі шақырып, мәре-сәре болысқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Наурызнама» онкүндігі аталып келе жатқанына да бірнеше жыл болды. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтпек» деп қателесіп жүр ғой. Бұл біздің ықылымнан келе жатқан дәстүрлі мерекеміздің сын-сипаты. Хакім Абайдың да, мәшһүр Жүсіптің де еңбектерінде Наурызнама мерекесінің мән-мағынасы мен айшықты бедері аталып, ата-бабамыз бұл дәстүрді жылда жалғап отыратынын айтып өткен.

Осы тұста өзінің мән-маңызын жылдан-жылға арттыра аталып жүрген наурыз мейрамының кеңестік қитұрқы саясаттың ығына бұғып, бақандай 62 жыл тойланбай, жоғалып кетуге шақ қалғанында қайта тірілткен Өзбекәлі Жәнібектің есімі ара-тұра аталып жүргендігін де айтпай өтуге болмайды. Қазіргі күні өзгенің қаңсығына таңсық болып, кекектеп секек етіп, сахнаның сәнін кетіріп, «ит жоқта шошқа үреді қораданың» керін келтіріп, мәдениетті мәйегінен айырып жүрген түрлі сайқымазақтарды көргенде тектіліктің табы есетін, қазақылықтың иісі аңқитын, дәстүрімізді дәріптейтін, салтымызды санаға қазықтай қағатын, өзегімізге оралтатын ұлттық мейрамымыздың сары майдай сақталып, тарих қойнауынан оралып, қайта жаңғыратынына көзіміз жеткелі қашан?! Айналасы төрт-ақ айдың ішінде мәдениет министрі қызметін атқарған Өзбекәлі ағамыз 1986 жылғы саяси көтерілістен кейін таптырмайтын орай, кезек күттірмес ұтымды сәтті пайдаланып, ұлттық мерекені қайта жаңғыртудың қамына кіріскен-ді. Ол өз тұсында «Лениншіл жас» газетінде Мұхтар Шахановқа Наурыз мерекесінің тарихы төңірегінде сүбелі сұхбат беріп, онысы оқыған көпшіліктің жүрек түкпіріндегі ұлтшылдығын оятып, қоғамда қызу пікірталас тудырады. Сөйтіп өшкені жанып, ұмытыла бастағаны санада жаңғырып, 1988 жылы Наурыз тойы қайтадан тойлана бастайды. Міне содан бері 38 жылдың ішінде Наурыз мейрамының аясы кеңейіп, салт-дәстүріміз қайта оянып, ел ішінде ұлттық құндылығымызға қарай жаппай бетбұрыс жасалып, өз деңгейінде аталып өтуде.
Оған дәлел, шулықтар түбі бір түркі халықтарына ортақ мереке – Әз Наурызды Наурыз төбе маңындағы Атшабар алаңында барлық жөн-жоралғы, салт-дәстүр шегінде лайықты түрде атап өткендігі. Көптен күткен мерекеге қарақұрым халық лек-легімен ағылды. Дәл осы күні аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған көрініс қойып, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, тал шыбықтай бұралған бишілеріміз мың бұрала би билеп, жиылған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
Дана халқымыздың жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында бойға қуат берер жеті түрлі дәнін, сүрленген етін, ағын қосып даярлайтын Наурыз көженің жөні бөлек. Қалыптасқан дәстүрден танбай биылғы жылы да ошақ-ошақ басына қазан көтеріліп, наурыз көже әзірленді. Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еріген күнде елдің абзал азаматтары мен ардагер ақсақалдар, тұрғындар жағалай тігілген 30-ға жуық ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлардың астына кіріп, ақ дастарқанға жайғасып, наурыз көжеден дәм татты. Татулықты ту еткен ауданның мекемелері мен әр сала бөлімдері 5000-ға жуық халықты тойдырып, алғыстарына бөленді. Бұдан бөлек, астыққа толы қамбасы бар халқымыз “нан бар жерде ән бар” десіп, бауырсағын да көпшілікке үлестірді.
Атап өтерлігі, сыбағалы мереке-мізге орай “Ең үздік киіз үй” байқауы ұйымдастырылып, киіз үйдің сыртқы безендірілуі, ішкі көркемделуі, ұлт-тық салт-дәстүрді көрсетуі, ұлттық тағамдардың ұсынылуы, қонақ күту мәдениеті, ұлттық киім үлгісі, шығармашылық идеясы, өнер көрсетуі, ұлттық ойындарды таныстыруы, жалпы ұйымдастыру деңгейі сынды критерийларға баса мән беріп, нәтижесіне сай жоғары балл жинаған бөлімдер мен мекемелердің киіз үйлеріне түрлі аталымдар мен бағалы сыйлықтарды аудан басшысының өзі ұсынды. Атап айтсақ, “Ең үздік киіз үйдің” үздік бестігіне Шу аудандық электр желісі, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы, Шу Темір жолы, аудандық білім бөлімі, ЖШС «QYZYLSHA ZHER», Шу қаласы әкімінің аппараты кірді.
Ықылымнан халқымыз “шынықсаң шымыр боласың” деп тәннің саулығына ерекше көңіл бөлген. Әрі он саусағы майысып, әр іске икемделіп, ерлеріміз темірден түйін түйсе, қыздарымыз кесте тоқып, ою-өрнекті мың құбылтып, ісмерлігімен дараланған. Ата дәстүрден айнымаған шулықтар да Наурыз төбе аумағында ұлттық ойындарымызды және ұлттық өнерімізді дәріптеді. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату мен аударыспақ сияқты спорттық сайыстар өтті. Жеңімпаздарға арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Әрі шеберлер қалашығында ұлттық және қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті. Өнерді мансұқ тұтқан жергілікті тұрғындарымыз әр туындыға тәнті болып, кезекпе-кезек суретке де түсіп жатты. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі айқындалатын бұл мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. Бір-бірімізге ақ тілек тілеп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деп алдағы келер күндерден ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыстық ықыласын ақтаратын да осы – Наурыз мейрамы. Ендеше Ұлыстың ұлы күні әр жыл сайын өз деңгейінде ұлықтала берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.