Ақпараттық портал

Ұлт тәрбиесі – ұлағат көзі

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихынан тамыр тартқан салт-дәстүр — ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы. Сол асыл мұраны жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық тәрбиенің мәнін ұғындыру мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен “Ұлт тәрбиесі – ұлағат көзі» тақырыбында арулар байқауы өтті. Ұлттық салт-дәстүр негізінде өткен байқау көпшілікке ұлттық рухтың асқақтығын, қазақ тәрбиесінің тереңдігін тағы бір мәрте сезіндірді. Тіпті, сөз бастаған жүргізушінің өзі ұлттық тәрбиенің адам өміріндегі орны, салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні туралы терең ой қозғап, халқымыздың рухани байлығы ешқашан сарқылмайтын қазына екенін ерекше тебіреніспен жеткізді.

Байқауға аудан мектептерінен жиналған өнерлі де білімді арулар қатысты. Қатысушылар ақыл-парасатымен, ибалы тәрбиесімен, ұлттық өнерге деген құрметімен дараланды. Әр қатысушы сахнаға шыққан сәттен бастап көрермен ықыласына бөленіп, қазақ қызына тән нәзіктік пен даналықтың үлгісін көрсете білді.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Әр кезең ұлттық тәрбиенің терең мазмұнын ашып, қатысушылардың жан-жақты қабілетін танытуға бағытталды. Алғашқы «Сәлем — сөздің анасы» кезеңінде арулар өздерін таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен армандарын әсерлі жеткізді. Әр қыздың сөйлеу мәнерінен тәрбие, көрегендік пен мәдениеттілік аңғарылып тұрды. Қазақ қызына тән ұяңдық пен парасаттылық олардың бойынан анық байқалды. Бірі туған жерін мақтанышпен жырласа, енді бірі ана тәрбиесінің қадірін тебірене жеткізді. Осылайша бұл кезеңде көрермен қатысушылардың ішкі жан дүниесін сезінгендей әсер алды.
Келесі «Сымбатқа парасат сай келсе» атты танымдық кезеңде қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық дүниетанымы жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Мұнда қыздардың ой ұшқырлығы мен тапқырлығы сыналды. Қатысушылар халқымыздың бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату секілді салттарының мән-маңызын терең түсіндіріп, ұлттық танымға деген құрметтерін байқатты. Жылдам әрі нақты жауап берген аруларға әділқазылар тарапынан лайықты ұпайлар қойылып отырды.
Кештің ең әсерлі әрі көркем бөлігінің бірі — «Мәдениетім — мәртебем, өнерім — өрісім» атты өнер кезеңі болды. Бұл бөлімде бірі күмбірлеген домбырамен күй төксе, бірі әуелете ән шырқады. Ұлттық би билеген қатысушылар қазақ өнерінің сұлулығын сахна төрінде әсем өрнектеді. Ал көркем сөз оқыған арулар жүрекке жетер терең ойларымен көрерменді тебірентті. Ән мен жыр, би мен күй үндескен бұл кезең кештің шырайын аша түсті. Әр өнер нөмірі ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін айқындап, жас ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін танытты.
Төртінші «Қол өнер» кезеңі ұлттық мұраның шынайы көрінісіне айналды. Қатысушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарды таныстырып, қазақ қыздарының шеберлігі мен іскерлігін паш етті. Әрбір бұйымнан ұлттық нақыш, нәзік талғам мен ұқыптылық көрінді. Жалпы қолөнер туындысы қазақ қызының бойындағы сабырлылық пен еңбекқорлықтың, төзім мен талғамның үйлесімін көрсетеді. Олай дейтініміз қолөнердің өзі халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра.
Байқау барысында қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне жоғары баға берді. Әсіресе, қыздардың ұлттық құндылықтарға деген құрметі мен сахна мәдениеті ерекше атап өтілді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде М.Мақатаев атындағы тірек мектебінің талантты оқушысы Қазыбек Нұрзада Еркінбекқызына табысталды. І орын Д.Қонаев атындағы орта мектептің намысын қорғаған Анарбек Сұлужанға бұйырса, ІІ орынды С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Оспанова Ардана иеленді. ІІІ орын Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің оқушысы Айша Серікбайға табысталды.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.