Мен оқыған кітаптар
2026 жылдың 19 ақпанында республикалық «Ана тілі» газетінде жарық көрген журналист Берік Бейсенұлының «Жылына қанша кітап оқисыз?» атты мақаласын оқып, мен де өз ойымды білдіргім келді. Мен – Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылында туған зейнеткер, ардақты ұстазбын. Кітапқа деген құмарлығым алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімнен басталған еді. Ең алғаш оқыған кітабым – «Қырық қыз» атты дастан. Сол кезден бастап қазақтың бай мұрасы – ертегілер мен дастандарға сусындап өстім. Жастайымнан кітапқа деген ерекше ықыласым қалыптасты. Аудан орталығына немесе қалаға жолым түсе қалса, тамақ ішпесем де, міндетті түрде кітап дүкеніне соғып, жаңа кітап алуды мақсат ететінмін. Уақыт өте келе кітапқа деген құмарлығым арта түсті.
Қазақ әдебиетінің алып тұлғалары – Абайдан бастап Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы және басқа да көптеген қазақ жазушыларының шығармаларын қызыға, құныға оқыдым. Кейде ойлаймын: қазақ қаламгерлерінің оқымаған шығармасы қалмаған шығар деп. Үйімде де кітап қоры мол, шағын ғана кітапханам бар. Бұл – менің ең қымбат қазынам.
Биылғы қаңтар айынан бастап Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясын, ұстазым, марқұм Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» дилогиясын оқып бітірдім. Сонымен қатар жанымызда жүрген жақсы азамат, қаламгер Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Жұмабек және жер майдан», «Қуыскеуде», «Ойланушы», «Өмірге ғашық болу» атты еңбектерін ерекше қызығушылықпен оқып шықтым. Бұл кітаптар арқылы бұрын білмеген талай жайтқа қанығып, көптеген тағылым алдым. Сондай-ақ жазушы Нұрлан Қалидың «Беймезгіл» романы, Әубәкір Қайранның «Байтақ», «Күмән мен күнә», Думан Рамазанның «Жан», Софы Сматаевтың «Ағаларым – жағаларым, інілерім – ірілерім», «Қазақстан дәуірі» газетінің бас директоры Ертай Айғалидың «Алтын қаланың құпиясы», «Ажал аралының тұтқыны», «Мөлдір бұлақ» журналының редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлының «Өлместің суы бар ма?», «Төлеген оқыған хат», Ділдәр Мамырбаеваның «Махаббатың ақ жауыны», Назым Дүтбаеваның «Ізгілік тамшысы», Бектұр Төлеуғалиевтың «Бас сардар», «Балдағы алтын ақболат», Жаңабек Шағатаевтың «Ызғырақ», Келіс Рахымжановтың «Қалғұтты», Төкен Оразовтың «Қаныштың жастық шағы», Евней Бөкетовтың «Жас Қаныш» кітаптарын оқыдым. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов сыйға тартқан «Жол жалғаса береді…» атты кітап та менің кітап сөрелерімнен орын алды.
Ал қазіргі таңда көкшетаулық жазушы Ғалихан Ахметовтің алты томдық «Біржан сал» романын оқып жатырмын. Шынында да, кітап адамды ойландырады, толғандырады. Кейде өмірдегі сан түрлі тағдыр иелерімен жүздестіріп, адамды терең ойға батырады. Осындай әсер сыйлаған шығармалардың бірі – 2026 жылдың ақпан айында жарық көрген республикалық «Жұлдыз» журналында жарияланған, «Айбоз» сыйлығының иегері, журналдың бас редакторы Дәурен Қуаттың «Бруклин көпіріндегі кездесу» хикаяты болды. Бұл шығарма арқылы түрлі тағдыр иелерімен кездескендей күй кешіп, тар жол, тайғақ кешуден тайсалмай өткен Асылзада кейіпкерінің өмір жолына куә болдым.
Кітап – адамның рухани байлығы. Ол адамды тәрбиелейді, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Менің ойымша, мен өмірімнің соңына дейін кітап оқумен өтетін шығармын. Жас ұрпаққа айтарым – кітаппен дос болыңдар. Кітап оқыған адамның ойы терең, өмірі мағыналы болады.
Мақаламды мына бір жолдармен түйіндегім келеді:
Мен оқыған кітаптар
Кітап – білім бұлағы,
Өмір – оның шырағы.
Кітапты көп оқыңдар деп,
Жас ұрпаққа әрдайым,
Айтқым келіп тұрады!
Төреқұл Әлханұлы,
Әлем Халықтары жазушылар Одағының мүшесі.
Ақсу ауылы.