Ақпараттық портал

Қайыр сұрап, көше кезгендер неге көбейді?

Бір жекжатымның үйінде отырғанымда, әңгіме үстінде қонақтардың бірі бүгінгі заманның адамдарға әсері туралы айта отырып, нарықтық экономика салдарынан адамдардан ұят кеткендігін әңгімеледі. Ол Шу қаласында тұратынын, кейінгі кездерде әйелдер тұрмақ, кейде еркектер де балаларын ертіп алып, тұрғындардан қайыр сұрай бастағандарын, «аяқ-қолдары балғадай еркектер неге жұмыс істеп ақша таппайды» деп, олар үшін намыстанып отырды. Бұл әңгіме отырғандарға ой салды, біреулер сорлы еркекті сынаса, енді бірі кінәні жоқшылыққа жауып жатты.
Осы әңгіме маған да әсер етті, соған орай өз ойымды айтуға бел будым.

Осыдан 50 жылдай бұрын, менің шамамен 10-11 жастағы кезім болатын, шешем мені түске қарай ауыл орталығындағы дүкеннен кір сабын алып келуге жұмсады. Күн қайнап тұр, шілденің кезі болатын. Ол кездерде әкелеріміз шаш қойғызбайтын, шашымызды ұстарамен тықырлап қырып тастаушы еді. Күннің ыстығында велосипедпен митыңдап барып, дүкеннен кір сабындар сатып алдым. Содан дүкеннен шығып, дүкен қабырғасына сүйеулі тұрған велосипедімді ала бергенімде, аяғымның астында жатқан жап-жасыл 3 сомдық ақшаны көрдім. Біреу түсіріп алса керек, ол кезде ол ақшаның әжептеуір күші бар еді. Мен қуанып кеттім, дереу ақшаны қалтама сала салып, үйге қарай зымырадым, күннің ыстығын елемеймін. Ойым – шешемді қуанту. Үйге келсем, үйдегілер түскі ас ішіп отыр екен, төрде әкем, көпбалалы едік, үстелді айнала бауырларым отыр. Мен жауды жеңіп келгендей тасыраңдеп келіп, кір сабынды қоя сала, шешеме 3 сомдықты бердім де, ақшаны тауып алғанымды айттым. Дастарханға отыра берген едім, әкем маған тесірейе қарап: «Қайдан таптың?» деді. Мен оған болған жайды айтып шықтым. Сол кезде ол: «Ақша тауып алғаныңды дүкенші атаға айттың ба?» деп сұрады. Мен төмен қарадым. Әкемнің түрі бұзылып кетіп: «Сен мені жеңіл ақшамен асырамақ екенсің ғой, ауылда бөтен ешкім жоқ, бәрі ағайындарың, біреуі ақшасын жоғалтып қиналып отырған шығар, ал сен мәз боласың, оңбаған» деді де, дереу дүкенші атаға апарып өткізуді тапсырды, жоғалтқан адам сол жерге міндетті түрде баратынын, дүкенші ата қайтарып беретінін айтты. Мен сүмірейіп, дүкенге қайта кеттім. Бәрі тамақ ішіп отыр, мен мақтау орнына боқтау естіп, күннің ыстығында қайта кетіп барамын. Сол кезде ақшаны тауып алғаныма қатты өкінгенім есімде. Үйге қайта келгенімде, әкем жанына шақырып алып, жайлап отырып, жеңіл табысқа ұмтылмай, табысты еңбекпен тапсаң, сіңімді болатынын түсіндірген еді, жарықтық.
Бұдан не айтпақшымын?
Мәселе жоқшылықта емес, тәрбиенің жоқтығын да екенін айтқым келеді. Тәуелсіздікпен елімізге жоқшылық та ілесе келді. Сол кездері қиналған халыққа көмектесудің оңай жолы ретінде жағдайы барлар асарлатып, жағдайы жоқтарға көмектесулері керек деген идея қолға алынды. Тіпті, «Асар» деген партия да ашылды. Үкімет осылайша өз мойнындағы міндеттің біразын халықтың мойнына осылай білдірмей іле салды. Ең сорақысы, көмек көрсеткен адамдарды дабыралатып мақтап, елге жариялады. Осылайша оларды мақтап-мақтап, бір-бірімен жарыстырып қойды. Олар туралы газеттерде де жаза бастады. Осыдан соң ол міндетті еңбек ұжымдарына да жүктеп, көрсеткен көмектері туралы фотоесеп талап ете бастады. Мектептерде жағдайы жоқ отбасының балаларын ортаға шығарып, сыныптастары алдында оларға киім, азық-түліктер беріп, ол әрекеттерін суретке түсіру жаппай үрдіске айналды.
Үкіметтен діни басқармалар да қалыспады. «Оң қолыңмен жасаған жақсылығыңды сол қолың білмесін» деген қағида әдірем қалып, олар да көрсеткен көмектері туралы фотоесеп сұрай бастады, «жарыс» жалғасты.
Менің бала кезімде біреуден бір нәрсе алмақ тұрмақ, «бұл баланың отбасының жағдайы төмен» деген сөзді естудің өзі өліммен тең еді.
Біз не істедік? Балаға көмектесемін деп, оған киім беріп жатып, оның намысын, рухын жерге таптадық. Мүмкін ол баланың қатарларының ішінде бір қызға бала махаббаты бар шығар, соны еледік пе? Кіп-кішкентай кезінен бастап, оған рухын таптағаннан басқа не көрсеттік?
Ол туралы мектеп басшылығымен де, діни мамандармен де сөйлесіп, шырылдаған едім, шамам келмеді, себебі, менің сөзімнен басшылықтың қойған суретке түсіру туралы талаптары өтімді болды.
Содан бері 30-35 жыл өтті, ол балалар ересек адамдарға айналды. Олардан не күтеміз? Қайыр тілеген аяқ-қолы балғадай еркектер, «3-4 бала тудым, маған неге баспана бермейсің?» деп әкімдерге тепсінген жас аналар қайдан шықты? Ата-аналарымыз 9-10 баладан дүниеге әкеліп, бәрімізді тісін-тісіне қойып, қиналып жүріп өсірді, оқытты, жеткізді. Ешкімге қиналғанын көрсетпеді, себебі, оларды намысы қайрады. Намысы үшін аштан өлуге дайын болды. Біз кімге өкпелейміз? Неге сол кезде осы жағдайды көріп отырған ақсақалдар, ұстаздар, дін өкілдері үнсіз қалды?
Астана қаласында Тәжікстан мемлекеті жеміс-жидек көрмесін өткізгенде аштан өлердей ұмтылған қазақтар, Наурыз кезінде тегін берілген наурыз көже үшін Ұлыстың ұлы күні айғайласып жаға жыртысқан қазақтар, тегін кілем беріледі дегенде Шымкенттің дүкенін қиратып кете жаздаған қазақтар қайдан шықты?
«Не ексең, соны орасың»… Қашанда бір нәрсені тұрғызғаннан қирату оңай. Ғасырлар бойы ұлтымыздың қанына анамыздың сүтінің, батырлар жырының, ақындардың ғибратты сөздерінің, абыз ақсақалдарымыздың батасының құдыретімен сіңген ар-намыс деген ұғымды арсыз басшыларымыздың айласымен қолдан құртқан қайран қазағым-ай.
Енді не істемек керек? Ұлттық намыс, ар деген қастерлі ұғымды қалпына келтіру үшін Үкімет басындағылар арнайы ұлттық идеологияны қалыптастырып жатыр ма, әсіресе, білім, мәдениет саласында жасалатын істер ұшан-теңіз. Еститін құлақ болса, әрине…

Бақытжан Бексұлтанов,
Төле би ауылының тұрғыны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.