«Сергек» камералары іске қосылуда
Қазіргі таңда қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы тәртібін сақтау кез келген өңірдің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, заманауи технологиялардың дамуы бұл бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп отыр. Сол секілді біздің ауданда да қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бейнебақылау және «Сергек» жобасы аясындағы кешендер кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні аудан аумағында жалпы саны 147 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде: Шу қаласында – 82 дана, Төле би ауылдық округінде – 15 дана, Қорағаты ауылдық округінде – 8 дана, Ескі Шу ауылдық округінде – 12 дана, Қонаев ауылдық округінде – 10 дана, Бірлік ауылдық округінде – 10 дана, Жаңа жол ауылдық округінде – 10 дана. Бұл камералар қоғамдық орындарда, көше бойларында, жол қиылыстарында орналасып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр. Ал пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқан «Сергек» жүйесі бойынша Шу қаласы, Сәтпаев көшесі №24 үй маңына 1 камера, Төле би ауылындағы Андасбай көпіріне шығар арка тұсына 1 камера, Төле би ауылынан Мойынқұм бағытына шығар жолға 1 камера орнатылған. Бұл жұмыстар Жамбыл облысы автомобиль жолдары басқармасы арқылы жүзеге асырылып отыр.
– 2024 жылы «IP Технология» ЖШС, бөлім және ішкі істер органдары бірлесе отырып, аудан аумағындағы бейнебақылау жүйесіне кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бірқатар маңызды ұсыныстар дайындалды. Атап айтқанда, қолданыстағы 147 камераны толық интеграциялау, қосымша 20 бақылау камерасын орнату, 12 «Сергек» камерасын енгізу және жол қиылыстарына 5 дана 360° бағытқа бұрылатын камера орнату ұсынылды. Жобаның жалпы құны 690 миллион теңгені құрады. Бұл ұсыныс аудандық мәслихаттың қарауына беріліп, қолдау тапты. Нәтижесінде ағымдағы жылға 207 миллион теңге қаражат қарастырылды, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов.
2025 жылғы 20 қарашада жасалған келісімшарт негізінде жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылуда. Жоба құрамына 12 желілік учаскедегі аппараттық-бағдарламалық кешен (АПК ЛУ), 5 жол қиылысындағы кешен (АПК П), 53 нысанда орналасқан 167 бейнебақылау камерасы кіреді. Қазіргі таңда желілік учаскелердегі кешендердің монтаж жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Яғни, бұл қолға алынған жоба нақты жүзеге асып жатқандығын көрсетеді.
Алдағы уақытта аудандық полиция бөлімі аумағында шағын ЖБО контейнерін жеткізу және орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, аппараттық-бағдарламалық кешендерге тексеру сертификаттарын беру көзделген. Сертификаттар алынған соң, жол бойларына «Фото-видеофиксация» белгісі орнатылып, жүргізушілерге автоматты бақылау жүргізілетіні туралы ескертіледі.
Жобаның толық аяқталуы 31 наурызға жоспарланып, осы күннен бастап жүйе толық іске қосылып, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері автоматты түрде тіркеледі. Бұл өз кезегінде әкімшілік айыппұлдарды заң аясында рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы заманауи технологиялардың енгізілуі тәртіпті күшейтудің тиімді жолы. Дегенмен, кез келген жүйенің нәтижелілігі тұрғындардың жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба тәртіпке шақырудан бөлек, азаматтардың заңға деген құрметін қалыптастырады. Сондықтан жол ере-жесін сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбауды әрбір азаматтың міндеті ретінде қарауымыз қажет.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды әрі жүйелі екенін байқап отырмыз. Бейнебақылау камераларының көбеюі, «Сергек» жүйесінің енгізілуі – өңірдегі қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл бастама – тұрғындардың тыныштығы мен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деп сенеміз.
Балнұр Жексенбекқызы.