Ақпараттық портал

Адам құқығы мен бостандығы – басты құндылық

Құқықтық мемлекет құрудың басты өлшемі – адам мүддесін қорғау, оның еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында адам құқықтары мен бостандықтарына айрықша мән берілген.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Ата Заңда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Бұл – әрбір азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу, заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету және оның құқықтық қорғалуына жағдай жасау деген сөз.

Конституцияда әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін тәсілдермен қорғауға, сот арқылы қорғалуына және заң аясында білікті құқықтық көмек алуына кепілдік берілген. Сонымен қатар азаматтардың білім алу, еңбек ету, денсаулығын сақтау және өз пікірін білдіру құқықтары да заңмен қорғалады.

Дегенмен құқықпен қатар міндет те бар. Әрбір азамат Конституция мен заң талаптарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, табиғатты қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау да азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі.

Құқықтық мәдениет тек заң талаптарын білумен шектелмейді. Ол – өз құқығын дұрыс пайдалану, өзгенің мүддесіне құрметпен қарау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Мұндай ұстаным әр отбасынан, білім беру ұйымдарынан және күнделікті қоғамдық қарым-қатынастан бастау алады.

Адам құқығы қорғалған, заң үстемдігі сақталған қоғамда ғана тұрақты даму мен қоғамдық сенім қалыптасады. Сондықтан Конституцияда бекітілген нормаларды білу және оны өмірде басшылыққа алу – барша азаматтың ортақ міндеті.

Ата Заңның құндылығы оның қағаз жүзіндегі нормаларымен ғана емес, әрбір адамның өмірінде әділеттілік пен заңдылықтың орнығуымен өлшенеді.

Махаббат Султанова, М.Мақатаев тірек орта мектебінің директоры

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.