Конституция – елдіктің берік тірегі
Конституция – мемлекеттің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуының негізгі бағытын айқындайтын басты құжат. Ол елдің тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің, заң үстемдігі мен әділеттіліктің берік негізін қалыптастырады.
2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл еліміздің конституциялық дамуындағы маңызды тарихи кезең болды. Жаңа Ата Заң мемлекеттілікті нығайтуға, басқару жүйесін жетілдіруге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жаңа қағидаттарды бекітті.
Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану. Сонымен қатар заң мен тәртіпті сақтау, жалпыұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту, білім мен ғылымды, инновацияны қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары ретінде айқындалды.
Ата Заң – тек мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін құқықтық құжат емес. Ол әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау, елдің тұтастығы мен қоғамдық келісімді сақтау – ортақ міндет.
Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп, болашақ ұрпаққа құқықтық әрі тұрақты мемлекет қалдыру – баршамызға ортақ мақсат. Ал бұл мақсатқа жетудің басты жолы – Конституция қағидаттарын құрметтеп, күнделікті өмірде басшылыққа алу.
Сондықтан Ата Заңды білу – әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығының көрсеткіші, ал оны сақтау – ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі.
Жұмахан Чекаев, журналист