Ветеринария — жан саулығы мен мал амандығының кепілі
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды бөлігінің бірі. Асыраушы саланың тұрақты дамуы мал басының амандығы мен ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Себебі мал сырқаттарының алдын алу, азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау және адам денсаулығына қауіп төндіретін індеттердің таралуына жол бермеу – ветеринария саласына жүктелген жауапты міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған тапсырмаларында ветеринария қызметінің тиімділігін арттыру, мал ауруларының алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ұдайы айтып келеді. Бұл міндеттер ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, халықтың денсаулығы мен тіршілік сапасын жақсартуға да бағытталған.
Осы тұрғыдан алғанда, Шу ауданындағы ветеринария саласының жұмысы ерекше маңызға ие. Мал шаруашылығы ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көздерінің бірі саналатын өңірде жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық бақылауды күшейту және қажетті инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынуда.
Шу ауданындағы ветеринариялық қызмет Жамбыл облысы ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының аудандық бөлімшесі арқылы жүзеге асырылады. Ветеринария бөлімінің мәліметінше, бүгінде мекемеде 107 қызметкер еңбек етеді. Аудан аумағы 18 ауылдық округ пен Шу қаласынан, яғни барлығы 19 әкімшілік аумақтан тұратының ескерсек, мұндай ауқымды аумақта ветеринариялық қызметті үздіксіз ұйымдастыру, мал басын бақылау және профилактикалық шараларды уақытылы жүргізу зор жауапкершілікті талап етеді.
МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗА –
ТИІМДІ ҚЫЗМЕТТІҢ НЕГІЗІ
Ветеринариялық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы мамандардың біліктілігімен қатар, олардың материалдық-техникалық мүмкіндігімен тығыз байланысты. Әсіресе ауылдық елді мекендерге жедел жету, малға вакцина салу, сынама алу және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техника мен қажетті инфрақұрылымның болуы ауадай қажет.
Бөлім ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда ауданның 15 ауылдық округі ветеринариялық пункттермен қамтылған. Дулат ауылдық округінде 2023 жылы жаңа ветеринариялық пункт салынғанымен, ол әлі күнге дейін кәсіпорынның теңгеріміне берілмеген. Сонымен қатар Алға, Бірлік және Жаңа жол ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізілуде.
Кәсіпорынның теңгерімінде барлығы 35 автокөлік бар. Оның ішінде 30 «Нива» автокөлігі, екі УАЗ, бір ДУК, бір «Лада» және бір пикап көлігі бар. Мекеме деректеріне сүйенсек, автопарктегі 20 «Нива» 2013 жылы, қалған 10 көлік 2025 жылы алынған. Өткен жылы Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Ақсу, Балуан Шолақ, Бірлікүстем, Жаңажол, Ескі-Шу, Көкқайнар, Қорағаты, Қонаев, Төле би және Шоқпар ауылдық округтеріне жаңа автокөліктер табысталған. Бұл – ветеринариялық мамандардың шалғай елді мекендерге кедергісіз жетуіне, жоспарлы жұмыстарды уақытылы орындауына мүмкіндік беретін маңызды қолдау.
Бөлім басшысы Талғат Хасеновтың айтуынша, ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру – жұмыстың тиімділігін көтеретін негізгі факторлардың бірі.
«Ветеринария саласында уақытпен санасу өте маңызды. Әсіресе жұқпалы аурулардың алдын алу кезінде әрбір сағаттың маңызы бар. Сондықтан мамандардың қажетті көлікпен, құрал-жабдықтармен және жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуіне ерекше мән берілуі тиіс. Жаңа автокөліктердің берілуі ауылдық округтердегі ветеринариялық қызметтің жұмысын едәуір жеңілдетті. Алдағы уақытта ветеринариялық пункттердің санын арттырып, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайтуға күш саламыз», – дейді Талғат Жақсығұлұлы.
Кәсіпорын мәліметінше, оның теңгерімінде бір жылжымалы және екі тұрақты инсинератор бар. Бүгінде олардың барлығы толық іске қосылып, экологиялық рұқсаттары алынған. Бұл жануарлардың өлекселерін ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес жоюға, қоршаған ортаның ластануына және жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ –
БАСТЫ МІНДЕТ
Мал арасында кездесетін аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу – ветеринария қызметінің ең жауапты бағыттарының бірі. Себебі мұндай аурулар мал шаруашылығына үлкен экономикалық шығын келтіріп қана қоймай, кейбір жағдайларда адам денсаулығына да тікелей қауіп төндіреді. Осыған байланысты Шу ауданында жыл сайын профилактикалық вакцинациялау және диагностикалық зерттеулер бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Ветеринария бөлімінің 2026 жылдың алғашқы он айына қатысты мәліметіне сәйкес, аусылға қарсы 91 090 бас ірі қара, 894 600 бас уақ мал және 250 бас шошқа егілген. Уақ мал мен шошқаны вакцинациялау жоспары толық орындалса, ірі қара бойынша жоспарлы жұмыстың орындалуы 98 пайызды құраған.
Сібір жарасының алдын алу мақсатында 38 290 бас ірі қара, 300 мың бас уақ мал, 14 400 бас жылқы және 100 бас шошқа вакцинацияланған. Сонымен қатар нодулярлы дерматитке қарсы 33 мың бас ірі қараға екпе жасалған.
Бұдан бөлек, қарасанға қарсы 4 500 бас ірі қара, пастереллезге қарсы 10 мың бас ірі қара мен 60 мың бас уақ мал егілген. Құтыру ауруының алдын алу үшін 3 400 жылқы, 300 ит және 200 жабайы етқоректі жануар вакцинациядан өткізілген. Түйелер арасында оба ауруының алдын алу мақсатында 120 басқа профилактикалық екпе жүргізілген. Ал туберкулез ауруына қарсы аллергиялық тексеруден 16 900 бас ірі қара өткізілген. Бұл көрсеткіштер аудан аумағында жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – ауру тіркелгеннен кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Сондықтан вакцинациялау жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы жүргізілуіне ерекше мән береміз. Әрбір мал иесі де бұл іске жауапкершілікпен қарап, ветеринариялық мамандармен тығыз байланыста болуы керек. Өйткені малдың саулығы – шаруаның табысы, ал қауіпсіз өнім – халық денсаулығының кепілі», – дейді бөлім басшысы.
БРУЦЕЛЛЕЗ: МАЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ –
АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ
Ветеринария саласындағы аса маңызды бағыттардың бірі – бруцеллез ауруының алдын алу және оны дер кезінде анықтау. Бұл дерттің қауіптілігі сол, ол жануарлардан адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу шаралары ветеринариялық қызметпен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының да назарында болуы тиіс.
Ауданда бруцеллезді анықтау мақсатында ірі қара мен уақ малдан қан сынамалары алынып, зертханалық тексеруге жіберіледі.
Ветеринария бөлімінің ақпаратына сәйкес, 2026 жылдың он айында 52 130 бас ірі қара мен 561 474 бас уақ малдан қан сынамалары алынып, аудандық ветеринариялық зертханада зерттелген. Зерттеу нәтижесінде уақ мал арасынан бруцеллезге шалдыққан 9 бас анықталған. Оның біреуі өлсе, сегізі санитариялық союға жіберілген.
Ауру анықталған малдарды оқшаулау және санитариялық талаптарға сәйкес жою мақсатында «Рамазан» шаруа қожалығымен меморандум жасалған. Келісім аясында ауру малдарды санитариялық өңдеуге алып кету жұмыстары ұйымдастырылған.
Бруцеллездің адам денсаулығына тигізетін қаупі де алаңдаушылық туғызады. Бөлім ұсынған мәліметтерге сүйенсек, ауданда 2023 жылы 4 адам, 2024 жылы 5 адам осы ауруға шалдыққан. 2025 жылы мұндай жағдай тіркелмесе, биыл бір адамнан бруцеллез анықталған.Осы деректер аурудың алдын алу жұмыстарын тоқтатпай, малдан алынатын өнімдердің қауіпсіздігіне тұрақты бақылау жүргізудің маңызын айқындайды. Мұнда мал иелерінің де жауапкершілігі ерекше. Ауру малды жасыру, ветеринариялық тексеруден жалтару немесе күмәнді өнімдерді тұтыну адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
МАЛ БАСЫН БІРДЕЙЛЕНДІРУ – БАҚЫЛАУ МЕН ЕСЕПКЕ АЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл жүйе арқылы әрбір жануар есепке алынып, оның қозғалысы, ветеринариялық тексеруден өтуі және профилактикалық екпелерінің жүргізілуі бақыланады.
Ветеринария бөлімінің ұсынған деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Шу ауданында 45 307 бас ірі қара, 486 870 бас уақ мал, 21 749 бас жылқы, 130 бас түйе және 139 бас шошқа бар. Төрт түлікті бірдейлендіру және ақпараттық базаға енгізу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бөлім мәліметінше, бірдейлендіруге жататын 12 591 бас ірі қараның 11 384-і, яғни 90 пайызы тіркелген. Уақ мал бойынша 172 351 бастың 105 815-і есепке алынып, көрсеткіш 61 пайызды құраған. Жылқы бойынша 4 431 бас бірдейлендіруге жатқызылып, ақпараттық базаға 4 956 бас енгізілген. Түйе бойынша жоспарланған 20 бастың орнына 48 бас, ал шошқа бойынша 9 бастың барлығы тіркелген.
Бірдейлендіру жұмыстарының толық жүргізілуі ветеринариялық бақылауды күшейтіп қана қоймай, мал ұрлығының алдын алуға, мал иелерінің құқығын қорғауға және ауыл шаруашылығы саласындағы нақты статистикалық мәліметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді дейді мамандар. Бұл ретте олар мал иелерінің жануарларды уақытылы тіркетуі, төлдерді есепке қоюы және мал қозғалысы туралы мәліметтерді жаңартып отыруы маңызды екенін ескертеді.
СІБІР ЖАРАСЫ ОШАҚТАРЫНА ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ
Аудан аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұрыннан белгілі сібір жарасы ошақтарын бақылауда ұстау ерекше маңызға ие. Мал дәрігерлерінің мәліметінше, Шу ауданында барлығы 14 сібір жарасы көміндісі тіркелген. Олар Жаңақоғам, Жаңажол, Төле би, Абай, Шоқпар, Бірлікүстем, Ескі-Шу, Ақсу, Қонаев және Ақтөбе ауылдық округтерінің аумағында орналасқан.
Аталған ошақтардың барлығы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес бетонмен қоршалған. Қазіргі таңда 14 ошақтың 11-іне мемлекеттік акт алынған. Қалған үш ошақтың құжаттарын рәсімдеу жұмыстарының кешеуілдеуіне олардың мемлекеттік «Қосқұдық» орман қорының жерінде орналасуы себеп болып отыр. Мұндай жерлердің санатын өзгерту Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар ветеринариялық мамандар сібір жарасы ошақтарының топырағынан жоспарлы түрде сынамалар алып, Жамбыл облыстық ветеринариялық зертханаға жолдап отырады.
Бұл жұмыстардың мәні ерекше. Себебі сібір жарасының қоздырғышы топырақта ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Сондықтан бұрыннан белгілі ошақтардың жағдайын бақылау, олардың аумағына белгі қою, қоршауларын күтіп ұстау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу – тұрақты назарда болуы тиіс міндеттер.
БЕККЕР ШҰҢҚЫРЛАРЫ – САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ШАРТЫ
Мал өлекселерін белгіленген талаптарға сәйкес жою – жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеудің негізгі шараларының бірі. Осы мақсатта аудан аумағында арнайы «Беккер» шұңқырларын салу және оларды тиісті мекемелердің теңгеріміне өткізу жұмыстары жолға қойылған.
Бөлімнің ақпараты бойынша, бүгінде Шу қаласы, Алға, Өндіріс және Қонаев ауылдық округтерінде төрт типтік «Беккер» шұңқыры бар. Сонымен қатар Көкқайнар, Тасөткел және Шоқпар ауылдық округтерінде осындай нысандардың құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аталған нысандарды Жамбыл облысы ветеринариялық станциясының теңгеріміне қабылдау жоспарланған. Бұл инфрақұрылымның дамуы мал өлекселерін бейберекет тастау жағдайларының алдын алып, қоршаған ортаның санитариялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДА
ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Шу ауданындағы ветеринариялық қызметтің тағы бір маңызды бағыты – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарына қарсы күрес. Аталған ауру адам өміріне қауіпті болғандықтан, оның алдын алу мақсатында кенелердің таралуына жол бермеу және табиғи ошақтарда орналасқан елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет.
Ветеринария бөлімінің мәліметінше, аудан бойынша Шу қаласы мен сегіз ауылдық округте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары анықталған. Атап айтқанда, олар – Ақсу, Ақтөбе, Алға, Балуан Шолақ, Дулат, Қорағаты, Қонаев, Төле би ауылдық округтері және Шу қаласы.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен табиғи ошақтарда орналасқан елді мекендердің тұрғындарын қорғау мақсатында ауқымды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Бөлім ұсынған ақпаратқа сәйкес, бүгінгі күнге дейін 49 011 қора-жай қамтылып, жалпы ауданы 8 миллион 667 мың 600 шаршы метр аумақ өңделген. Аталған амалдардың басты мақсаты – қауіпті инфекциялардың таралу қаупін төмендетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу тек арнайы мекемелерге тиесілі жұмыс емес. Мұнда әрбір тұрғынның сақтығы мен жауапкершілігі ерекше мәнге ие. Мал қораларын таза ұстау, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізу, табиғи ошақтарға жақын аумақтарда жеке қорғану шараларын сақтау қажет. Біз өз тарапымыздан тиісті мекемелермен бірлесіп, алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жалғастырамыз», – дейді Талғат Хасенов.
ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС –
НӘТИЖЕГЕ БАСТАЙДЫ
Жалпы, Шу ауданындағы ветеринария саласының жұмысы бірнеше өзекті бағытты қамтиды. Оның ішінде мал ауруларының алдын алу, зертханалық диагностика, жануарларды бірдейлендіру, қауіпті ошақтарды бақылау, санитариялық талаптарды сақтау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жатады.
Мемлекет басшысы айқындаған ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту міндеттерін жүзеге асыруда ветеринария қызметінің рөлі ерекше. Өйткені сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіру ең алдымен малдың саулығынан басталады.
Бөлім басшысы Хасенов Талғат Жақсығұлұлының пайымынша, ветеринария саласындағы жұмыстың нәтижесі тек жоспарлы көрсеткіштермен өлшенбейді. Ең бастысы – аурудың алдын алу, мал иелерінің сенімін қалыптастыру және тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмеу.
Сондықтан алдағы уақытта да ветеринариялық инфрақұры-лымды жетілдіру, мамандардың жұмыс жағдайын жақсарту, жоспарлы профилактикалық шаралардың сапасын арттыру және мал иелерімен байланысты күшейту негізгі міндеттердің қатарында қала бермек.
Б.ЖЕЛДЕН.