Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді
Елімізде 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Бұл күн отандық қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтеді.
1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылып, 15 қараша күні төл теңгеміз ресми түрде айналымға енгізілді. Ал 1997 жылдан бастап бұл атаулы күн қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде де белгіленді.
Осы мерекеге орай аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында салтанатты жиын өтіп, қаржы саласының бірқатар маманы құрметке бөленді. Жауапты қызметтің жүгін арқалап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген сала өкілдерін аудан әкімі Б.Жәнібеков құттықтады.
– Қаржы саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен асқан қырағылықты талап ететін мамандық. Мемлекет сеніп тапсырған әрбір қаражатты тиімді әрі мақсатты жұмсап, ысырапшылдыққа жол бермеу маңызды. Бөлінген бюджет ел игілігіне бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ банк операциялары мен клиенттерге қызмет көрсету де жоғары кәсібилікті қажет етеді. Осы орайда өз міндеттерін мінсіз атқарып, жауапкершілікпен еңбек етіп жүрген баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Ел экономикасының дамуына қосып жүрген үлестеріңізді жоғары бағалаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілейміз, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде қаржы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып, қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар маманға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, сондай-ақ «Әділет» партиясы аудандық филиалының марапаттары табысталды.
Өз кезегінде марапат иелері әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне берілген жоғары баға мен көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді. Салтанатты жиын естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Айта кетейік, ұлттық валютамыздың «теңге» атауын халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым Сауық Тәкежанов ұсынған. Ал алғашқы банкноттар Ұлыбританияда басылып шықты. Төл теңгеміздің көркемдік дизайнын жасауға Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов сынды суретшілер атсалысты.
Ұлттық валютамыз – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің айқын нышаны. Ал қаржы саласының мамандары осы тәуелсіздіктің экономикалық негізін нығайту жолында табанды еңбек етіп келеді.
Б.ЖЕЛДЕН.