Ақпараттық портал

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Өткен аптада аудан көлемінде екінші дүниежүзілік соғысқа соңғы нүкте қойылған Жеңістің 81 жылдығына арналған ауқымды шаралар өткізілді. Атап айтқанда аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ең алдымен майдан жылдарында еңбек еткен тыл ардагерлерінің шаңырағында болып, мерекеге орай құрмет көрсетті.

Аудан басшысы бас сұққан алғашқы шаңырақ 101 жастағы кейуана Төлтай Ахметованың үйі болды. Ғасыр жасаған ана Қордай ауданының Қасық ауылында дүниеге келген. Дүниеге алты перзент әкелген Төлтай әже ашаршылық жылдарының куәсі. Ал соғыс басталған жылдары ұжымшар жұмысына белсене араласып, берілген тапсырмаларды талғамай орындады. 1952 жылы тұрмыс құрып, 47 жасында жесір қалған ана кейінгі жылдары темір жол бойында еңбек етті. Қиындықтың біразын басынан өткерген ғасыр құрдасы 2 ұл 4 қызынан 17 немере, 36 шөбере сүйіп, елдің амандығын тілеп отыр. Әрі ізет білдіріп келген меймандарына алғысын айтып, ақ батасын берді.
Бұдан соң Бақытжан Оразалыұлы Балуан Шолақ ауылының тұрғыны Молдахан Тұтқабаевтың үйіне барды. Тоқсан жастың төбесіне ту тігіп отырған қария тылда еңбек ете жүріп, жеңісті жақындатуға себеп болған. Бала жасына қарамастан бейнет етіп, еңбекпен есейген. Медаль мен марапаттан кенде болмаған Молдахан атаның хал-жағдайын білген аудан басшысы өзінің ізгі тілегін жеткізді.
Бәйдібек ауылының қарт тұрғыны Шолпан Қалқабаева да соғыс басталғанда небәрі 7 жаста болған. Балалық шағы болмаған ұрпақтың бірі. Ерте жастан еңбекке араласып, бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін деп маңдай терін төккен жан екен. Тыл ардагерлерімен тілдескен аудан әкімі қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеп, кейінгі буын атынан алғыс айтты.
Ал 9 мамыр күні аудан басшысы бастаған әкімшілік пен зиялы қауым, аудан тұрғындары Төле би ауылы мен Шу қаласында орналасқан ескерткіштерге гүл дестелерін қойып, тағзым етті. Аталған шаралар аудан орталығындағы белгісіз сарбаз, Шу қаласындағы Кеңес одағының батыры Сәду Шәкіров пен Жеңіс саябағында орын тепкен Саттар Естемесов, темір жол вокзалындағы «Ешкім де ұмытылмайды» монументі алдында өтті.
Естеріңізге сала кетейік, фашистік Германияға қарсы соғыстың аяқталғанына 81 жыл толып отыр. Жылдарға жалғасқан қиянкескі ұрыстарда қазақ даласынан 1 миллион 200 мың адам қатысқан. Оның ішінде Шу бойынан 8 мыңға жуық сарбаз соғысқа қатысқан.
Елімізде 69 ҰОС ардагері бар. Оның үшеуі Жамбыл облысында тұрады. Ал ауданымызда 135 тыл ардагері тірлік кешуде.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.