Ақпараттық портал

Біліктілікті арттыруға бағытталған конференция

Шу ауданы білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 4 мамыр күні Амангелді атындағы орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған «Сын тұрғысынан ойлау – шығармашылықты дамытудың тиімді құралы» тақырыбында аудандық конференция өткізілді.
Конференцияның негізгі мақсаты – заманауи білім беру үдерісінде сын тұрғысынан ойлауды басты компоненттердің бірі ретінде насихаттау, оқушылардың шығармашылық және аналитикалық қабілеттерін инновациялық оқыту әдістері арқылы дамыту, сондай-ақ сыныптағы және сыныптан тыс жұмыстардың сапасын арттыру мен мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету болды.
Конференция барысында ағылшын тілі пәні мұғалімдері өзара тәжірибе алмасып, инновациялық педагогикалық технологиялар мен оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін ұсынды. Сонымен қатар сыни және шығармашылық ойлауды дамытуға бағытталған тиімді стратегиялар талқыланып, педагогтер арасындағы кәсіби ынтымақтастық пен диалогты нығайту мәселелері қозғалды. Оқушыға бағытталған интерактивті оқыту тәсілдерінің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Іс-шараның ашылуында Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жазықбаев Жайдар Саттарқұлұлы мен сала мамандары құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференция аясында бірқатар өзекті баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физикалық және экономикалық география кафедрасының магистрі Қаратабанов Руслан Әділханұлы «Жасанды интеллектіні қолданудың дидактикалық аспектілері» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол білім беру процесінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Д.М.Ақшабаев «Developing Critical Thinking through Intercultural Communication» тақырыбындағы баяндамасында мәдениетаралық коммуникация арқылы оқушылардың сыни ойлау қабілеттерін дамыту жолдарын көрсетті. Ол баяндамасының негізгі өзегі оқушылардың ағыл-шын тілін меңгеруімен қатар, түрлі мәдениеттерді салыстыру, өз пікірін дәлелдеу және әртүрлі көз-қарастарды саралау дағдыларын қалыптастыруға бағытталғаны айтылды.
Бұған қоса, Н.С.Абыманапова «Critical Thinking as a Means of Developing Creative Abilities in Classroom and Extracurricular Activities» атты баяндамасында сыни ойлауды сыныптағы және сыныптан тыс жұмыстар арқылы дамыту мәселесін көтерді. Баяндамашы жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы оқушылардың ақпаратты талдау, дәлелді шешім қабылдау және коммуникативтік дағдыларын жетілдіру мүмкіндіктерін атап өтті.
Ал, А.А.Ташмаматова «Critical Thinking for Creativity through STEAM» тақырыбындағы баяндамасында STEAM тәсілі арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерімен қатар, талдау, бағалау және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға болатынын жан-жақты түсіндірді. Баяндамада мұғалімнің рөлі – оқушыны бағыттаушы тұлға ретінде қарастырылып, білім алушының өз ойын саралап, жетілдіруіне басымдық берілетіні айтылды.
Сондай-ақ, Г.Қ.Кусаинова «Critical Thinking in the Age of Artificial Intelligence: Developing Students’ Creative Abilities in English Language Lessons» тақырыбындағы баяндамасында жасанды интеллект дәуіріндегі сыни ойлаудың маңыздылығына тоқталды. Ол ағылшын тілі сабақтарында ЖИ құралдарын тиімді пайдалану оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, оларды өз бетінше ойлайтын тұлға ретінде қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде С.Мадраимова «Building a Creative Learning Environment in and out of the Classroom» тақырыбында шығармашылық оқу ортасын қалыптастырудың маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, сабақтағы және сыныптан тыс жұмыстардағы шығармашылық орта оқушылардың сыни ойлауын, қиялын және дербес әрекет ету қабілеттерін дамытады. Мұндай ортада оқушылар еркін пікір білдіріп, жаңа идея ұсынып, білімді тәжірибемен ұштастыра алады.
Конференция аясында панель-дік сессия ұйымдастырылып, шығармашылық оқыту ортасын қалыптастыру, сыни ойлау дағдыларын дамыту және ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың креативті қабілеттерін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Тәжірибелік бөлімде С.Мадраимова, А.А.Ташмаматова және Г.Қ.Кусаинова өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи сабақ үлгілері мен шығармашылық орта қалыптастыру жолдарын көрсетті.
Конференция нәтижесінде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, инновациялық оқыту әдістерін тәжірибеде тиімді қолдануға және оқушылардың сын тұрғысынан ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға оң ықпал жасалды. Сонымен қатар оқушылардың белсенділігі мен пәнге деген қызығушылығы артып, ынтымақтастыққа негізделген сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік туды. Іс-шара соңында конференция қатысушылары арнайы сертификаттармен марапатталды.
Майра Булекбаева,
Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.