Ойдан кетпес оқыс оқиға. Мемлекетшіл мінезге бай айтулы азамат Асангазиев Шархан жайлы бір үзік сыр
Бұдан он жыл бұрын орын алған оқыс оқиға ойымда сақталып қалды. Дәлірек айтқанда, 2016 жылғы көгілдір көктемнің соңғы айы болатын. Бұл кезде табиғат ана тотыдай таранып, сұңқардай сыланып, жан-жақты жасыл желекке бөлеген. Әсіресе, жеміс ағаштары мен әртүрлі гүлдер көздің жауын алатындай құлпырумен қатар жұпар иістерімен тынысымызды кеңейтіп, көңілімізді көтеріп тұратын. Осындай бір тамылжыған шақта кімнің де болсын мерейі тасып, жан жүрегін шабытқа бөлейтіндей әсерлі еді.
Сәске түс кезінде, есік алдындағы бастырманың көлеңкесінде жаңадан келген газеттермен танысып отырған едім. Бір сәт көше жақтағы темір қақпа ашылып, «Ассалаумағалейкум» деп Шархан досым құшағын жайып маған жақындай түсті. Екеуіміз біраз аман-саулық сұрасып алдық. Сөз арасында:
-«Астанадан қашан келдің?» – деп сауал қойдым.
-Жаңа ертеңгісін пойыздан түстім. Орынхан інімнің үйіне барып оразамды аштым. Келін екеуі жұмысқа кеткеннен кейін алдымен саған сәлем берейін деп тұрғаным ғой.
-Ой рахмет! Мені сыйласаң, құдай сені сыйласын. Сәлемші болсаң үйге жүр…
-Асықпашы, біраз әңгімелесіп, сағынышымды басып алайын. Айтпақшы, Әбекең қалай? Көрнекті күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевты сұрап отырғанын түсіне қойдым:
-Көкең жаман емес, ел қатарлы жүріп жатыр. Қалтаң қалың болса карта ойнаудан қашпайды.
Шәкең бұл сөзіме езу тартып күліп алды.
-Секең қалай? – деп сұрады.
Секең деп тұрғаны көктөбелік композитор Серік Әденов еді.
-Ол кісінің де жағдайы жаман емес. Көрінбей кеттіңдер ғой деп бізді іздеп жүреді.
-Кәсіпкер Нұрлан дос қалай?
-Оның да жағдайы жаман емес, кәсібін дөңгелетіп жүріп жатыр.
-Шәке, үйге кіріп шай ішейік. Әзірге ел аман, жұрт тыныш. Дастархан басында да әңгімеміз жалғаса береді.
Осы кезде жұбайым Ақлима да тағатсыздана күтіп отыр екен. «Шәке төрге шығыңыз» деп қолқа салды. Біз үйге жайғасқаннан кейін де әңгімеміз ұласты. Шәкеңнің төлқұжаттағы есімі МүбәШархан деп жазылған. Екеуіміз бір-бірімізді танып, білгелі қырық жылға жуық уақыт өтсе де оның құжаттағы есімімен атап көрген емеспін. Бір атап айтар жай, Шархан досым көп сөйлемейтін. Сол мінезінен айнымаған екен. Оның орнына Астанадан немесе Алматыдан келген қонақ басқа біреу болса ауыздыға сөз бермей, үзеңгісін алты қарыс етіп кеудесін кергендерді де көргенбіз.
Мемлекеттік істе ұзақ жылдар бойы қызмет атқарғандықтан шығар мемлекетшіл екендігі әрбір сөзінен байқалатын. Біреулер туралы жел сөз айтуға оның жаны қас. Өтірік айтқанын көрген емеспін. Жай сөйлесе де, жайбарақаттық танытса да әдептен озбайтын. Осындай қарапайым досқа қарап отырып бояусыз болмысына риясыз тәнті болғаным бар. Шәкең бір-екі кесе шай ішкеннен кейін:
-Бұйырса кешке қарай кездесеміз. Рұқсат болса мен тағы да басқа үйге барып сәлем беруім керек еді.
-Айтпақшы, сенің қандай жоспармен ауылға келгеніңді сұрамаппын ғой.
-Аха, өткенде айтып едім ғой. Биыл біздің М.Әуезов атындағы орта мектепті бітіргенімізге елу жыл толады. Сыныптастарымызбен алдын ала хабарласып, соңғы қоңырау салтанатында бас қосуға уәделескен едік…
-Жарты ғасыр деген аз уақыт емес, бұйырса сыныптастарыңмен сырласып, балдай тәтті балғын шақты еске түсіретін келелі кездесу болғалы тұр екен ғой. Қанша түлек қанат қақтыңдар?
-Менің білетінім жүзден асады. Оның бәрімен араласып жүрдік деп айта алмаймын. Ұлдардың көбісі есте, ал қыздардың біразы алысқа тұрмысқа шығып кеткендіктен көз жазып қалғанымыз бар.
-Үлкен тойға жұбайың Назымды ала келмедің бе?
-Өткен жолы Ақлима екеуің үйге келгенде көріп едіңдер ғой, жамбасынан жарақаттанғандықтан жолға шыға алмады.
-Әйткенмен көптен бері күткен кездесулеріңнің сәтті өтуіне тілектеспін – деп, арқасынан қағып, алғыс айтқандай болдым.
Шарханның елу жылдық кездесулері көңілдегідей өтті. Бұл жөнінде өз ризашылығын білдіріп, қайда жүрсең де туған жеріңді, алтын ұя мектебіңді, дәріс берген мұғалімдеріңді, сондай-ақ сыры ортақ, жыры ортақ сыныптастарыңа деген құрмет бәрінен де жоғары тұратындығын тебіреніспен жеткізді.
Бұл кездесуден кейін, Шәкең Астанаға қайтуға асыға қоймаған сияқты. Бір жолыққанымда Көктөбе ауылындағы жер учаскесін жалға беруді ойластырып жүргендігін айтқан еді, қалай екенін қайдам сол ауылға бармақшы болып жолға шыққанда Шу өзенін кешіп өтуді жөн көрген сыңайлы.
Осындай тәуекелмен арнасы суға толы өзеннен өтуге бел буған. Одан арғысын ешкім де ашып айта алмайды. Оның өзен жаққа бет алғанын спутниктік байланыс анықтаған. Одан кейін Шәкеңнің бауырлары, жақындары іздеу салып, жан ұшырғандарын көзбен көрдік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы мамандарының араласуымен өзен суының мөлшері азайтылды. Ақырында Шәкеңнің өлі денесі табылды.
Біреудің ажалы оттан, бірінікі судан дегеннің растығына осы оқиағадан кейін иландым.
Өмірге аса құштар, достарына қашан да адал болған Шәкең сол тілсіз жау салдарынан қапыда қайтыс болды…
Мезгілсіз қаза марқұмның отбасы мен туған-туысқандарын үлкен қайғы-қасіретке қалдырды. Ағайындары Шәкеңді өзі туып-өскен Ақтөбе ауылындағы ескі қорымға жерледі. Арнайы кездесуге көтеріңкі көңілмен келіп, ойда-жоқта оқыс оқиғаға тап болған Асанғазыұлы Шарханның жарқын жолы, тағылымды тағдыры көз алдымнан кино лентасындай өтіп жатты.
Атап айтқанда, Шархан дос орта мектепті бітіргеннен кейін арман қуып Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына студент болып қабылданды. Бес жыл бойы үздік оқып, жоғары білімді инженер-механик мамандығына ие болады. Жас маман арнайы жолдамамен Шу ауданындағы көпсалалы «Абай» атындағы кеңшардың машина-трактор шеберханасының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Жылдың төрт мезгілінде жұмысы саябырсымайтын шаруашылықтың жауапты бір учаскесін жеті жыл бойы адал басқарып, үлкен абыройға бөленеді. Бұдан соң мамандандырылған мал бордақылау шаруашылығының бас инженері қызметіне жоғарылатады. Тума табиғатынан сөзге сараң болғанымен іске мығым, міндетіне мемлекетшілдік көзқараспен қарайтын досым Шу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне шақырылады. Жасырары жоқ, сол кездегі партия талабы мен тәртібі жас кадрлардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыра түскендігін көзбен көрдік, жүрекпен сездік. Партиялық жұмыстан кейін Шәкең советтік жұмысқа ауыстырылды. Сексенінші жылдардың соңына таман аудандағы «Жаңақоғам» ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Баяғыда біреу айтқан екен «Сен білесің бе, әлде сельсовет біледі ме?» деп. Сол айтпақшы баяғының тілімен айтқанда үлкен ауылдың болысы болған Шәкең, жергілікті жұрттың талап-тілегі мен өтініш-арыздарымен тікелей жұмыс істей бастады. Оның алдына үлкен де, кіші де келіп жағдайларын айта бастайды. Сол кезде Шәкең байсалдылығымен, сабырлығымен, қарапайымдылығымен әрбір келушіге қолынан келгенше көмектесе білді. Берген уәдесінің үдесінен шығып жүреді. Бүгін өтірік айтса, ертең ұятқа қалатындығын терең сезінеді. Бәлкім содан болар еліміз егемендік алғаннан кейін басқару жүйесі түбегейлі өзгеріп, ауыл әкімшіліктері жаңадан құрылады. Сол кездегі Көктөбе ауылының алғашқы әкімі болып Шархан Асанғазыұлы тағайындалады, өйткені оған деген сенім бұрыннан да бар болатын. Жаңа қызметтің тізгінін бірнеше жыл ұстаған Шәкеңнің қызметі 1997 жылы тағы да жоғарылатылды. Ол Тараз қаласына отбасымен қоныс аударып, Тараз қаласы әкімінің аумақтық кеңесшісі қызметін қалтқысыз орындады. Бұдан кейін Жамбыл облыстық әкімдігінің бас инспекторы қызметін де абыройлы атқарды. Айта берсек, Шархан Асанғазыұлы қандай қызмет атқарса да сенім биігінен көрініп, көпшіліктің соның ішінде басшылықтың алғысына бөлене білді. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін мемлекеттік медальдар мен төсбелгілеріне ие болғандығы өз алдына бір бөлек әңгіме.
Гүл өмірінің алпыс жеті жасқа қараған шағында дүние салған Шархан достың жарқын бейнесі оны жақсы білетіндердің жүрегінде сақталып қалды. Көзкөргендері, қатарлары оны ешқашан ұмытпайды. Өкінішке қарай, Шәкеңнің асыл жары, жұбайы аудандық және облыстық байланыс қызметінің ардагері Назым Смағұлқызының бақилық болғанына да бірнеше жыл өтті.
«Орнында бар оңалар» – деп атам қазақ тегін айтпаған. Ерлі-зайыпты Шархан мен Назымнан тараған ұл-қыздары Ниетхан, Рақымжан және Фариза ата-аналарының, ел-жұртының сенімдерінен шығып, әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, жоғары білімді маман ретінде туған халқына қалтқысыз қызмет атқарып жүргендігін қуаныш көреміз. Сондай–ақ, Шәкең мен Назымның немере–шөберелері көп болсын деп тілек тілейміз.
Еске алуды мынадай өлең шумақтарымен түйіндеймін:
Жан едің сабырлықты серік еткен,
Досыңа адалдығың берік неткен.
Қапыда қаза болдың, қайран Шәке,
Ауырып көрген жоқсың ешбір дертпен.
Келіп ең кездесуге қабақ шытпай,
Оралған қазығына арғымақтай.
Сағыныш саған деген сейілмейді,
Бір кезде өзі беріп алды Құдай.
Сыйластық қатар жүріп қырық жылдай,
Уақыттың өтуіне мойын бұрмай.
Білемін орны толмас өкініштің,
Күн қайда әзілдесер бұрынғыдай.
Атыңды ұл-қыздарың ардақтайды,
Бауыр да бірге туған салмақтайды.
Еліміз аман болсын, тыныш болсын,
Тарих та өзің жайлы сыр сақтайды.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.