Көптің көңілінен шыққан байқау
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы…» дейді дана халқымыз. Расында да, өнер – адам жанының айнасы, жүректің үні, көңілдің шуағы. Ән мен күйді серік еткен қазақ халқы қай кезде де өнерді ұлықтап, талантты төрге оздырған. Домбыраның күмбірі мен әсем әнге сусындап өскен ел үшін ұлт руханиятының алтын арқауы. Әсіресе ән өнері адам жүрегіндегі сезімді жеткізетін, қуаныш пен мұңды, сағыныш пен шаттықты бір арнаға тоғыстыратын ерекше құдірет. Осы орайда өңірде ән мен өнер тоғысқан, рухани кештің шырайын кіргізген ерекше мәдени шара өтті.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Екі жұлдыз» аудандық ән байқауы көрерменге әсем ән мен шалқар шабыт сыйлап, аудан өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аудандық мәдениет үйі мен «QZ PANEL» компаниясының қолдауымен, Қорағаты ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен байқау өнер мен достықтың, ынтымақ пен шығармашылықтың жарасым тапқан шарасы болды. Байқаудың басты ерекшелігі ауданның мәдениет саласында қызмет ететін кәсіби әншілері мен түрлі салада еңбек етіп жүрген, әнге жақын азаматтардың жұптасып өнер көрсетуі еді. Яғни, бірі сахнаға төселген өнер иесі болса, оның жұбы жүрек қалауымен әнге жақын өзге сала қызметкері. Оның ішінде ауыл әкімі, медицина саласының өкілі, көлік жүргізуші, кітапхана қызметкері де бар. Бірақ олардың арасын байланыстырып тұрған ортақ қасиет – өнерге деген сүйіспеншілік еді.
Жалпы байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы «Әсем ән, шебер орындаушы» кезеңінде қатысушылар қазақ эстрадасының алтын қорына енген ретро әндерді орындады. Бұл кезеңде қатысушылар ән айта отырып, арнайы сахналық қойылымдармен, би және көріністермен толықтырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылардың сахна мәдениеті, образға енуі мен орындаушылық шеберлігі залдағы жұртшылықты тәнті етті. Әсіресе, Шәмші Қалдаяқовтың әндері жаңаша сипат алып, көрерменді өткен дәуірдің әсем естеліктеріне жетеледі. Ал екінші кезең – «Жұлдызды сәтте» қатысушылар өз таңдауларындағы талғамдарына сай әндерді орындап, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңінен көрсетті. Бұл бөлімде көбіне лирикалық әндер шырқалып, көрермен жүрегіне нәзік сезім мен ерекше толқыныс сыйлады. Махаббат, сағыныш, анаға деген құрмет пен өмірдің әсем сәттері ән арқылы көркем өрнектелді. Жұптар әрбір әнді жүрекпен орындап, тыңдарман жүрегіне жеткізе білді. Байқау барысында сахна төрінде өнер көрсеткен жұптардың бір-біріне деген қолдауы мен сахнадағы үйлесімі ерекше байқалды. Әр қатысушы бар өнерін салып, өз мүмкіндігін жоғары деңгейде көрсетуге тырысты. Бірі әнімен тәнті етсе, енді бірі актерлік шеберлігімен, сахналық мәдениетімен дараланды. Олардың өнерге деген құрметі мен жауапкершілігі әр орындаудан анық сезіліп тұрды.
Сахна төрінде Кален Дәурен мен Омарова Марзия, Нұрғожа Жалғас пен Лесіп Аружан, Инкарбеков Нұрболат пен Оразай Азамат, Бейсеқожа Балдат пен Диханбаев Әділ, Рланов Бағдат пен Архабайқызы Әйгерім, Әділбекова Арайлым мен Булашбекова Әйгерім, Әділбол Мұратбек пен Курбатов Рауан, Тұқан Дидар мен Белекова Нұргүл, Егеубай Сүйіндік пен Сапақова Жамиля, Нұрғали Серікжан мен Тоқсабаева Азиза сынды өнерлі жұптар бақ сынады. Кештің әсерін арттырған тағы бір ерекше жайт, көрерменнің ыстық ықыласы мен жанкүйерлердің белсенді қолдауы болды. Әр қатысушы сахнаға шыққанда зал ду қол шапалақ шуына бөленіп, жанкүйерлер өз үміткерлеріне ерекше қолдау көрсетті. Өнер додасына қазылық еткен мәртебелі қонақтар қатарында Қазақстан эстрадасының танымал өкілі, «Меломен» тобының әншісі Ролан Қазретов те болды. Ол байқау соңында кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтіп, Шу өңіріндегі өнерге деген құрмет пен талант иелерінің көптігіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар қатысушылардың сахна мәдениеті мен өнерге деген ықыласына жоғары баға беріп, осындай рухани кештердің жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар қазылар алқасы құрамында мәдениет саласының үздігі, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы университеттің музыка кафедрасының доценті Айгүл Ынтымаққызы Мақашева және «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Шу аудандық А.Еспаев балалар саз мектебінің директоры Алтынай Нұртазақызы Жиенбекова болды. Кеш барысында ұйымдастырушылар байқауға демеушілік көрсеткен «QZ PANEL» компаниясының негізін қалаушы Еркін Ерлікбайұлына алғыстарын білдірді. Мұндай мәдени жобаларға қолдау көрсету өнердің өркендеуіне қосылған үлкен үлес екені айтылды.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бас жүлделі бірінші орын Әділбол Мұратбек пен Рауан Курбатовқа бұйырып, өнерлі жұп 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал екінші орынды иеленген Дәурен Кален мен Марзия Омарова 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Үшінші орын Нұрболат Инкарбеков пен Азамат Оразайға табысталып, өнерлі жұпқа 50 мың теңгелік сертификат берілді. Сонымен қатар байқауға қатысқан өзге жұптар да құр алақан қалған жоқ. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы әр қатысушының сахнадағы еңбегі мен шығармашылығын ескеріп, арнайы номинациялар табыстады. Атап айтқанда, “Көрермен көзайымы”, “Жарасымды жұп”, “Үздік вокалдық орындау” сынды номинациялар берілді. Осылайша, «Екі жұлдыз» аудандық ән байқауы талант пен шығармашылықты тоғыстырған, өнердің мерейін үстем еткен әсерлі кеш ретінде көпшілік жүрегінде жарқын естелік болып қалды.
Балнұр Жексенбекқызы.