Ақпараттық портал

Мәдениет және өнер өкілдеріне құрмет көрсетілді

Елімізде жыл сайын 21 мамыр күні Мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтіледі. Президент пәрменімен 2013 жылдан бастап бекітілген мереке осы салада еңбек сіңіріп жүрген мамандар мен майталмандарға құрмет көрсетілетін күн. Осы күні құттықтау қабылдайтын жандар Шу өңірінде де жетерлік.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бір топ жерлестеріміздің еңбегі еленіп, құрмет құшағына бөленді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен мереке иелері қатысты.
Ең алдымен сала мамандарын төл мерекемен құттықтаған аудан басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерінің өңірдің рухани-мәдени дамуына қосып отырған айшықты үлестерін жоғары бағалап, етжеңді еңбектеріне ерекше алғыс білдірді.
-Қандай да бір қоғамды өнерсіз елестету қиын. Оның үстіне қазақтың сайын даласы ән мен жырға, күй мен күмбірге толы екені белгілі. Өз заманының дауылпаз ақындары, дәулескер күйшілері, жезтаңдай әншілері мен театр майталмандары талғампаз аудиторияға інжу-маржанын ұсынып отырған. Солардың заңды жалғасы іспетті ауданның мәдениет қызметкерлері жерлестерімізге қызмет көрсетіп келеді.
Шу топырағынан Қадір Жетпісбаев, Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Күлімхан Оңтаева сынды көрнекті тұлғалар түлеген. Соңына іргелі мектеп қалдыра білген марғасқалардың ізін аға буынға айналған ардагерлер, кейінгі жас өнерпаздар басып келе жатқанына қуанамыз.
Әрбір мерекеде, айшықты шараларда сіздер тынымсыз жұмыс істеп, көрерменнің көңілі мен құрметіне тер төгіп жүрсіздер. Қанша алғыс айтылса да артықтық етпейтін кәсіптеріңіздің жемісін жеуге жазсын, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Ізгі лебіздер керуенін марапаттау рәсімі жалғады. Ауданның мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы қызмет істеген жандарға «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталса, бірқатар сала қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары тапсырылды.
Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай тілек білдірген Жасұлан Әлкенұлы да бұл саланың арқалаған жүгі ауыр екенін атап өтіп, мәдениет майданында талмай еңбек етіп жүргендерге жүрекжарды лебізін жеткізді. Әрі бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлеріне ауданның Құрмет грамотасын ықыласпен тапсырды.
Төл мерекелері қарсаңында ілтипатқа бөленген шулықтар еңбекті ескеріп, марапатқа лайық көрген аудан басшылығына алғыс білдіріп, әріптестеріне ақ ниеттерін ақтарды.
Естеріңізге сала кетейік, мәдениет саласы аудан тіршілігінің ажырамас бөлшегі. Терең тарихы бар мәдениет үйінде ауылдағы мәдени ошақтарды қоса алғанда 217 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, үйірме жетекшілері өз шәкірттерін сахна әдебіне, музыкалық аспаптарға, вокалға т. б. өнерге баулып, толайым табыстарға қол жеткізіп келеді.
Сонымен қатар, соңғы жылдары ауылдарда жаңадан бой көтерген мәдениет үйлері мен клубтардың есігі айқара ашылып, ел игілігіне берілді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.