Ақпараттық портал

Қоғамдағы түйткілдің түйінін тарқату – баршаға ортақ міндет

Қоғам — әр адамның тіршілік ететін ортасы. Біз бүгінгі таңда технология дамыған, ақпарат алу мүмкіндігі жоғары заманда өмір сүріп жатырмыз. Солай болғанымен де, әлі де қоғам қасіреттері өте көп. Қоғамды алаңдатып отырған бірнеше мәселе бар: олар — жұмыссыздық, жастар арасындағы жауапкершіліктің азаюы, жаман әдеттердің көбеюі және отбасылардың бала тәрбиесіне назар аудармауы. Елді артқа тартып отырған да — осы мәселелер. Егер олар шешілсе, алға жылжу қарқынымыз жоғарылар еді.
«Тәрбие — тал бесіктен» деген сөздің мағынасын терең түсінуіміз керек. Тәрбие бала кезден дұрыс болмаса, кейін көптеген қиындықтарға алып келеді. Балаға қаталдық та, мейірім де керек. Қазіргі заманда жастарға барлық мүмкіндік бар: оқу десе — оқу, спорт десе — спорт, еркіндік — бәрі де бар. Тек оны дұрыс пайдаға асырып, алға ұмтылу керек. Жалқаулықты жеңіп, өзін-өзі қолға алып, тек қана жақсыны ойлау қажет. Зиянды әдеттен аулақ болып, ондай әдеттері бар адамға дұрыс жол көрсетіп көмек беру — адамдық борышымыз.
Қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесі — жұмыссыздық. Жұмыссыз жүрген қаншама мың адам бар. Қазақстанда 2025 жылғы санақ бойынша 451,1 мың адам жұмыссыз болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 452 мың адамды құраған. Бұл — тек ресми санақ қатарындағылар, ал бұл тізімде жоқ тағы да қаншама адам бар. Жұмыссыздықтан қаншама отбасы аш қалып, баспанасыз отыр, бұл білімсіздікке алып келуде. Осындай жағдайлар адамға теріс әсер береді: адамның темекі мен ішімдікке әуестеніп, теріс ағымға өтуі жиі кездеседі. Қазіргі таңдағы теріс ағымдар адамдарды дінмен және ақшамен тартады.
Ажырасып жатқандардың шамамен 41 пайызы қаржылық мәселелерге байланысты ажырасады. Жұмыссыздық қаржыға ғана емес, уақыттың бос өтуіне де тікелей әсер етеді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жұмыссыздық пен қаржылық қиындықтар — ажырасудың негізгі себептерінің бірі. Жұмыссыздық — бір мәселе болса, еңбекті қанау — тағы бір мәселе. Оған шарттан тыс жұмыс істету, кәмелетке толмаған балаларды еңбекке салу және жалақыны төлемеу жатады. Жасөспірімдерді ауыр жұмысқа жегу — заңсыз әрі баланың денсаулығына зиян. Күндізгі уақытта 5 сағаттан аспайтын жеңіл жұмыс түрі ғана қолайлы деп саналады.
Тағы бір күрделі мәселе — зиянды әдеттер. Жасөспірімдердің темекі мен алкогольге құмарлығы, түрлі теріс ағымдарға ұрынуы жиіледі. Бұл тек жасөспірімдерге емес, ересектерге де қатысты. Ішімдік пен темекі ешкімге жақсылық әкелген емес. Бұдан тек денсаулық пен жақын адамдар зардап шегеді. Ішімдік ішкен ата-ана балаға қандай тәрбие бермек? Мұндай адамдар өз-өзін бақылаудан қалып, аузына келгенін айтады және байқаусызда қылмыс жасап қоюы мүмкін.
Қазіргі таңда наркологиялық есепте шамамен 90 981 адам тіркелген, оның 109-ы кәмелетке толмағандар. Бұл — тек ресми тіркеудегілер. Ішімдікке балалардың салынуы — үлкен қасірет және балаға деген немқұрайдылықтың салдары. Бұның алдын алу үшін заң мен тәрбиені күшейту қажет. Бұл мәселелер бір күнде пайда болған жоқ, бір күнде шешілмейді де. Бірақ әр адам өзін түзесе, шешілмейтін түйін жоқ.
Парақорлық — кез келген елдің дамуына кедергі жасайтын індет. Бүгінде парақорлық көптеген салаларда кездеседі. Жеңіл жол іздеген азаматтар бірден пара беруге дайын тұрады. Парақорлықпен күресу тек заңмен ғана емес, әр адамның әділдік жолын таңдауымен іске асады. Қоғамның болашағы — әділ еңбекте. Адамдардың бір-біріне немқұрайды қарауы ел дамуын тежейді. Парақорлық жұмыссыздыққа да әсер етіп, құқық бұзушылықтың жасырылуына жағдай жасайды.
Мысалы, көлік апаты болып, жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетсе, ол жауапкершіліктен қашу үшін пара беруді көздейді. Бұл — адамгершілікке де, заңға да жат ауыр қылмыс. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мекеме жұмыс істейді. 2026 жылы парамен ісі қозғалған құқық қорғау саласы қызметкерлерінің саны 1000-нан асады. Ең өкініштісі — жемқорлыққа полиция қызметкерлерінің де қатысуы (санақта 187 қызметкер бар). Олар, керісінше, тәртіпті сақтауы тиіс адамдар еді. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, арамызда өз ісіне адал, заңды сыйлайтын полиция қызметкерлері өте көп. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, мұндай келеңсіздіктермен күресуіміз керек.
Өнер Шалқарұлы,
жас қоғам белсендісі.
Жаңа жол ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.