«Отбасы тәрбиесі – өнегенің бастауы»
Қазақ қашанда «Ұлттың ұяты — қызында, берекесі — келінінде, болашағы — тәрбиесінде» деп ұрпақ тәрбиесін ұлт тағдырымен қатар қойған халық. Бесіктегі баланың болмысынан бастап, босаға аттаған келіннің әдебіне дейін ұлттық тәрбиенің алтын арқауына айналдырған елдің бүгінгі басты мұраты да — сол асыл қасиеттерді жоғалтпай, ұрпақтың санасына сіңіру. Себебі тәрбие әлсіреген жерде тектілік көмескіленіп, ұлттық болмыс жұтаңдай бастайды. Осындай өзекті кезеңде қазақы тәрбиенің шырағын сөндірмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ардақты аналардың орны ерекше.
Күні кеше Шу өңірінің жұртшылығы Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі жазушы, қазақтың салт-дәстүрі мен отбасы тәрбиесін насихаттап жүрген Зейнеп Ахметовамен тағылымы терең кездесуде бас қосты. «Отбасы тәрбиесі – өнегенің бастауы» атты мазмұнды кешке аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, педагогтер, ата-аналар, зиялы қауым өкілдері мен көпшілік қатысып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты келелі ойлар ортаға салынды. Атап өту керек, бұл тағылымы мол кездесуді Шу ауданының білім бөлімі ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесінде тонның ішкі бауындай ортақ мақсатқа бірігетін ата-аналар мен білім саласының қызметкерлеріне ой салып, тәрбиені мықтап қолға алуына үндеу мақсатында болды.
Кездесуді ашқан аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қазіргі қоғамда бала тәрбиесі ең өзекті әрі өткір мәселелердің біріне айналғанын айтып, осындай рухани кездесулердің маңыздылығына ерекше тоқталды. Расында да, жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу — әрбір қазақ отбасының алдында тұрған үлкен жауапкершілік. Ал сахна төріне көтерілген Зейнеп Ахметованың әр сөзі жүрекке жетіп, әр әңгімесі тағылымға айналды. Ол қазақы тәрбие, ананың мейірімі, әкенің орны, келіннің қасиеті, қыз тәрбиесі мен ұлттық болмыс жайында тереңнен толғап, жиналған жұртшылықты бейжай қалдырмады.
Зейнеп апа өз сөзінде бүгінгі қоғамдағы рухани дағдарыстың тамырын дәл басып:
«Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады. Батыс мен сені өркениетке, мәдениетке жеткіземін десе, шығыс мен сені таза мұсылман жасап, пейішке жеткіземін деді. Осыдан барып ала бұлттан тамған тамшыдай шашырап жүрген қазақтың шақшадай басы шарадай болды. Екеуінің де бізді жетістіргені шамалы… Біз қазақ болудан біршама айырылып қалдық. Әсіресе қыз баланың тәрбиесін әлсіретіп алдық. Қызы тәрбиесіз, қызы тексіз елдің іргесінен ырыс кетеді, толысы төгіледі, тұнығы лайланады, содан ұрпақ тозып, жүнжиді. Өйткені, ол ертеңгі ана, ұрпақты дүниеге алып келетін өмір өзегі» деп қоғамдағы ең күрделі мәселені ашық айтты. Бұл сөздер — бүгінгі қазақ қоғамына айтылған ащы да болса шынайы диагноз іспетті. Расында, қазақ ешқашан қыз тәрбиесіне жеңіл қарамаған. «Қыз — елдің көркі», «Қызға қырық үйден тыйым» деп өскелең ұрпақтың тәрбиесін ұлттың тағдырымен байланыстырған. Өйткені, тәрбиелі қыз — ертеңгі ибалы келін, аяулы ана, ұлттың ұйытқысы.
Кездесу барысында Зейнеп апа ұлттық қадір-қасиеттің бір күнде жоғалмағанын ерекше күйзеліспен жеткізді:
«Біздің ұлттық қадір-қасиетіміз бір күнде құрыған жоқ. Тасын ала берсең, тау да таусылады дейді дана халқымыз. Сол секілді аз-аздан жұлмалана берді, сөйтті де көп аздан көлемді көп жиналып кетті. Байқамай қалдық… Жаһандану жанұшырып келіп жатыр, біз соған біржолата бас сүңгітіп жібердік. Бір уыс қазақ сол жаһандануға жұтылып кетпес үшін не істеу керек? Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме деген текті халқымыз. Бізге ықтырма болатын тіл, тіл арқылы бойға сіңетін ұлттық қадір-қасиетіміз, осы ғана бізді сақтап қалатын» деді. Бұл — тек қарабайыр ой емес, ұлтқа айтылған аманат. Ана тілінен ажыраған халықтың рухы әлсірейтінін, ұлттық тәрбиеден қол үзген елдің болашағы бұлыңғыр болатынын Зейнеп апа жүрекпен жеткізді.
Кездесудің ең әсерлі тұстарының бірі — Зейнеп Ахметованың өзінің өмір жолы мен Бауыржан Момышұлының тәлімі туралы айтқан естеліктері болды. Ол өзінің бүгінгі дәрежесін жеке жетістігі емес, үлкен тәрбиенің жемісі екенін ерекше қарапайымдылықпен баяндады. «Балға мықты болса, киіз қазық жерге қағылады деген. Менің балғаларым мықты болды. Анамның мектебінен өтсем, атамның университетінен өттім. Ел алдында көсіліп сөйлеп жүрген болсам, кітаптарды жазып, жарыққа шығарып жүрген болсам, ол менің мықтылығым емес, қасиетінен айналайын маған өнегесін дарытып кеткен осы адамдардың арқасы. Атақтың бәрі атаныкы. Мен күріш арқасында күрмек су ішіп жүрген адаммын, шынын айтқанда… Егер атаның келіні болмасам, мені кім біліпті?!» деген сөзі көпшілікті терең толқытты.
Қазақ келінінің бойындағы кішіпейілділік пен тектілік дәл осындай болар. Өзін емес, өскен ортасын, тәлім берген үлкендерін алға қою — қазақы тәрбиенің асыл үлгісі. Зейнеп Ахметова — Бауыржан Момышұлының келіні ғана емес, батырдың аманатын, қазақы болмыстың мәйегін бүгінгі қоғамға жеткізіп жүрген көреген тұлға. Ол Бауыржан Момышұлының тұлғасын дәріптеуде де үлкен еңбек атқарып келеді. Батырдың өмірлік ұстанымы, тәрбие туралы тағылымы, ұлтқа деген жанашырлығы Зейнеп апаның әңгімелері арқылы кейінгі ұрпаққа жетіп отыр. Бұл — келіннің әулет алдындағы ғана емес, ұлт алдындағы адалдығы мен парасатының көрінісі.
Зейнеп апаның: «Жүрген жерімде, журналистер маған “апа, осы қандай атақ-марапаттарыңыз, жетістіктеріңіз бар?” деп сұрайды. “Дүниежүзінде ешкімде жоқ атағым бар, ол — “Момышұлының келіні” деген атағым” деймін мен…» деген сөзі залдағы жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды. Бұл сөз — қазақ келінінің мәртебесін асқақтатқан ұлы ұғым. Себебі қазақ үшін келін — бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың тәрбиесін жалғайтын алтын көпір. Тағылымды кездесу соңында көпшілік Зейнеп Ахметоваға ерекше ықылас білдіріп, жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Жиналған жұртшылық рухани кештен үлкен әсер алып, ұлттық тәрбиенің қадірін терең сезінді. Жиын соңында Жайдар Саттарқұлұлы құрметті қонаққа ықыласын білдіріп, шапан жапты. «Отбасы тәрбиесі – өнегенің бастауы» атты бұл кездесу — ұлт тәрбиесі туралы ұлағатты ой айтылған, қазақы болмыстың қадірі ұғындырылған, рухани жаңғыруға жол ашқан мазмұнды басқосу болды. Осындай аналардың аманаты мен өнегесі барда қазақтың қасиеті де, тектілігі де жоғалмасы анық.
Айғаным Асқарбек.