Ақпараттық портал

Түлектердің туған жерге тартуы

Жыл сайынғы оқу жылы өз мәресіне жеткенде өңірде өзгеше леп сезіледі. Себебі, алтын ұя мектептерімен ондаған жылдар бұрын қош айтысқан түлектер туған жерге тартуларын жасап жатады. Бұл игі үрдістің биыл да жалғасын тауып отырғаны бізді қуантады. Жақсының жақсылығын айту – міндет. Сондықтан басылымның осы санында туған елге тамыры байланған төл перзенттеріміздің толайым тірліктеріне тоқталғанды жөн көрдік.

Игі істің көш басында Ақтөбе ауылдық округіндегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 20 жылдық түлектері тұр. Соңғы қоңырау салтанатына келген ұл-қыздар ұстаздарын көріп, сағынышын басты. Сонымен қатар, орайлы сәтті пайдаланып, ауылдағы көпбалалы отбасына баспана кілтін табыстады. 1988 жылы туған қыз-жігіттер ас ішіп, аяқ босатқаннан гөрі Ғалымжан Жарылқасыновтың отбасына үй сыйлауды мақұл көрген. Толқыныстан көз жасына ерік берген отбасы анасы Нәзира себепкер жандарға алғысын білдірді.
Ауылдағы Жамбыл көшесінен берілген үйге ауыл ақсақалы мен имамы, түлектер мен тілеулес жандар бірге барып, қызыл лентаны қиды. Құрбан айт қарсаңында қуанышқа бөленген жанұя төрт баланы тәрбиелеп отыр. Балалардың да бұл қуаныштан жүрегі жарыла қуанғанын байқадық. Ауласы кең, бөлмесі көп баспана – 20 жылдықты атап өтудің төресі болды.
Қоныс тойдан кейінгі қуаныш Қорағаты ауылдық округінде жалғасын тапты. Мойынқұм орта мектебінің 20 жылдық түлектері ауылдың кіреберісіне арка орнатып, оған дейінгі 600 метр жолды жарықтандырып берді. Аталмыш игі іске ауыл жастарының да ортақ болғанын айта кеткен жөн. Ауылдың ажарына сән қосқан бұл шаруаларға тұрғындар ризашылықтарын білдіріп жатты.
Салтанатты сәтке осы мектепті 60 жыл бұрын бітірген түлек, Жамбыл облысы мен Шу ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қасымхан Естемесов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, ауыл тұрғындары мен 2006 жылғы түлектер қатысты. Ақ баталардың алқауында қақпа алдында қызыл лента қиылып, әжелердің шашуы шашылды.
– Бүгін ауылымызда айтарлықтай іс болды. Ауылдың 1988 жылғы азаматтары бас қосып, бірлік танытуының арқасында ауылдың кіреберісіне арка салынып, 600 метр жол самаладай жарық болды. Осы үшін түлектерге ерекше алғыс білдіремін. Себебі туған жерге ту тіге білген азаматтарда қасиет бар. Тағы бір айта кетерлігі, түлектердің мұндай ауқымды тартуы ауылымызда тұңғыш рет жүзеге асып отыр, – дейді округ әкімі Әділ Асқарханұлы.
1988 жылы туған азаматтардың ауылға жасаған сыйлары мұнымен шектелмеді. Көз қуантатын игі істер Бәйдібек, Бірлік, Бірлікүстем және Ақсу ауылдарында да жалғасын тапты. Бірі ауылына аллея салса, енді бірі құтты төбе мен ауылдың төлқұжатын орнатты, ал тағы бірі кіреберіс қақпа салып, азаматтық мінез танытты.
Елдің әр қиырында жүрсе де ұшқан ұясын ұмытпайтын түлектер барда туған өлкеміздің көркейе беретіні ақиқат. Ал анасынан арды емген, әкесінен текті тәрбие алған 1988 жылғы азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.