Құтан төре
ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Жетісу өлкесіндегі ел-жұрттың ерекше ықылас-пейіліне бөленген белгілі және беделді болыс-сұлтандар аз болмаған. Солардың бірі – сұлтан Құтан Сұлтанбекұлы (халық арасында Құтан төре аталып кеткен). Ол кісі Дулат руынан тарайтын Сиқым елін ұзақ жыл басқарған және ел арасында әділдігімен, адалдығымен, іскерлігімен ерекшеленген жан. Құтан төре атақты Абылай ханның тікелей ұрпағы. Ол ата даңқына лайық мұрагер.
1864 жылы патша өкіметі Жетісу өлкесінде қоныстанған Ұлы жүз руларын басқару үшін жүргізген әкімшілік-аумақтық реформасы негізінде Дулат руынан тараған төрт атаның бірі Сиқым елі жеке дара болыстық болып құрылады. Осы болыстықтың тұңғыш болысы болып сұлтан Құтан Сұлтанбекұлы тағайындалады. Құтан төре жаңа әкімшілік негізде құрылған Сиқым болыстығын 1864 жылдан бастап 1898 жылдың қаңтар айына дейін ынта-жігерімен атқарды, осылайша ол болыс қызметінде отыз төрт жылға жуық отырды. Құтан сұлтан Жетісу өңіріндегі болыстық қызметті өте ұзақ жыл атқарған ірі болыстардың бірі болып табылады. Осы келтірілген мәліметтің нақтылығы мұрағат деректері арқылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Рахымқұлов Дәуітхан Айтжанұлының баяндауымен айқындалып отыр.
Құтан Сұлтанбекұлы 1833 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Тоқмақ уезіне қарасты Кербұлақ деген жерде (қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылының жайлауы) Сиқым елінің бас биі Сұлтанбек төренің шаңырағында дүниеге келеді. Құтан Сұлтанбекұлы Жәңгіровтің ата-бабалары билік еткен сұлтандар әулетінен шыққан. Оның арғы атасы, үш жүздің ханы атанған Абылай көршілес жатқан алып империялар патшалық Ресей және Қытайдағы Цин патшалығымен сауда және саяси байланыс жасап отырған. Әкесі Сұлтанбек Жәңгірұлы көп жылдар бойы Сиқым елінің бас биі болып қызмет еткен танымал тұлға. Ол Жетісу өлкесінің қоғамдық-саяси өмірінде белсенді рөл атқарған.
Сұлтанбектің Құтан, Қабыке, Данағұл, Бабағұл және Баби атты ұлдары болған. Осы әулеттің ішіндегі айтарлықтай әйгілі өкілі Жәңгіртегі Құтан Сұлтанбекұлы. Құтан төренің төрт бауыры болды. Атап айтсақ, Қабыке (1852 жылы туған) 1877-1879 ж.ж. үш жылдық сайлауда болыстың орынбасары қызметіне сайлануға үміткер болған, Данағұл (1855 ж.т.) 1889-1891 ж.ж. аралығындағы үш жылдық мерзімге болыстың орынбасары (кандидаты) және 1898-1900 ж.ж. аралығындағы үш жылдық мерзімге би (халық соты) қызметіне сайланған, Бабағұл (1862 ж.т.), Баби (1864 ж.т.) 1913-1915 ж.ж. аралығындағы үш жылдық мерзімде бидің (халық сотының) орынбасары қызметін атқарған.
Құтан Сұлтанбекұлының қоғамдық-саяси майданда көріне бастаған дәуірі Жетісу өлкесіндегі халықтың патша өкіметінің құрамына ене бастаған тұсына дөп келеді. 1859 жылы Батыс Сібір бас штабының штаб-капитаны М.И.Венюковтың басшылығымен құрылған барлаушы топ Шу өңірінің топографиялық картасын жасау мақсатымен әскери-барлау экспедициясы ұйымдастырылады. М.Венюковтың басшылығымен шыққан барлау экспедициясы нәтижелі аяқталғаннан кейін, полковник Циммерман қоқандықтардың әскери пункті саналған Тоқмақ және Пішпек бекіністерін жаулап алу үшін әскери жорыққа дайындалады. Сөйтіп 1860 жылы Циммерман әскері 26 тамызда Тоқмақ қамалын және осы жылдың 4 қыркүйегінде Пішпекті жаулап алады. Бұл әскери жорыққа басқа да қазақ жауынгерлері секілді Сиқым елінің биі Сұлтанбек Жәңгірұлы өз жасағымен қатысады.
Патшалық Ресей өкіметі 1865 жылы Жетісудағы Ұлы жүз қазақтарына биліктерін жүргізу үшін әуелгі әкімшілік-саяси реформасын енгізе бастайды. Бұл реформа Жетісу өлкесіндегі Ұлы жүз руларын қоныстанған аумағына қарай бөле отырып, алғашқы болыстықтар мен әкімшілік негіздегі ауылдарды құрады. Нәтижесінде, Дулат руынан тарайтын Сиқым елі жеке «Сиқым болыстығы» деген атпен құрылып, оның құрамындағы әр бөлімшесі әкімшілік ауыл түрінде бірігеді. Болыстықты болыс биледі, ал ауылды старшын басқарды.
Жаңа әкімшілік-аумақтық негізде құрылған Сиқым болыстығына 1864 жылдың тамыз айында Алатау округі және Үлкен орда қазақтарының бастығы, полковник Г.А.Колпоковский сұлтан Құтан Сұлтанбекұлын болыс етіп тағайындайды. Осы жылдан бастап ол өзінің үш жылдық алғашқы болыстық қызметін бастайды.
Құтан төре Сиқым елінің «тұңғыш болысы» болған адам. Ол отыз бір жасында өзінің Сиқым еліне болыс болып, бар мүмкіндігінше алда тұрған даулы мәселелерді әділ шешіп отырған. Ол өзінің ержүректілігімен, қайсарлық қасиетімен, тапқырлығымен және іскерлігімен танылған. 1866 жылы Құтан төре Тоқмақ қаласында Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың арасында туындаған даулы мәселелерді шешу үшін шақырылған билер съезіне қатысады. Осы съезде қаралған мәселелерді бейбіт түрде шешуге атсалысқаны үшін ол 1867 жылы 1 сәуір айында Түркістан генерал-губернаторынан Анна лентасындағы үлкен алтын медальмен және прапорщик әскери шенімен марапатталады. Осыдан былай Құтан төре екі ел арасындағы, ағайын ішіндегі даулы мәселелерді шешумен айналысады, ел тыныштығын қорғайды. Бұл ретте өзінің адалдығымен, турашылдығымен танылып отырған.
Сиқым болыстығы құрылған жылдан бастап Қалғұты, Жылангөз, Ырғайты, Шу және Дулат болыстықтары онымен көршілес жатты. 1867 жылы Құтан төре жергілікті халықтың сайлауымен қайта Сиқым елінің болысы болып қызмет етеді. Оның бұл қызметі 1870 жылдың көктем мезгіліне дейін созылады.
1868 жылдан бастап Сиқым болыстығы Тоқмақ уезіне қарап, содан 1873 жылға дейін сол уездің құрамында болып келді. 1868 жылы Тоқмақ уезі құрылғаннан кейін оның әкімшілік-басқару орталығы болып Тоқмақ қаласы белгіленді және сол жылы Тоқмақ қала мәртебесін алады.
1870 жылдың мамыр айында Сиқым елінің болысы қызметін атқарып жатқан Құтан төре Тоқмақ уезі бастығының кіші көмекшісі қызметіне тағайындалады. Ол уақытта Тоқмақ уезі бастығы қызметінде подполковник Загряжский деген отырған еді. Бұл қызметті Құтан төре 1871 жылдың маусым айына дейін атқарады. Подполковник Загряжскийдің көмекшісі қызметін атқарған жылдары Құтан төре өзінің отбасымен уезд орталығы – Тоқмақ қаласында тұрады. Өйткені Құтан Сұлтанбекұлының есімі 1870-71 ж.ж. Сиқым болыстығында тұратын түтін қожайындарының тізімінде кездеспейді.
Құтан төре уезд орталығы – Тоқмақ қаласында екі жылға жуық тұрды. 1871 жылдың маусым айында Құтан сұлтан отбасымен бірге екі жыл тұрып қалған Тоқмақ қаласынан көшіп, Күмбезді Кербұлақтағы өзінің әкесінің мекенжайына қайтып оралады.
1871 жылы маусым айында Сиқым болыстығында болысты және ауыл билерін алдағы үш жылдық (1871-1873 ж.ж.) мерзімге сайлау өткізіледі. Осы сайлауда Құтан төре өзінің кандидатурасын болыстық қызметке ұсынады және халықтың қолдауымен елубасылардың жақтап дауыс беруімен Құтан төре Сиқым елінің болысы болып қайта сайланады.
Ол өзінің ақыл-парасат, іскерлігімен болыс болып ел ішінде зор беделге ие болады. Жаңа үш жылдық мерзіммен болыстық қызметке бекітілгеннен кейін Құтан болыс өзінің қызмет бабындағы міндеттерін атқара бастайды. Осы кезде болыстық төрт әкімшілік ауылдан құралды және болыстықта жалпы 670 түтін саналды. Онда 971 ер адам, 911 әйел адам болды. Осы жылдан бастап Құтан болыс болыстық қызметті 1898 жылға дейін үздіксіз атақарады.
1880 жылы Құтан болыс Ұзынағашта өткен төтенше билер съезіне қатысады. Құтан төренің болыстық қызметті атқарған жылдары істеген елеулі жұмысы – Іле өзені арқылы өтетін 1882 жылы салдырған «Кауфман көпірі». Бұдан басқа Құтан болыстың халық үшін жасаған үлкен азаматтығының бір ғана көрінісін мынадан байқауға болады. 1885 жылы Шу алқабын мекен еткен Сиқым елі егін және бау-бақша шаруашылығын дамыту үшін үлкен өзен-көлдерден арықтар және тоғандар жүргізу керек болатын. Осы кезеңде Құтан төренің басшылығымен Шу өзенінен үлкен арықтар жүргізіледі. Соның арқасында жергілікті халық өз шаруашылықтарын жүргізуге мүмкіндік алады. Осы қызметі үшін Құтан халықтың ерекше ықыласына бөленіп, болыстың арнайы сыйлықпен марапаттауына ұсынады. 1887 жылы 13 маусымда Верный қаласында апта сайын басылып тұратын «Жетісу облыстық ведомост» газетінің №24 санында Верный уезіндегі әртүрлі сыйлықпен марапатталған болыстар мен билер тізімінің алғашқы бетінде жарияланады. Сол қызмет иелерінің арасында Құтан Сұлтанбекұлының есімі де көрсетілген.
Сиқым елінің болысы Құтан төре өзінің ата мекенін көгалдандыру үшін ағаштың көп түрін өсірумен де айналысқан. Мәселен, 1882 жылғы мәліметке жүгінетін болсақ, Құтан болыс өз ауылының маңында бау-бақша егіп (бау-бақша бірнеше десятинадай жерді алып жатты) және сонда жоңышқа өсіріп, халықты шаруашылық жүргізуге ұйымдастырған.
1898 жылы Құтан болыс өзінің болыстық қызметінің мерзімі аяқталғаннан кейін Сиқым елінде өткізілген жаңа болыс сайлауына өзінің кандидатурасын ұсынбайды, содан былай ол болыс қызметіне қайта оралмайды.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Құтан төренің ұлдары Тоқтағұл мен Ахмет ел билігіне араласып, халыққа қызмет етті. Тоқтағұл Құтанұлы Сиқым болыстығында 18 жыл бойы №7 әкімшілік ауылдың биі (халық соты) болып қызмет көрсетті. Алғаш рет Тоқтағұл 1898 жылы би қызметіне сайлауға түсіп, содан қатарынан алты мәрте би лауазымына ие болған. Ал Тоқтағұлдың туған інісі Ахмет 1904-1906 ж.ж. үш жылдық сайлауда би ағасының орынбасары (кандидаты) болып қызмет етті.
Қорыта айтар болсақ, Құтан төре Cиқым болысын ұзақ жыл басқарған адал да әділ басшы, еліне құрмет-беделі артқан азамат болғандығын тарихтың өзі көрсетіп отыр. Өз дәуірінде жастайынан ел басқару ісіне кірісіп, халқының аманатын арқалап, Сиқым елінің қанатын кеңінен жаюына өмірін арнаған. Ол болыстық әкімшіліктің жоғарғы лауазымды қызметін атқарды және бірнеше медальдармен қатар прапорщик, подпоручик және поручик әскери шендеріне ие болды. Отыз төрт жыл бойы болыстық қызметті атқарған жылдары ол өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындап, қызметке қабілеттілігін көрсетті және өзінің билігіндегі болыстықтың ішіндегі ауылдарға қатысты барлық мәселелерге өте ұқыпты және мұқият болды. Құтан төре болыстықтың басшылығында тұрған алғашқы кезінен бастап өзін белсенді және іскер болыс ретінде көрсетті. Халықты бір мақсат, бір мүддеге тіршілік кешуге шақырған.
Қорыта айтқанда, Жетісу өлкесіне батыр және болыс ретінде белгілі болған сұлтан Құтан Сұлтанбекұлының қазіргі күні ауданымыздың Көктөбе ауылын (бұрынғы Жамбыл атындағы совхоз) жайлаған Сиқым ата ұрпақтарының шұрайлы жерге қоныстануына, береке-бірлігінің артуына, өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі ұшан-теңіз.
Сиқым елінің өсіп-өніп, қанатын кеңге жайып, ел болып қалыптасу жолында үлкен рөл атқарған Құтан төре бабамыздың еңбегін дәріптеп жазған осы мақаламды Сиқымның бір баласы ретінде баба рухына тағзым етіп, мына бір жыр жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.
Армысыздар, тәңір берген төрелер,
Артық айтып, мақтап кетті демеңдер.
Ұзақ жылдар болыс болған Сиқымға,
Құтан төре көзі ашық кемеңгер.
Даңқы асқан Құтан атты төренің,
Қуанамын көрген сайын өренін.
Қасиетті хан басқарған халықпыз,
Арналады тектілерге өлеңім.
Төре біткен Шыңғыс ханның ұрпағы,
Бар қазақтың басын қосу ұраны.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» демей ме?!
Бүгінгінің шырқап салар жыр-әні.
Құтан төре Кербұлақты жайлаған,
Болған екен көпшілікке жайлы адам.
Сиқым елі сайлау сайын болысты,
Сенім артып, міндет жүктеп сайлаған.
Әлсіздерді әділдікпен жақтаған,
Ел-жұртының дәстүр-салтын сақтаған.
Жалын атқан жігері мол жастарды,
Адалдыққа, ар-ұятқа баптаған.
Тәлім алып, ғұмыр кешкен ғасырдан,
Келелі үлкен кеңестерге бас ұрған.
Отыз төрт жыл болыс болып Сиқымға,
Абыройын ақылымен асырған.
Мерейжасы құтты болсын Құтанның,
Оза туған бір баласы Сұлтанның.
Елге жайлы, жұртқа сыйлы болыпты,
Өмір жолын өнеге етіп тұтамын.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.