Ақпараттық портал

Мейірімнен басталып, ізгілікке ұласқан игі бастама

Жаңа оқу жылы қарсаңында Жайсан орта мектебінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Игі шараның мақсаты – көмекке мұқтаж оқушыларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылын алаңсыз әрі қуанышты бастауына жағдай жасау.
Акцияға ауылымыздың кәсіпкерлері, ұстаздар, мектеп түлектері, ауданымыздағы кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер белсене атсалысып, балаларға қажетті мектеп формасы, сөмке, оқу құралдары мен кітаптар тарту етті.
Ауылымыздағы «ЕлАмир» дүкенінің иесі Дүйсенов Құттымұрат Төлепұлы мен «Хадиша» дүкенінің иесі Бүркітбай Рахат Бағдатұлы мұқтаж оқушыларға қажетті оқу құралдарын алып берді. Кәсіпкерлердің бұл игі ісі – туған ауыл балаларына деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Қайырымдылық шарасына зейнеткер ұстаз Тусипова Фарида Насухаевна да өз үлесін қосты. Ұлағатты ұстазымыз «Бірінші сыныпқа – бірінші рет» акциясы аясында 1 сынып оқушыларына ертегі кітаптарын тарту етті. Білім мен тәрбиені өмірінің өзегіне айналдырған ардақты ұстаздың бұл сыйы бүлдіршіндердің кітапқа деген қызығушылығын арттыруға сеп болары сөзсіз.
Мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімі Туменбаева Жулдыз Турысбековна бір оқушыға мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын алып беріп, шәкіртіне қолдау көрсетті. Ұстаздың бұл қамқорлығы – кәсіби жауапкершілікпен қатар балаға деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.
Акцияға мектебіміздің 2019 жылғы түлегі, «Корпорация Казахмыс» КШПУ Жайсан мекемесінің учаскелік геологы Сержанұлы Дихан да атсалысып, мұқтаж оқушыға қажетті оқу құралдарын алып берді. Туған мектебіне қолдау көрсеткен мектеп түлегінің бұл әрекеті – ұрпақтар сабақтастығы мен білім ордасына деген құрметтің жақсы үлгісі.
Сонымен қатар Шу ауданы аумағында орналасқан өнеркәсіп бағытындағы кәсіпорындар, «Жібек Жолы» арнайы экономикалық аймағындағы инвесторлар және ауданымыздың жеке кәсіпкерлері де қайырымдылық шарасына қолдау білдіріп, 3 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдарын тарту етті.
Осындай игі істердің барлығы – балалардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастап, білімге сеніммен қадам басуына жасалған маңызды қолдау. Бір балаға берілген мектеп формасы, сөмке немесе кітап – бір қарағанда қарапайым дүние болғанымен, оның артында үлкен мейірім мен қамқорлық жатыр.
«Мектепке жол» акциясы – қоғамның балаға деген жанашырлығын көрсететін игі бастама. Баланың білім алуына жағдай жасау – ел болашағына жасалған қамқорлық.
Осы қайырымдылық шарасына атсалысып, оқушыларға қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, ұстаздарға, мектеп түлегіне, өнеркәсіп орындарына, «Жібек Жолы» арнайы экономикалық аймағындағы инвесторларға және ауданымыздың жеке кәсіпкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз.
Жасаған жақсылықтарыңыз еселенуімен қатар отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!
Жақсылықтың шуағы әр шаңыраққа жетіп, осындай ізгі бастамалар жалғасын таба берсін!
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің әлеуметтік
педагогы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.