«Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат»
Балабақша – кішкентай жүректердің үлкен арманға алғашқы қадам басатын мекені. Әр баланың сыңғыр күлкісі, әр айтқан сөзі – бір әлем, бір құпия. Осы бір әлемнің есігін ашып, оны тәрбиелеу – тәрбиешінің жүрегіндегі мейірім мен сабырдың жемісі.
Міне, осы бағытта 2018 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында 100 орындық бүлдіршіндерге арналған «Лашын» бөбекжай балабақшасы бой көтерген болатын. Жеке кәсіпкер, құрылтайшы Гүлнар Жүнісәлиева басқарып отырған «Лашын» балабақшасы бүгінде ауданымыздың мақтанышына айналды.
Бір айта кетерлігі, қазақы нақышқа, дәстүрге көп көңіл бөлген басшы Гүлнар Атаманқызы бұл шарада салт-дәстүрді насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтсақ, «Лашын» бөбекжай балабақшасында «Ұлттық құндылық – ұрпаққа аманат» тақырыбында ұлттық мұраны дәріптеу, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру мақсатында тағылымы мол тәрбиелік облыстық семинар өткізілді.
Атаулы шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нарима Есенова, Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев пен Шу ауданы мәслихатының депутаты Ләйлә Жүнісәлиева, сондай-ақ Меркі, Қордай, Мойынқұм аудандарынан келген әдіскерлер және ересек топтың 25 тәрбиеленушісі қатысты.
Семинардың алғашқы кезеңі «Мамандықтар қалашығына», «Жеті өнер» орталығына, «Әжелер мектебі» шеберханасына саяхаттан басталды. Шара барысында ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген, сән-салтанаты жарасқан киімдер киген балалар сахна төрінде еркін жүріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Балалардың сахнада өзін еркін ұстауы, қимыл-қозғалысы мен сенімділігі іс-шараның тәрбиелік мәнін арттыра түсті. Ұлттық тәрбиеге бағытталған мұндай жұмыстар арқылы бүлдіршіндердің туған халқының мәдени мұрасына деген қызығушылығы артып, ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілігі қалыптасатыны анық.
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
3 курс студенті.
Суреттер автордікі.