Байрағымыз – бағытымыз, әнұранымыз – айбынымыз
Біз – тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпағымыз. Осы күн үшін бабаларымыз талай қан мен тер төкті. Жасы үлкендердің жастарға жиі айтатын сөзі бар. «Сендер бақытты ұрпақсыңдар, көк тудың астында туып, әнұранды естіп өсіп келесіңдер» дейді. Шынында да, біз үшін егемендік – кітаптан оқыған тарих қана емес, күнделікті тыныстап жүрген ауамыз бен басып жүрген жеріміз. Ал сол азаттықтың ең басты белгісі – біздің Рәміздеріміз.
Елімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні болып жарияланған. Жыл сайын осы күні іште бір толқыныс, ерекше мақтаныш сезімі оянатыны жасырын емес. Бұл күн ресми баяндамалар мен ұрандардың кезегі емес. Қолда бар бақытымыздың салмағын сезінетін күн. Кейде замандастарымның арасынан «Осы Рәміздер күнін бөлек мейрам ретінде бекітудің қаншалықты қажеті бар еді?» деген сұрақты естіп қаламын. Жауап біреу ғана. Бұл күн – мемлекеттігіміздің іргетасы бекіген сәт. Саяси картада жаңа Қазақстанның аты жазылғанда, бізді әлемге танытатын төлқұжатымыз осы рәміздер болды.
Көк туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз жай ғана әдемі бейнелер емес, олар біздің кім екенімізді, қайдан келгенімізді және қайда бара жатқанымызды көрсететін басты құндылықтар. Осыны ұмытпау үшін, елдік сананы ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау үшін бұл күн бізге ауадай қажет. Мәселен, көк туымызға қараңызшы. Өзге елдердің байрақтарындай емес, тұтас бір философия. Ашық аспан түсті матаның қақ ортасындағы алтын күн мен еркін ұшқан қыран құс – біздің ешкімге тәуелсіз, кең әлемге құлаш сермеген өршіл рухымыздың бейнесі. Ал бүйіріндегі ұлттық өрнек – тамырымыздың тереңде жатқандығының айғағы.
Ал Елтаңбамыздағы шаңырақ – әрбір қазақстандықтың бас қосатын ортақ үйі. Одан жан-жаққа тараған уықтар елдегі әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігін, татулығын көрсетеді. Жауынгерлік рух беретін қос қанатты пырақтар болса, бізді тек алға, жаңа белестерге жетелейтін арман-мақсаттарымыздың қанаты сияқты.
Әнұранның орны тіпті бөлек. Әсіресе, әлемдік додаларда спортшыларымыз жеңіске жетіп, туымыз көкке көтерілгенде, өзіміздің төбеміз көкке жеткендей сезімде боламыз. Сол сәттегі мақтаныш сезімі – нағыз патриотизмнің көрінісі болса керек.
Егер бұл тек бізге ғана тән құбылыс деп ойласаңыз, қателесесіз. Дүниежүзінің озық мемлекеттері де өз рәміздерін ұлықтауға ерекше мән береді. Олардың тәжірибесіне көз жүгіртсек, қызықты деректер көп. Әлемде бұл мейрамды ең алғаш рет ресми бекіткен елдердің бірі – АҚШ.
Олар жыл сайын 14 маусымда «Ту күнін» (Flag Day) тойлайды. Бұл күні американдықтар өз еркімен үйлерінің алдына, көліктеріне ту іледі, көшелерде үлкен патриоттық шерулер өтеді.
Ал канадалықтар 15 ақпанда өздерінің әйгілі үйеңкі жапырағы бейнеленген ту күнін атап өтеді. Мектептерде тудың шығу тарихы туралы арнайы сабақтар өтіп, қоғамдық орындарда мемлекеттік ту тегін таратылады. Түркияда бөлек рәміздер күні жоқ. Десе де, түрік халқының туға деген құрметіне таңғалмасқа болмайды. Кез келген зәулім үйдің төбесінен төмен қарай алып туларды іліп тастау – олардың бұлжымас дәстүрі. Скандинавия елдерінде «Ту күндері» өте көп. Жыл ішіндегі маңызды тарихи даталарда әрбір азамат өз үйінің алдына (флагштокқа) мемлекеттік туын ілуге міндетті. Байқап қарасақ, әлемнің қай елі болмасын, өз рәміздерін ұлықтау арқылы халықтың басын біріктіруді, бір тудың астына топтастыруды көздейді. Біздің де мақсатымыз осы.
Қуантарлығы, қазір рәміздерге деген көзқарас өзгерді. Бұрын туды тек ресми мекемелерден көрсек, бүгінде жастар оны үйінің төріне іліп, үлкен жеңістерде иығына жауып жүреді. Бұл – патриотизмнің міндеттеуден емес, жүректен шыққан шынайы махаббаттан бастау алатынының дәлелі. Отанға деген махаббат осындай кішкентай құрметтен қалыптасады. Біздің міндет – ата-бабамыз аңсаған, бүгінде бізге аманат болған осы қасиетті рәміздерді көздің қарашығындай сақтау және қадірлеу.
Көк туымыз әрқашан биіктен желбіреп, әнұранымыз асқақтай берсін. Мемлекеттік Рәміздер күні құтты болсын, ағайын!
Ақнұр БӨЛЕКБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университеті
“Конвергентті журналистика” мамандығының 1 курс студенті.