Ұлт өнерін дәріптеген ұстаз
Ұлттық құндылықтарды ұмыттырмай ұрпаққа ұлағат ету – үлкен іс. Оның ішінде қолөнерді өміршең ету де ортақ міндет. Ол үшін осы іспен шұғылданатын жандарды бұқараға насихаттау керек сынды. Сонда ғана бұл бекзат өнер келешек адамдарына қонады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың отырысында «Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек» деген болатын.
Қазақтың төл мұрасын қолөнер арқылы түгендеп жүрген жандардың бірі – Үміткүл Адашова. Аудан орталығындағы техникалық шығармашылық орталығында шебер қолдар үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істейтін кейіпкеріміз осы ұжымда 11 жылға жуық тер төгіп келеді.
Жалпы ширек ғасырға жуық тәжі-рибесі бар Үміткүл Рысқұлқызы өз шәкірттерін өнерге баулып, бірқатар марапаттарға ие болып жүр. Мәселен, республикалық «Жас дарын» орындаушылар байқауында жерлесіміздің оқушылары жоғары деңгейде нәтиже көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталған. Сондай-ақ Өскеменде өткен VI халықаралық көркем шығармашылық конкурсында бірінші дәрежелі дипломды қанжығасына байлаған. Бұл марапат Астана қаласында төсбелгімен бірге табысталғанын айта кеткен жөн.
Ұстаз үшін қуаныштың бірі – шәкіртінің шырағы жағылғаны. Бұл тұрғыда үйірме жетекшісінің мақтанып айтар оқушылары көп. Олармен бірге барған байқаулардан да жүлдемен оралып жүр. Оның ішінде Анель Ерсін үздік өнері үшін марапатқа ие болған. Өзі тәлім беретін 50 шақты оқушының әрбірінен ұстаз зор үміт күтеді.
Қорыта айтқанда, қолөнеріміз білікті үйретушілер мен үйренушілер барда жасай беретіні жасырын емес. Ең бастысы осы саланы таңдаған жерлестеріміздің жігері бізді қуантады. Сондықтан мұндай жандарды қолдап, қуаттау арқылы ұлттық мұраға жанашырлық жасаймыз.
Сырттай қарапайым көрінгенімен маңызды жұмыс істеп жүрген үйірме жетекшілеріне шығармашылық табыс тілейміз. Шәкірттеріне де талай додаларда топ жаруына тілектеспіз.
Байжан Емберді.