Ақпараттық портал

Шу бекеті – тоғыз жолдың торабы

Ежелгі Шығыс пен Батысты жалғап жатқан Жібек жолының бойында орналасқан Шу жері бұл күндері өзінің тарихи маңыздылығын жоғалтқан жоқ десе болады. Оның басты себебі – тоғыз жолдың торабы, Жамбыл темір жол бөлімшесінің Шу бекеті десек, нақ айтқан болар едік.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құрамдас бөлігі болып саналатын Шу бекеті ТМД елдеріндегі бірегей бекет болып саналады. Ғасырға таяу тарихи бар бекеттің бастапқы мақсаты бір кездерде Түркістан мен Сібірді жалғастыру болса, кейін Шу-Мойынты темір жолының ашылуы Орта Азия мен Қазақстанның Қарағанды, Павлодар, Екібастұз өңірлерінен астық, ағаш, мұнай тағы басқа да халық шаруашылығы жүк өнімдерін тасуға кең жол ашты.
Ұзындығы 500 шақырымға таяу Шу-Мойынты темір жолы соғыстан кейінгі еліміздің ауыр жағдайында Қазақстан үкіметінің басшылығымен салынған тарихи құрылыс екенін атап өткеніміз жөн. Ал, құрылыстың салынуы Шу бекетінің маңыздылығын еселеп арттырды десе де болады. Бұл күндері Шу бекеті электрлендірілген Шу-Отар, Шу-Мойынты, Шу-Жамбыл темір жолдары табанды жұмыс істеп тұрған бекет. Жүк пойыздарымен бірге жолаушы пойыздарын қабылдап, жөнелтуге арналған алты парктен тұратын маңызды бекеттің бірі. Бекет жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуге, жоғарғы техникалық талаптарға сай лайықталған.
Негізінен, Шу бекеті жоғарғы сыныптағы, сұрыптау бекетімен қоса 4-ші тарифтік нұсқауына сәйкес жүк қабылдаудың барлық саласына және тәулігіне 30-дан аса жолаушылар поездарын қабылдап, жөнелту мүмкіндігі бойынша жұмыс істеп тұрғанын айта отырып, бекеттің вокзал ғимараты биыл да күрделі жөндеуден өтіп, аяқталатынын атап айтқанымыз жөн.
Техникалақ мүмкіндігіне сай, тәулігіне 2210 вагонға дейін сұрыптау мүмкіндігі бар, ал биылғы жылы сұрыптау алаңында 226-шы аса қажет айналма жолы және жүк көлемінің өсуіне байланысты 41,43,45,47 транзиттік жолдардың іске қосылғанын көрсете отырып, арнаулы тәжірибелі кәсіби мамандармен қамтылған, Қазақстан ұлттық темір жолының аса маңызды, бүгінгі сұранысқа сай бекетінің бірі екенін баса айтқанымыз дұрыс.
Халықаралық Достық, Алтынкол бекеттерінің ашылуы, Қытай-Еуропа-Қытай, Қытай-Орта Азия-Қытай, Қытай (Ақтау порты)-Түркия-Еуропа дәліздері арқылы жүретін транзиттік жүк поездарының өтуі – бұл күндері Шу бекетінің жұмысының маңыздылығын еселей түскенінің куәсі болып отырмыз. Еуропа-Қытай-Еуропа транзиттік контейнерлік пойыздарының тасымалдаушыға қоятын талабы өте жоғары екенін айта кетуіміз керек. Пойыздар жоғары қауіпсіздікті сақтай отырып, тәулігіне 1200 шақырымға дейінгі орташа жылдамдықпен жеткізілуге тиісті.
Ал, ЖИ талабына сай, тұтынушылардың шарттары – Қазақстан арқылы өтетін транзиттік пойыздар:
Біріншіден, электрленген бағыттармен жүруге;
Екіншіден, қауіпсіздікті сақтай отырып, жоғарғы тәуліктік жылдамдықпен жүруге;
Үшіншіден, экологиялық таза аймақтармен жүруге тиісті.
Жоғары сыныптағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық акционерлік қоғамының Шу темір жол бекеті осы негізгі жоғарғы талаптарға сай болып отырғанын атап көрсетуге тиістіміз. Алғашқы жоба бойынша негізгі мақсат – бекет арқылы Сібір, Солтүстік аймақ пен Орта Азия елдеріне жол ашу болғанын баса айтқанымыз жөн.
Біріншіден, Қазақстан Үкіметінің Жамбыл облысының Шу жерін «Jibek Joly» жаңа экономикалық аймақ болып белгіленуі;
Екіншіден, Металлургия, Жүгері өңдеу, жұмыстарының іске қосылуы және оларға келетін жүктер мен шығаратын өнімдерінің үлесінің көпшілігі Шу бекеті арқылы жүзеге асарын атап көрсетіп, келешекте бұл аймақ халықаралық инновациялық жүк алаңына айналары сөзсіз дегеніміз жөн;
Үшіншіден, Алматы айналма жолы (Қазыбек бек-Жетіген 75 шақырым) арқылы өтетінін Қытай еліне бағытталған жүктерді жеке жолдарда дайындау, сұрыптау Шу бекетіне жүктелері анық;
Төртіншіден, Қызылжар-Мойынты (358 шақырым) аралығындағы теміржолдың іске қосылуы, Шұбаркөл көмірінің Орта Азия елдеріне Шу бекеті арқылы өткізу, тиімді әрі қысқа темір жол болары сөзсіз;
Бесіншіден, Ел Президентінің Жамбыл облысында инвестиция тарту жұмысының қарқынды дамуына оң баға бергенін де атап көрсеткеніміз жөн.
Тоғыз жолдың торабы саналатын Шу бекетіндегі жұмыстың бүгінгі дамуы, Жамбыл жерінің экономикалық-әлеуметтік жағдайына тұрақтылық пен серпіліс берері сөзсіз. Ал, бұл күндері сол жердегі «Сауда Сервис» ЖШС, Жамбыл аймағындағы, Шу жеріндегі талаптарға сай, өзінің көліктік сервис қызметін тұтынушыларға ұсынып отырған бірден-бір мекеме. Осы мекеменің әлі де болса халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуі үшін барша жергілікті құзырлы мекемелердің барынша қолдауы кезек күтпейтін іс. Келешекте, осы көрсетілген негізгі белгілер, Жамбыл облысының Жамбыл жол бөлімшесінің Шу бекетінің жұмысын ары қарай жандандыруға кең жол ашары сөзсіз.
Қазақстандағы теміржол мамандарының ұстаханасы болып саналатын Шу темір жол торабының барша теміржолшыларын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жемісті еңбек пен толағай табыс тілейміз!

Б.ЖаҢбырбаев,
Құрметті теміржолшы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.