Қоғамдық жауапкершілік әр азаматтың ұстанымынан басталады
2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы – ел өміріндегі маңызды саяси науқан. Бүгінде Қазақстанда кәсіп бастауға, өз кәсібін дамытуға ниетті жастардың саны артып келеді. Қазіргі таңда еңбекқор, білімді, ізденімпаз жастар көбейген сайын ел экономикасы да нығая түседі. Алайда экономиканың дамуы қоғамдағы тұрақтылықпен, заң үстемдігімен және өзара сеніммен тығыз байланысты. Сондықтан еліміздегі әрбір маңызды саяси үдеріске жауапкершілікпен қарау – ортақ міндетіміз.
Менің ойымша, азаматтық белсенділік күнделікті өмірден басталады. Өз жұмысыңды адал атқару, заң талаптарын сақтау, қоғамдағы тәртіпке құрметпен қарау, өз еліңнің дамуына үлес қосуға ұмтылу – мұның бәрі азаматтық мәдениеттің көрінісі. Ал сайлау сынды маңызды жайттар сол ұстанымды нақты әрекетпен көрсететін кезең.
Мен жастардың ел тағдырына бейжай қарамайтын буын болып қалыптасып келе жатқанына сенемін. Олар жаңашыл, ізденімпаз әрі білімге құштар. Осындай жастардың белсенділігі Қазақстанның болашақтағы дамуына оң әсер етеді. Бірақ белсенділік әрдайым мәдениетпен, заңға құрметпен және жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс.
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы да азаматтардың өз ұстанымын заң аясында білдіретін маңызды кезеңдердің бірі. Мұндай сәтте әр адам нақты таңдау жасауы қажет. Сондықтан әрбір қазақстандық бұл үдеріске ойланып, жауапкершілікпен қарағаны дұрыс деп санаймын.
Мен еліміздің болашағына сенемін. Қазақстанның ең үлкен байлығы – оның еңбекқор халқы, бірлігі мен татулығы. Осы құндылықтарды сақтай отырып, біз кез келген мақсатқа жете аламыз. Әрқайсымыз өз саламызда адал еңбек етіп, елдің дамуына үлес қоссақ, мемлекетіміздің іргесі одан әрі беки түседі.
Біздің ортақ мақсатымыз – өркениетті, заң үстемдігі орныққан, тұрақты әрі дамыған Қазақстанды бірге қалыптастыру екенін түсінейік. Ол үшін әр азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, ел тағдырына бейжай қарамауы қажет. Сонда ғана қоғамымыздың бірлігі нығайып, мемлекетіміздің болашағы жарқын боларына кәміл сенемін.
Ержан ӨМІРӘЛИЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.