«Сәулеттік келбет сақталуы тиіс»
Сейсенбі күнгі аудан әкімі Б.Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде үш мәселе талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы С.Оңланбеков сөз алып, қала мен елді мекендердің сәулеттік келбеті жайында баяндады.
Серік Оразұлының айтуынша, Құрылыс кодексіне сәйкес елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыру және сақтау мемлекеттік қала құрылысы саясатының негізгі бағыттарының бірі.
Одан бөлек, басшы Шу қаласы әкімінің аппараты қала аумағындағы қараусыз қалған және иесіз жатқан ғимараттарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аталған нысандарды полицияның патрульдік бағыттарына енгізуді, сондай-ақ ғимарат иелерін анықтап, оларға нысандарды қоршау, бөгде тұлғалардың кіруін шектеу және заңнама аясында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті ескертулер беру үшін Шу ауданының полиция бөліміне хат жолданғанын мәлімдеді.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның баяндамасында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі А және Б санаттарындағы азаматтарды нақтылау мәселесі туралы ақпарат айтылды.
Басшының мәлімдеуінше, Үкімет басшысының 2026 жылғы 9 шілдедегі «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік жәрдемақыларды алуы ықтимал «А және B» деңгейлерін тізімге сәйкес анықтап, сауалнама арқылы тексеру мәселесі бойынша кеңестің хаттамалық тапсырмасын орындау тапсырылған. Соған сәйкес, Шу ауданы бойынша «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне сәйкес жұмыстар жүргізіліп, 2996 отбасынан сауалнама алынған.
Кейінгі жылдары жаңа тыныс алған «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» айтарлықтай жаңғыртылғанын айта кету керек. Аппараттық кеңесте аталмыш мекеме басшысы Асылжан Жапсарбаев атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
-Көрсетілген қызмет сапасын арттыру және қызметтерді жедел орындау мақсатында 2025 жылы қоқыс шығаратын арнайы 2 техника, қоқыс полигондарын сүріп тазалау жұмыстарына 1 дана бульдозер, 1 трактор фронталды тиегішімен және тіркемесімен қоса, 1 дана жүк-жолаушылар тасымалдайтын Газель көлік құралдары өндіріске қажет арнайы техникалармен толықтырылды.
Аталған арнайы техникалардың көмегімен кәсіпорын абаттандыру жұмыстарын, автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және жылумен қамтамасыз ету бағытындағы қызметтерін сапалы әрі уақтылы жүзеге асырады,-дейді Асылжан Оразханұлы.
Бұдан өзге бірқатар деректер келтірген басшының баяндамасынан кейін кеңес қорытындыланды. Өз кезегінде Бақытжан Оразалыұлы бірқатар жауаптыларға тапсырмалар беріп, олар дер кезінде сапалы орындалуы керектігін қадап айтты.
Байжан Емберді.