Ақпараттық портал

Вице-министр құрылыс қарқынын үдетуді тапсырды

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі су шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен танысты. Сапар аясында суару жүйелерін жаңғырту, каналдарды қайта жаңарту және ағын су инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Жұмыс сапары барысында вице-министр Шу ауданында құрылысы жүріп жатқан суару арналарының басына барып, нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынын көзбен көрді. Сонымен қатар, жобаларды жүзеге асырып жатқан «KazKomService», «China Railway» және «Sinohydro» мердігер компанияларының өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының бүгінгі жай-күйі жөнінде пікір алмасты. Кездесуде жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуының маңыздылығы айтылып, мердігер ұйымдардың алдында тұрған міндеттер талқыланды.
Одан кейін аудан орталығындағы «ADILET» партиясының мәжіліс залында кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті. Жиынға су инфрақұрылымына жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары, тапсырыс беруші ұйымдардың өкілдері, мердігер компаниялар мен сала мамандары қатысты.
Кеңес барысында әрбір құрылыс нысаны бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы сараланып, жобаларды іске асыру кезінде туындаған өзекті мәселелер ортаға салынды. Инженерлік шешімдер, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету, жұмыс күшін тиімді ұйымдастыру және құрылыс кестесін сақтау мәселелері де жан-жақты қарастырылды.
Жандос Сәлімов құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі министрліктің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. Сондай-ақ жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жойып, құрылыс қарқынын күшейту, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет тарапынан су инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтқан вице-министр бұл жобалардың ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, су ресурстарын тиімді пайдалануға және өңірдегі егіс алқаптарын қажетті ағын сумен қамтамасыз етуге зор үлес қосатынын жеткізді.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау бағытында өзара үйлесімді жұмысты күшейту тапсырылып, барлық жобалардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.