Ақпараттық портал

Инвестициялық жобалардың аяқ алысы талқыланды

Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың қатысуымен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Арнайы экономикалық аймақтың басшылығының қатысуымен өткен кеңесте өндірістік нысандардың құрылыс қарқыны, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және инвесторларға қолдау көрсету мәселелері қаралды.
Жиын барысында экономикалық аймақ жетекшілері бүгінде іске асырылып жатқан жобалардың қазіргі жағдайына тоқталып, инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері мен қолданыстағы салықтық және кедендік жеңілдіктер туралы кеңінен ақпарат берді. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындарды уақытылы іске қосуға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелер де сөз болды.
Кеңес барысында кәсіпорындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, табиғи газ желісіне қосу, қосымша жер телімдерін бөлу және өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде пайдалануға беру бағытындағы жұмыстар жан-жақты сараланды. Әрбір жоба бойынша туындаған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылды.
Айта кету керек, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа өндірістерді іске қосуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және облыс экономикасының дамуына серпін беруге бағытталған маңызды алаңдардың бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да арнайы экономикалық аймақ пен жергілікті атқарушы органдардың өзара ынтымақтастығы жалғасып, тіркелген инвестициялық жобаларды толық іске асыру және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.